Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратДенсаулық

КОРОНАВИРУСТЫҚ ИНФЕКЦИЯДАН САҚТАНЫҢЫЗ!

Іле аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы коронавирустық жұқпасы саласындағы эпидемиялық жағдай қауіп төндіріп түрғаны туралы мәлімдейді. Коронавирустық жұқпасы жұғу жағдайлары Алматы облысының барлық өңірлерінде бар, бірақ жұқтырудың ең көп тіркелген елді мекендердің ішінде Іле ауданы да бар. 2020 жылдың  24-маусымында ауданда коронавирустық жұқпаны жұқтырғандардың  жалпы саны  170 жағдайға жетті. Оның ішінде 83 жағдай коронавирусты жұқпаның клиникалық белгілері болса, қалған 87 жағдай клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар арасында тіркелді. ҚР бас санитариялық дәрігерінің №37 Қаулысы бойынша клиникалық белгілері жоқ науқастардың саны көбейгендіктен барлық науқастар үй жағдайында қалдырылуда. Аудан бойынша тіркелген жұқпа ошақтарында толықтай эпидемияға қарсы шаралар, қорытынды дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Жақын қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Эпидемиологиялық тексеру және жүргізілген талдау барысында коронавирустық жұқпаны жұқтырған адамдардың дені жұқтырудың сақтық шаралары сақталмаған отбасылар, өндірістік  кәсіпорындарының қызметкерлері мен еңбек ұжымдарында (мемлекеттік органдар мен ұйымдарда,  кеңселерде және тағы басқа) болғаны анықталды. Сонымен қатар, қазіргі таңда ЖРВЖ, тұмау, пневмониямен сырқаттанған науқастардың саны да артуда, бүгінгі күнге 118 пневмония сырқаттанушылығы тіркелген, барлығы орталық аурухана базасында құрылған провизорлық стационарға жатқызылған. Коронавирустық инфекцияның эпидемиялық жағдайының күрделенуінің себебі аудан бойынша тұрғындардың қоғамдық орындарға жиі баруы, дүкендерге, қоғамдық көліктерде бетперде тақпауы, 2,0 м әлеуметтік арақашықтықтың сақталмауы, қоғамдық орындарға баруы, көп адам шақырылатын отбасылық іс-шаралар өткізу сияқты алдын алу шараларын сақтамау болып табылады.  Коронавирусты жұқпаның алдын алу, және одан сақтануға бірнеше қарапайым сақтық шараларын орындау қажет:

  • вирустық аурулар белгілері бар адамдармен қарым-қатынасты болдырмау (жөтел, түшкіру, мұрын шырышты қабатының қабынуы, дене қызуының көтерілуі);
  • дене қызуын күніне 2 рет мүмкіндігінше өлшеу қажет;
  • тұрғын үй жайларын тәулігіне 2 рет желдету;
  • тұрғын үй жайларын ылғалды жинау кезінде дезинфекциялау заттарды қолдану қажет;
  • жеке гигиенаны сақтау (жеке сүлгі, сабын, ұстара құралдарын пайдалану және тағы басқа);
  • қолды сабынмен жуу (әжетханаға барғаннан, қол алысқаннан, көшеден оралғаннан кейін, сондай-ақ тамақ дайындаудан бұрын);
  • қоғамдық орындарда жүргенде көз, мұрын және ауызға қол тигізбеңіз, өйткені лас қолдың жанасуы вирустың шырышты қабатқа түсуіне ықпал етеді;
  • адамдар көп жиналатын жерлерге барғаннан және көшеден қайтқаннан кейін мұрын мен ауыз қуысын (мұрын-жұтқыншақ) әлсіз сода ерітіндісімен шаю;
  • жөтелу және түшкіру кезінде ауызды бір рет қолданылатын майлықтармен немесе орамалмен жабу, содан кейін қолды сабынмен мұқият жуу немесе спирт ерітіндісімен немесе дезинфекциялық сулықтармен өңдеу қажет, содан кейін залалсыздандыру қажет;
  • қоғамдық орындарда жөтеліп немесе түшкіріп жатқан адамдарымен қарым-қатынас жасамауға тырысу, мүмкін болмаған жағдайда кемінде бір жарым екі метр қашықтықта дистанцияны сақтау;

Қазақстан Республикасында коронавирусты жұқпаның эпидемиологиялық ахуалының күрделенуі, күн сайын мыңдаған адамның жұқпаны жұқтыруы бұл сырқаттың қауіпті аурулардың қатарынан екенін сөзсіз білдіреді. Өз денсаулығымыз өзіміздің қолымызда, күнделікті жоғарда көрсетілген қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы өзімізді, отбасымызды коронавирусты жұқпадан аман сақтаймыз!!!

 

Б. Абеуова,  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқарма басшысының орынбасары.

С. Арыстан,  эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button