МәдениетМерекелерРуханият

ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

21 маусым - Халықаралық әкелер күні

ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

Ерте заманнан қазақ қоғамында әке – отбасының қорғаны, асыраушысы, асқар тауы мен айбыны болып, бұл үлгі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келді. Алайда, ХХ ғасырда Кеңес өкіметі әкелген «әйел теңдігімен» бірге қоғамдық санаға үлкен өзгеріс енді. Қашаннан қажет болғанда атқа да қонып, ел қорғаған апаларының үрдісін жалғауға әзір қазақ қыздары жаңа заман келгенде жаппай оқу оқып, білім алып, ерлермен бірге жұмыс та істеуге көшті. Санаға сыналап енген мұндай өзгеріс болмысқа әсер етті. Тек әйелдердің емес, тұтастай қоғамның бітіміне, санасына түбегейлі өзгеріс жасалды. Елдік масштабта толғанатын, балаларды қорғау, аналар мәселесі, қарттар мен әкелердің проблемалары деп әрқайсысын жеке-жеке оларды арнайы сөз ететін үлкенді-кішілі шаралар жиілеп, халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін деңгейге жетті. Тіпті, «Гендерлік саясат» деп әйел мен ердің теңдігін сөз етіп, отбасындағы ер азаматтың – әкенің беделі мен отбасындағы мәртебесіне де кері әсер етуде. Қандай да бір дерттің, ел ішіндегі мәселенің салдарымен емес, себебін білген соң қоғам болып өз сырқатын анықтап, тұтастай еміне жұмылмаса ешқандай мәселе түбегейлі шешілмейді. Бұл ретте қазақ қоғамының тұтастығы, ауызбірлігі мен ұрпағының болашағы жолында үндесе қимылдауының мәні ерекше.

Қазақ халқы «Әке көрген – оқ жонар» деп, ұл бала үшін әкенің орны ерекше екенін әу бастан біліп, әке беделін биік қойған ел. Алайда, қазіргі нарықтық заманда кей әкелер отбасын керек-жарақпен, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуші адамның рөлін атқарып, отбасын асырау қамымен жүргенде бала тәрбиесіне аса көп назар аудармай жатады. Отбасындағы әке тәрбиесінің маңыздылығы жайлы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомур:  «Бала тәрбиесіне әкелердің қатысуы баланың жалпы дамуына ғана оң әсерін тигізіп қоймай, үйдегі серіктестер арасындағы үй жұмысын теңдей бөлу арқылы отбасының нығаюына да септігін тигізеді» — деп, баса айтқан болатын. Осы орайда, «Халықаралық аналар мен қыздар күні бар, бірақ әкелер күні неге тойланбайды?» деген сауал туатыны заңды. Әкелер мерекесі жоқ емес, бар екен. Қазақ даласына енді-енді сіңіп жатқан бұл атаулы күн 1929 жылғы 19 маусымда АҚШ-та алғашқы рет өткізіліпті. Осы мерекелік шараның ұйымдастырушысы Вашингтон штаттарының бірі Спокан қаласының тұрғыны Миссис Доддтан болған. Ол осындай мерекені ұйымдастыру арқылы  анасы қайтыс болған кезде бес баланы бағып, мәпелеп, жетілдірген ардақты әкесі мен баласын жалғыз тәрбиелеп жүрген барлық әкелерді жоғары бағалайтынын білдіргісі келген екен.

«Әкелер күні» – Америка Құрама штаттары үшін ұлттық мереке. 1966 жылы АҚШ президенті Линдон Джонсон маусымның үшінші жексенбісін әкелерідің құрметіне ұлттық мереке деп жариялады. Уақыт өте келе, отбасылық құндылықтарды құрметтейтін басқа елдер де осы күні АҚШ-қа еріп, әке-шешеге құрмет көрсетті.

Халықаралық әкелер күні  — маусым айының үшінші демалысында аталып өтетін мерекелік күн – биыл 21 маусымға тура келді. «Әкелер күні» мерекесін қазіргі таңда әлемнің 80-нен астам елі кең ауқымда тойлайды.

Осынау игі бастаманы Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектебі де қолдап, атаулы күн қарсаңында отбасы институты мен отбасында тәрбие берудегі әке рөлін нығайту, рухани дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды қайта жаңғырту және сақтау, жоғары идеялық-құндылық мазмұнын қамтамасыз ету мақсатында қашықтан әкелер құрметіне арналған іс-шаралар кешені өткізілді. Әрине, елімізге келген пандемия әсерінен әкелер күні мерекесі де қашықтан, онлайн түрде өткізілді. Оқушыларымыз өздерінің әкелеріне деген құрметтері мен ізгі лебіздерін бейнероликтер арқылы білдірді. Сондай-ақ, әке отбасының тірегі екенін, әкесі – мақтанышы екенін айтып, «Менің әкем – менің мақтанышым» тақырыбында отбасылық суреттері мен бейнебаяндар челленджі мен «Әкемен  бірге» атты суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Шәкірттеріміз жазғы демалыс кезі болса да мерекелік шараға белсене атсалысып, әкелер күнін онлайн үлгіде атап өтуге үлестерін қосып жатыр.

«Әкелі бала – жаужүрек» деп Бұқар жырау айтқандай, әкелеріміз қорғанымыз, аналарымыз ардағымыз болсын. Сөз соңында айтарым, әкелер күні құтты болсын. Асқар таудай әкелеріміз де, бұлақтай нәрлі аналарымыз да, жайқалған жасыл құрақ ұл-қыздарымыз да аман болсын!

Арайлым ЖОЛДЫБАЕВА,

№7 орта мектеп директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button