«4 апталық локдаун»: жаңа Денсаулық сақтау министрі коронавируспен күрестің 3 сценариін айтты
Алексей Цой Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға қатысты жоспарымен бөлісті
Кеше Ақордада өткен жиында министр Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуалдың үш түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін екенін мәлімдеді. Олардың екеуінде ұлттық локдаун (төтенше жағдайға байланысты белгілі бір аймаққа кіру немесе шығуға шектеу қою) енгізу қарастырылған.
Бірінші сценарий. Карантин енгзілімейді. Тамыз айының соңына қарай күн сайын орта есеппен, 27 мың адам COVID-19 вирусын жұқтырады және ауруханаға жатуға мұқтаж болады. Ауруханаларда 300 мың төсек-орынға дейін қажеттілік туындайды.
Екінші сценарий. 2 апталық локдаун енгізу. Бұл жағдайда күнделікті ауру жұқтыратындар саны орта есеппен, 7 мың адамды құрайды және оларды ауруханаға жатқызу мәселесі туындайды. Тамыз айының соңына дейін ауруханаларда 80 мың төсек-орынға қажеттілік болады.
Үшінші сценарий. 4 апталық локдаун енгізу. Тамыз айының соңына қарай тәуліктік жұқтыру көрсеткіші 2500 адамды құрайды. Аурухана төсек-орнына қажеттілік 30 мыңға жетеді.
«Осы үшінші болжамды ең тиімді деп есептеймін. Біз халық арасында вирустың таралуына шектеу қойып, инфрақұрылымды дайындап үлгереміз», — деді министр.