Ауылда 200 жаңа жұмысшы орны ашылмақ
Қазіргі уақытта құс етіне деген сұраныс барынша көбейе түсуде. Өйткені, құс еті жұмсақ, әрі дәмді. Одан өндірілетін жұмыртқа да пайдалы тағамның бірі саналады. Елімізде ақуызға бай құс етінің өнімдерін өндіру мен осы шаруашылықтың қарқынды дамуы да уақыт талабынан туындап отырғандығын байқаймыз. Біздің ауданда да құс шаурашылығы экономикалық көрсеткіштердің артуына елеулі үлес қосатын болғандықтан, аудан әкімі Бағдат Қарасаев жаңадан іске қосылатын құс етін өндіретін кәсіпорынның қазіргі уақыттағы жұмысымен танысып қайтты. Соның бірі – «Алатау –құс» акционерлік қоғамы.
Жетіген ауылдық округіне қарасты Арна ауылы маңында орналасқан «Алатау-құс» акционерлік қоғамының құрылыс жобасын жүзеге асыру 2019-2020 жылдарға белгіленген. Мұнда 200 адамға жұмысшы орны ашылады деп күтілуде. Аталған фабрика жылына 150 мың бас тауық өсірмекші. Сондай-ақ 620 орынға арналған бройлерлі бригада, 1 миллион жұмыртқаға арналған инкубатория болады.