Басты ақпаратМәдениетМерекелер

ДАНА ТУҒАН ДАРА ТҰЛҒА

Қазақстан Республика сының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев – қазақтың бағына біткен қасиетті жан. Қатардағы қарапайым болат қорытушыдан еңбек жолын бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы бойына біткен адалдығы, еңбекқорлығы, қайсарлығы мен жігерлігі арқасында талай қызметтік баспалдақтарды артқа тастап, тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президентіне дейін көтеріліп, білім-біліктілігімен, қайраткерлігімен бүкіл әлемді мойындатып отыр. Алдымен туған халқын, дүниежүзі жұртшылығын тыныштық пен ынтымақты сақтауға, оларды бейбітшілік пен ізгілік жолына жұмылдыруда өзінің ақыл-ойын, ұйымдастырушылық қабілетін барынша жұмсап келеді. Сондықтан да оның есімі кімнің болса да жүрегіне жақын әрі ыстық.

1998 жылы Қазақстан Республикасы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Нұрсұлтан Әбішұлы өз халқын тек игі істерге, болашақта болатын жақсылыққа жетелей білді. Қазақстан егемендігін алып, өз алдына отау тіккен кезде Н.Назарбаев халыққа үйіп-төгіп уәде бермей, алдағы уақытта қиын болатындығын, сүрлеулі-соқпақты жолдардан жүріп өтетіндігімізді, соған шыдағанда ғана табысқа жететіндігімізді жасырмай айтты. Сондықтан да халықты алға жетелейтін, бейбітшілік пен тұрақтылыққа бастайтын Жолдаулар жариялай бастады. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мемлекетіміздің тұтас рухы мен дәстүріне айналды. Әрбір Жолдау Қазақстанның кемелділігі мен азаматтарының игілігі үшін қызмет етуде.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер қойып, көптеген мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Мәселен «Мәңгілік Ел» идеясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын алатын болсақ барлығы да еліміздің кезең-кезеңімен дамуына өз ықпалын тигізуде.

Қай кезде болмасын ел мүддесін басты мұрат еткен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайтпас қажырлы еңбегінің, болашақты болжай білетін көрегенділігі мен данышпандығының арқасында Қазақстан Республикасы алға қарыштап қадам басты. Әлі де болса еліміз қазақтың бағына біткен қайталанбас тұлға, әлемнің мақтанышы Нұрсұлтан Назарбаевтың салған сара жолымен алға басуда. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Роза МАРАТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button