Басты ақпаратТұлға

ЕСІМІ АЛТЫН ӘРІППЕН ЖАЗЫЛҒАН

Егемендік алғаннан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ғылым саласының өркендеуін басты назарда ұстады. Сондай-ақ, «Қазақстан — 2030» стратегиялық жоспары арқылы дамыған отыз елдің қатарына енуді, бәсекеге қабілетті қоғам орнатуды көздеді. Елбасының әр кезеңдегі Жолдаулары қазақ қоғамының бетбұрысын айқындап, келешекке құрылған үлкен бағдар бола білді. Саяси тұрғыдан көпұлтты мемлекетті бір тудың астына жинап, татулықты нығайтып, қоғамның берік қамалын орнатты. Қазақ елі өркендеуін кезең-кезеңімен нақтылаған Елбасының ерен еңбегінің жемісі – Қазақстан әлем таныған елге, тарихтан ойып тұрып орын алған мемлекетке айналды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы АҚШ конгрессмені Крис Кэннон: «Мен жас Қазақстанның дамуын үлкен ықылас қоя қадағалап жүрмін. 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағынан Тәуелсіздік алған сәттен бастап, бұл ел таңғаларлық саяси және экономикалық жаңғыртуларды басынан кешірді. Қазақстан қарыштап алға басып келеді, әрі дұрыс бағытта келе жатыр.
Қазақстанның іргелі ел болып қалыптасуына оның басшысы Н. Назарбаевтың сіңірген еңбегі үлк ен. Президент Н. Назарбаевтың саяси көрегендігін жоғары бағалаймын, ол айтылып жатқан сындарға қарамастан, елін қуатты экономикалық мемлекеттердің қатарына қосып, бұрынғыдан да ауқымды саяси реформалар жасауға кірісті», — деген пікір қалдырған. Бұл жазбада Нұрсұлтан Әбішұлының ел дамуында атқарған еңбегі мен ел басқаруда жүріп өткен жолы нақтылы айтылған.

Қазақ халқының тарихында есімі алтын әріппен жазылған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев биыл 80 жасқа толып отыр. Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан бір туар ел ағасының өмір жолы өнеге, еңбегі өлшеусіз, төккен тердің өтеуі бүгінгі біз өмір сүріп отырған байтақ елдің мұратына айналды.

«Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жағырттық. Осылайша, төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «Мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық. Тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айырылған халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Дегенмен, соның бәрі халқымыздың рухын жасыта алған жоқ, азаттыққа деген аңсарын жеңе алмады», — деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау ойтолғамында түйіндеген кешегі аңсап өткен еркіндіктің туын тіктеп, бүгінде замана көшіне ілескен кемел мемлекеттің іргесін қалап, «Мәңгілік ел» мұратына жеткізді. Елім деген ұланы бар қазақ елінің жұлдызы жарық, мәңгілікке мұраты берік, кемел ойлы жастары бар елдің болашағы айқын.

Лаура МҰХАМЕТҚАЛИ

Басқа жаңалықтар

Back to top button