МерекелерТұлға

ХАЛЫҚТЫҢ БАҒЫНА БІТКЕН

Қазақ халқы – сан ғасырлық тарихы бар, бабадан қалған ұлан-ғайыр жері бар, тәуелсіздікті бойтұмар еткен ел. Тарихын ұмытпаған елдің өткені өнеге, болашағы бекем болмақ. Ұлы дала төсінде әлем мойындаған елдің іргесі бекіді.Қазақ елінің бүгінде арайлы таңы тәуелсізікпен ұштасып, жақсылықпен кемелденуде. Бабалар салған сара жолдың, «білектің күшімен, найзаның ұшымен» келген бақыттың дәмі бұл. «Бірлігі жарасқан ел – тозбайды» — дегендей, бейбіт күннің аясында, тәуелсіздіктің туының астында жұдырықтай жұмылған еліміздің бүгінгі жетістігі – көреген көшбасшысының кемелділігінде.

Сұрапыл соғысты, ашаршылықты, түрлі зобалаңды көрген еліміз Елбасымыз Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында кемел болашаққа қол созып, өркендеуде. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім деген ұл қайдан болсын» деп бабаларымыз айтқандай, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның қалыптасуы жолында өзіндік қолтаңбасы бар. Ата-бабадан келе жатқан бірліктің туын бекем ұстап, ұлттық құндылығымызды жоғалтпай, ел іргесін бекемдеп, бүгінгідей бейбіт те шуақты мемлекеттің керегесін кемелдеу ел перзентіне лайықты іс болғаны айқын. Ол тек қана елдікті сақтауда ғана емес, енді ғана аяққа тұрып жатқан жас мемлекеттің экономикасын өрістетуде, әлеуетін арттыруда, алпауыт елдермен иық тірестірерлік деңгейге жетуіне аянбай еңбек етіп, тер төкті. Елбасымыз сын сағатта сүрінбей, ел ертеңі мен бейбітшілігі үшін өлшеусіз үлес қосып, елін сүйгендіктен Қазақстанның дамуына зор ықпал етті. Кеше ғана тәуелсіздігін алған елдің ертеңін ертегіге айналдырып, алып державалар қатарына қоса білді. Елбасы әр жылғы Жолдауларында халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуды ойлап, жастардың болашағына алаңдап, басты назарда ұстап, жағдай жасады. Ел ертеңі жастардың қолында екенін атап көрсеткен Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизімдеріңізге байланысты. Қазіргі жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін», — деді «Жастар жылында» сөйлеген сөзінде. Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың Жарлығымен 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаудың өзі жастарды қолдаудың үлкен белесі. «Жастар жылында» жастарға барынша қолдау көрсетіліп, мол мүмкіндіктерге жол ашылды. Еліміздің ертеңіне балаған Тұңғыш Президенттің жастарды, ең алдымен, сапалы білім көкжиегімен сусындатып, жасампаздық жолында жұмсалған уақыт пен төккен тердің өтеуі боларына кәміл сенді. Иә, жастарда жігер мен жалын бар деп күш-қайратын бағамдаған ұлттың болмысына айналған қазақ жастарының болашағы нұрлы.

Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. 30 жылға жуық ел басқарған Елбасы қазақ халқының бүгіндей кемелдене түсуіне зор ықпал етті. Кеңес Одағынан ақсап қалған ел экономикасы мен межелеп қалған әлеуетін көтеріп, шекарасын бекемдеп, бәсекеге қабілетті әрі қуатты мемлекетке айналдырды. Президенттің бастамасымен елімізде тәуелсіздік тұсында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық бастамалары, сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ елі дамудың даңғыл жолына бет бұрды. Қазақстан бүгінде татулық пен қоғамдық келісімнің біртұтас бейнесіне айналды.

Лаура МҰХАМЕТҚАЛИ

Басқа жаңалықтар

Back to top button