Алматы облысының жаңалықтарыДенсаулық

БӘРІ ӨЗІМІЗДЕН БАСТАЛАДЫ

Жаһанды жайлаған қатерлі індетпен ауырғандар алғаш рет Қазақстанда наурыз айының екінші онкүндігінде тіркелді. Мемлекет арқаны кеңге салмай, 2 айға төтенше жағдай жариялап, үлкен екі магаполюс – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына кіріп-шығуға қатаң шектеу қойды. Сонымен қатар, барлық жерде ойын-сауық, сауда орталықтары жабылып, білім саласы толықтай қашықтықтан оқытуға көшірілді. Көптеген мекеме қызметкерлері де үйлерінде отырып жұмыс істей бастады. Уақытша жұмыссыз қалғандарға 42500 теңгеден төленіп, көмекке зәру жандардың барлығына республика бойынша тиісті жәрдем көрсетіліп, қажетті мөлшерде азық-түлік жеткізіліп тұрды. Күндіз-түні бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «Үйде болыңыз», «Үйде болу арқылы өзіңізге және басқаларға көмектесе аласыз», – деген сияқты ескертпелер толассыз беріліп жатты. Ал, біз соның бәрін біле тұра не істедік? Сақтық шараларын жасадық па? Көшеде бетперде киіп жүрдік пе? Барлық жағдайыңды сақадай сай етіп жасап отырған мемлекетімізге қолдау көрсеттік пе? Жоқ. Қайта керісінше, той тойлауды, туған күнге баруды тоқтатқан жоқпыз. 5-10-нан артық адам жиналмасын деген ескертуге қарамастан, топтанып көңіл көтеруді қоймадық. Өзімізді де, басқаларды да коронавирус жоқ деп сендірдік. Төтенше жағдайдың мерзімі аяқталған соң, тіптен есіріп кеттік. Қонаққа барудан, қонақ шақырудан өшіміз кеткендей жанталастық. Барыс-келісті, алыс-берісті тіптен бұрынғыдан жандандырып жібердік. Оның нәтижесі не болды? Қазір міне, өкпе демікпесімен жалпасынан түсіп жатыр. Жас баладан бастап еңкейген қарттарға дейін қы- зуы көтеріліп, дәрігердің көмегіне жүгінуде. Мұның соңы дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне, аураханаларда бос орынның жоқтығына әкеліп соғуда. Дәрігерлердің де жұмысы оңай емес екендігін түсінгіміз келмейді. Ауырып әрең жүрсе де халық үкіметті кінәналауды қоймайды. Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Меніңше әрбір адам дәл қазір осы тәмсілді түйсігіне түйіп алғаны жөн. Сәл ауыра бастадың ба, сақтық шараларын мейлінше қатайт. Үйіңнен шықпай, өзіңді-өзің оқшаула. Дәрі-дәрмек таба алмасаң, халық медицинасына жүгін. Қазір жаз айы, түрлі емдік шөптердің тұнбасын іш. Қазақтың қарапайым құйрық майын пайдалан. Өз имуниеттіңді өзің көтеруге тырыс. Өйткені, денсаулық алдымен сенің өзіңе керек. Өйткені, көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын тәжтажалдың алдында бәріміз дәрменсізбіз. Оны жеңу үшін әркім өз денсаулығын өзі сақтағаны жөн.

Р.АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button