Басты ақпаратДенсаулық

КОРОНАВИРУС: САҚТАНСАҢ, САҚТАЙДЫ

СОҢҒЫ МӘЛІМЕТТЕР

Бүкіл әлемде COVID-19 індетін жұқтырғандардың саны 12 млн жуықтады. Кеселден көз жұмғандар саны 547 мыңнан асты. Соңғы бір тәулікте 4147 адам көз жұмған. 6,5 млн науқас сауығып шықты. Көш басында АҚШ тұр. Кесел жұқтырғандар мен қаза тапқандардың төрттен бірі осы елде тіркелген. (Жалпы 3 млн адам кесел жұқтырып, 134 мыңнан аса адам қаза тапқан.) Бұдан кейінгі орындарда Бразилия, Ресей, Үндістан елдері тұр.

АҚШ індет таралуының өршуіне байланысты, бірқатар штат губернаторлары Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік отшашулардан бас тартты. Майами округінде түнгі комендантты сағат енгізілді. Казино және басқа да ойын-сауық орындарының ашылуы шегерілді. Калифорния штатында кәсіпорындарды қайта іске қосу жоспары қайта қаралып, кейінге шегерілді. Арканзас, Техас штаттарында бетперде тағу міндеттелді. Дегенмен, індеттің өршуі белең алғанмен, көпшілік карантин шарттарына бағынар емес.

Сондай-ақ, АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатын болды. Бұл жайлы АҚШ президенті Д.Трамп БҰҰ және Конгреске шағым жіберді. Тәртіп бойынша, ұйымнан шығу ресми шағымданғаннан кейін бір жыл өткен соң, яғни 2021 жылы шілдеде жүзеге асады. Эксперттердің айтуынша, ДДСҰ-нан шығу АҚШ-тың пандемиямен күресін ауырлатпақ. Себебі, ұйымнан шыққан жағдайда, маңызды ғылыми жаңалықтар АҚШ-на қолжетімсіз болады және коронавирусқа қарсы вакцина жасауды ДДСҰ өз қолына алса, АҚШ-на ең соңынан берілетін болады.

АҚШ президенті Д.Трамп Қытай ДДСҰ-ның ескертуімен коронавирустың зардабын ұзақ уақыт бойы жасырып келді деп есептейді.

Бразилия президенті Жаир Болсонару коронавирусты анықтауға тапсырған сынаманың оң нәтиже бергенін өзінің твиттердегі парақшасында хабарлады. Болсонару осыған дейін аймақ басшыларының пандемияға қарсы енгізген карантин шараларын сынға алған болатын. Оның ойынша, бұл карантиндік шаралардың ел экономикасына тигізетін зардабы жойқын болмақ.

Бразилия билігі пандемияға байланысты шетел азаматтарының елге кіруіне шектеулер
қойды. Айта кетсек, Бразилия кесел жұқтырғандар саны бойынша әлемде 2 орында тұр. Жалпы 1,7 млн адам кесел жұқтырып, оның 68 мыңы қайтыс болған.

5 млн тұрғыны бар Австралияның Мельбурн қаласының 30 ауданында тұратын 300 мың адам карантинге жабылды. Қалада вирус жұқтырғандардың саны 2942 жеткен. Үйден жұмысқа, дүкенге және спортпен шұғылдану үшін шығуға рұқсат берілген. Жалпы елде вирус жұқтырғандар саны 8886, 106 адам қайтыс болған.

Еуроодақ 2 шілдеден бастап әлемнің бірқатар еліне шекарасын ашты; Пандемия кезінде үш ай бойы жабық болған Египеттегі Гиза пирамидалары көпшілікке өз есігін ашты.

Сербия президенті Александр Вучич вирус жұқтырғандардың өсуіне байланысты Белград қаласында коменданттық сағат жариялады. Елде 17076 адам індет жұқтырып, 341 қаза болды.

Қырғызстан билігі коронавирус індетін жұқтырғандарға арнап мыңнан аса қосымша орын ашпақ. 750 орын оқу орындарының жатаханаларында, 400 Бішкек қаласындағы “Манас” әуежайында орналасады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек бұл елде вирус жұқырғандар саны 8847, оның 116 қайтыс болды.

Өзбекстанда 1 шілдеден елдегі жағдайға байланысты карантиндік шектеулер күшейтілді. Үкімет жанындағы жедел штабтың хабарлауынша, демалыс күндері ірі сауда орындары жабық болады. Санитарлық жұмыстар жүргізіледі. Елде вирус жұқтырғандар саны 11092, көз жұмғандар 45 жетті.

Біздің елде, соңғы статистика бойынша, 51059 адамның вирус жұқтырғаны анықталды. Соңғы 1 аптада (30.06-06.07) 76 адам көз жұмған. Сонымен, індеттен қайтыс болғандардың жалпы саны 264 жетті. Жазылғандар саны 16928.

Індет жұқтырғандардың саны бойынша Атырау облысы (6814), Алматы (6678), Нұр-Сұлтан қалалары (6177) көш бастап тұр. Алматы облысында кесел жұқтырғандар саны 2831 жетті, 4 адам көз жұмды.

Аурудың тез өршуіне байланысты елде 2 апталық карантин жарияланды (карантин уақыты еліміздегі эпидахуалға байланысты ұзаруы немесе күшейтілуі мүмкін).

Қайта ашылған халықаралық әуе қатынасы сақталады; өңірлер арасындағы жолаушылар автобусы қатынасы уақытша тоқтайды, әуе, темір жол қатынасы сақталады; қоғамдық көліктің жұмысы уақыт бойынша шектеледі.

Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады. Ашық ауада жаттығулар жасауға рұқсат етіледі; тұрғындардың көшелерде, саябақтарда, скверлерде 3 адамнан артық серуендеуіне болмайды; 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуы шектеледі.

Сұлулық салондары, спорт залдары, бассейндер, жағажайлар, аквапарктер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, мәдениет нысандары, музейлер, көрмелер, форумдар, конференциялар және өзге де ұйымдастырылған бұқаралық іс-шаралар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері (кезекші топтардан басқа), діни нысандар және ойын-сауық орталықтары, караоке, бильярд, компьютер клубтары, боулинг орталықтары, кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары жұмысын тоқтатады.

Мемлекеттік ұйымдардың, кеңселердің, ұлттық компаниялардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді; дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің, ашық базарлардың қызметі сақталады;

Күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мынадай нысандардың қызметін сақталады: ашық ауада қоғамдық тамақтану нысандары; үздіксіз өндірістік айналымы бар құрылыс, өнеркәсіп кәсіпорындары; ашық ауадағы құрылыс жұмыстары; ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және мал шаруашылығы жұмыстары; халыққа қызмет көрсету салалары, оның ішінде авто жуу, автомобильдерді және тұрмыстық техниканы жөндеу, ХҚКО-лар, екінші деңгейлі банктер (уақыт бойынша шектеле отырып).

Еліміздегі эпидахуалдың нашарлауына байланысты еліміздің барлық өңірлерінде провизорлық стационарлар ашу жұмыстары жүргізілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button