Карантин кезінде 42 500 теңгені кімдер алатыны белгілі болды
Үкімет басшысы Асқар Мамин карантин кезінде төлем кімдерге берілетінін айтты
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин карантин кезінде 42 500 теңге көлеміндегі төлемнің кімдерге берілетінін айтты. Премьер-министр хабарлағандай, төлем жұмысы тоқтаған жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтініші бойынша беріледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен, шектеу шаралары кезінде табысынан айырылғандар бойынша әлеуметтік төлем жәрдемақысы – ең төменгі жалақы көлеміндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу туралы шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі. Еңбек министрлігіне төтенше жағдай кезіндегідей, азаматтардың жекелеген санаттарына азық-түлік өнімдеріне ақшалай көмек беруін жалғастырсын. Бұл – 1 миллионнан астам адам», — деді Премьер министр.
Естеріңізге сала кетейік, 13 шілде күні кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде карантин тағы екі аптаға созылатынын айта келіп, сол уақытта тағы да 42 500 теңге төлем жасауды тапсырған болатын.