АЛМАС ҚАМАЛЫМЫЗ БОЛМАС
Күн санап өршіп, өршелене түскен індет қоғамның санасына түрпідей тиіп, әлемді аяқтан тік тұрғызды. Елімізді қиын жағдайға қалдырған бұл вирустың күн санап өсіп, тіпті, естіп-біліп жатқанымыздай қайғылы жағдай туындап отырғаны да белгілі. Дегенмен де, осынау қиыншылық кезде адам жанына араша болар дәрігерлердің ерен еңбегі ұшан-теңіз. Әрине, күн-түн демей, үйін көрмей күрес жолында жүрген ақ халаттылардың бүгінгі күнде өлшеусіз еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Еңбекті жанына жалау етіп, қоғамның ертеңіне алаңдап, тер төгіп отырған Іле ауданының орталық ауруханасының дәрігерлерін айтсақ болар. Ауруханада провизор бөлімінің меңгерушісі Ыбырайхан Алмас Еркінұлымен індеттің аудан көлемінде таралуы және онымен күрес жолындағы дәрігерлердің ерлік істері жөнінде аз-кем әңгіме құрған едік.
– Індеттің күн санап өрши түсуі, вирус жұқтырған адамның саны артуы, ел ертеңін, қазіргі таңдағы қиын жағдайды дәрігер ретінде қалай бағамдар едіңіз?
– Әрине, жанын шүберекке түйген дәрігерлер ел үшін еңбек етіп, қалайда бұл індеттің жойылуына барын салып, науқастарды емдеу жолында толассыз еңбек етуде. Өздеріңіз білетіндей, өсіп, көбейіп жатқан вирус еш мүмкіндік тудырар емес. Ауырған адамдардың саны өспесе, азаймай отырғаны белгілі. Алаңсыздық танытып, талаптарды нақты орындамай жатқанымыз да вирустың өршуіне өз әсерін тигізеді. Карантин жарияланса да ел дала кезіп жүр. Бұл болмайды. Өз денсаулығымызды күтіп, талапқа бағынып, дерттің өкшелемеуін назарда ұстап, сақтық шараларын орындауымыз қажет. Дәрігер ретінде айтарым, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығын сақтау – әрқайсысымыздың міндетіміз. Ол үшін қоғамдық орындарға бармай, тіпті адам көп шоғырланатын жерден аулақ болып, медициналық бетперде тағып, талапқа бағынуымыз қажет. Бұл – елімізге төнген уақытша қиыншылық. Сәл шыдамдылыққа танытар болсақ, барынша имунитетімізді күшейтіп, тазалыққа, ішіп отырған асымызға ықтиятты болып сақтана білсек – бұл індеттен де құтылармыз. Қоғам болып бірге күресе білсек алмас қамалымыз болмас.
– Әлемді жайлаған «Соvid-19» індетінен аудандық ауруханада ем алып жатқан, жазылып шыққан науқастар жайлы не айтасыз?
— Аудан көлемінде вирусты жұқтырып ауырған науқастардың саны көп. Көп адамдар үй жағдайында емделемін деп, асқынған жағдайда ауруханаға келіп, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Осы жағынан дәрігерлерге көп салмақ артылуда. Себебі, дер кезінде дәрігерге қаралып, ем қабылданған болса уақытысында жазылуға себепкер болар еді. Өкінішке орай, әбден әлсіреп, болмаса қиын жағдайда дәрігерге қаралғандардың саны тым көп. Сол тұрғыда емдеу процесі де ұзаққа созылып, қиындыққа ұшырап жататын кездер де аз емес. Төрт ай көлемінде емделіп, отбасына оралған науқастар саны 460-тан асып жығылады. Жоғарыда айтқанымдай, дәрігерлердің тапшылығы, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі науқастардың көптігінен байқалып жатыр. Дегенмен де өз істерін қалтқысыз атқарып отырған дәрігерлеріміздің еңбегінің жемісі де жоқ емес. Аяққа тұрған науқастардың саны арта түссе екен дейміз.
– Ел үшін үй көрмей еңбек етіп жатқан ақ желеңділер жайлы айтып өтсеңіз?
– Айлап үй көрмей пандемиямен күрескен дәрігерлер аз емес. Тіпті, дәрігерлердің де вирус жұқтырып ауырғандары бар. Емделіп, қайта аяққа тұрып індетпен күрес жолында қайта бетпе-бет келуге тура келуде. Осылай өз өмірлерін қатерге тігіп жанкешті іске мойынсұнып жатқан дәрігерлерімізді атап өтер болсақ, дәрігер-реаниматолог – Бағлан Мұратұлы Жапсарбаев, терапевт-кардиолог – Қайрат Рабайұлы Қоңырбаев, дәрігер-терапевт – Меруерт Талғатқызы Байғұтанова, дәрігер-терапевт – Абзал Манатбекұлы Әмірханов, Сайлауова Бота Әсетқызы, Алтынай Керімқұлова, Абай Тағабай, Халықов Ерлан Русланұлы сынды жалпы тәжірибелі
дәрігерлерді атап өтуіме болады. Десе де, осынша төзім мен тойтарыссыз еңбекті қажет етіп, күні-түні дамылсыз тізе бүкпестен жұмысын атқарып жатқан еліміздегі барша дәрігерлердің ісіне айтар алғысымыз шексіз.
– Қазіргі таңда қажетті кей дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен еліміз қиын жағдайға тап болды. Ауданда бұл жағдайдың қал-ахуалы қалай? Тарқатып өтсеңіз.
– Дәрі-дәрмек тапшылығының бары ақиқат. Бірақ, ауруханада қажетті дәрі уақытылы қамтамасыз етіліп отырылады. Соған қарамастан дәріханаларда көптеген дәрінің тапшылығы байқалады. Бұл жайт еліміз бойынша белең алған мәселе. Қоғамда жүріп жатқан дерттің көбеюі дәрінің тапшылығына әкеп соғуда. Індетті түп тамырымен жоямыз десек – қоғам боп күресіп, әркім өзін сақтап, оқшаулай білуі тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!
Лаура МҰХАМЕТҚАЛИ