Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБоралдай кенті

АУЫЛЫМДЫ СҰРАСАҢ, ЖАЙНАҚ ДЕГЕН

«Үй алма, көрші ал», – дейтін қазақтың осы бір мақалы менің бүгінгі ойыммен дөп келгендей. Себебі, мен алғаш үйді емес, көршімнің жақсы болуын ойлаған едім. Шүкір, бүгінде сол тілегім қабыл болып көкейімдегі ойымның орындалғанына шүбәсізбін.

Біз тұратын елдімекен Боралдай кентіне қарасты «Жайнақ» деген ықшам ауданы. Ауыл тұрғындары өте ұйымшыл. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созып, жиі-жиі қайырымдылық шараларын өткізіп, ауызбіршілік танытып отырады. Өткенде бір келіншек (мен қатарлы болу керек) жолда көлігі бұзылып қалыпты. Ауыл азаматтарынан көмек сұрап жазған екен. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы арнайы ауыл тұрғындары үшін ашылған чатта көрсетіп, өзіне жәрдем жасауды өтінді. Қолымнан келер қайран жоқ, уайымдап отырғам. Біршама уақыттан соң әлгі келіншек тағы жазды. Ауылдың азаматтары барып көлігін жөндеп беріпті. Алғысын білдіріп жатты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі, сыйластығының арқасында біріне бірі қарайласып, жоғын түгендеп, ауырып қалған жандарға қол ұшын созып жатқаны. Осыншалықты мейірім мен адамдықты бойға жиған жандарға іштей «Алла разы болсын» деп, ішің жылып қалатыны да бар.

Бүгін Тұрсынхан деген апамыз ауылға 90 қап картоп әкеліп, тегін таратты. Ауылымның тұрғындары бүгінгі мынау төтенше жағдай қиын-қыстау кезеңде бір-біріне деген ықыластарының беріктігіне дән риза болып, жанашыр жандардың барына шүкіршілік еттік.

Адамдықты бойға жиып, бүгіннен сабақ алып, жақсы істермен өнеге көрсетіп, ұрпағына осындай ізгі амал ниеттерімен үлгі болып отырған ауылымының аға-әпкелеріне алғыс білдіргім келеді.

Гаухар ЖАНӘДІЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button