Басты ақпаратРуханиятТұлға

АБАЙ МҰРАСЫ — ӘЛЕМГЕ ОРТАҚ

Бүкіл ғұмырын білім мен ғылымға, салиқалы ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ибраһим Құнанбайұлы — ағартушы, философ, композитор, аудармашы, қазақтың жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы. Анасы Ұлжан еркелетіп «Абай» деп атаған. Содан күллі әлемге қазақты танытқан Абай есімі тарихқа енді. Жастайынан баласының білімге, ғылымға әуестігін, зеректігін байқаған Құнанбай. Абайды 13 жасынан ел билеу ісіне араластырған. 21 жасында болыс болып сайланған.

Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Дегенмен, 1886 жылға дейін өлеңдері жақын досы әрі шәкірті – Көкбай Жанатайұлының атымен жарық көріп тұрған. Көзі тірісінде баспа көрген шығармалары аз. Алғаш рет ақын шығармалары 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында басылып шықты. Бұл жинаққа ақынның жүз қырыққа жуық өлеңі, “Ескендір” мен “Масғұт” поэмалары енді. Тұңғыш жинақты Абайдың баласы Тұрағұл мен шәкірті Кәкітай Ысқақұлы дайындап шығарған.

Абайдың қара сөздері ақынның философиясын, сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, дінге көзқарасын білдіріп, қазақ әдебиетіне үлкен серпін беріп, жаңалық алып келді. Ақынның ғақлиясы тереңдігімен, логикалық мәнімен ерекшеленеді. Алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында бірнеше қара сөзі жарық көрді. Осыдан соң, әлемнің көптеген тіліне аударылды.

Сонымен қатар, Абай қазақ халқын А. С. Пушкин, М.Лермонтов, И. А. Крылов сынды тағы басқа шетел ақындарымен таныстырған. Аудармалары аса үлкен шеберлікпен жазылған. Мысалы, А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасын тікелей аудармай, сол кездегі қазақ менталитетіне сай тәржімалаған.

Абай шығармалары әлемнің 30-дан аса тіліне аударылды. Осылайша, Абай мұрасы қазақ халқына ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ асыл сөзге айналды.

Ұлы ақынның туғанына биыл 175 жыл. Басқа ғасырда, өзге қоғамда өмір сүргенімен, оның шығармалары өзектілігін әлі жоймай келеді.

С. ДАУРЕНБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button