АРҚАЛЫ ЖЫРЫМЕН АРНАУ АЙТТЫ
Карантин режимі екі өкпеден езгілеп, қанша қыспаққа алғанымен, әр қазақ баласы мәдениеттің қоғамнан бір саты жоғары тұратынын әсте естен шығармауы керек. Әр уақытта өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, алға қарыштағаны ел өркениетін дамыту үшін маңызды болмақ. Өзінің рухани құндылығын жоғалтқан адам қоршаған ортадағы абыр-сабырда ішкі ойларының жұқарғанын білмей де, сезбей де қалады. Елдің жанын түсіну үшін оның ішкі жаңғырығына көңіл бөлген абзал. Халық үніне құлақ асқан жөн. Арғы жақты қозғамағанның өзінде, жаныңдағы жақсы адаммен сырласудың өзі ғанибет екенін ұққаныңда, ойыңды онымен салыстыра отырып, бір байламға тоқтайсың.
Біздің арамызда да қиын заманда істің қиюын тапқан, ұлт үшін ашық алаңда, қақаған желтоқсанның желі мен қатқақ мұзына қарамай бейбіт шеруге шығып, ел намысын биікке көтерген азаматтар бар. Соның бірі – Өтеген батыр ауылының патриот азаматы, Желтоқсан көтерілісінің ардагері, қазақтың маңдайына біткен қайсар қызы, ақын Қашқынбекова Бағдат Қалиқызы.
Бағдат Қалиқызын баршаға үлгі етуге болады. Ол еңсесі түскен елді жалынды жырымен рухтандырып, қанаттандыруда. Ақын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудандық кітапханамыздың инстаграм парақшасында тікелей эфирде «Жыр көшіндегі асқақ жырлар» атты онлайн кездесулер өткізді. Б.Қашқынбекова оқырман қауымды Отанымызға деген сүйіспеншілігін арттыруға, өздеріне мақтаныш сезімін ұялата отырып, ұрпақты салт-дәстүрімізге тәрбиелеуді тоқтатпауға, Іле өңірінің ақындары мен әйгілі тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға шақырды.
Эфир барысында Бағдат Қашқынбекова ақындық өнер, ақындық шабыт туралы айтып, әлеуметтік желдегі оқырман сұрақтарына жауап беріп, асқақ рухты жырларын оқыды. Айта кетейік, ол кісі жақында ғана жоғарыдағы ел билеген азаматтарға өз ой-пікірін «Билікке үндеу» атты өлеңі арқылы білдіріп, кейбір басшыларды сынға алды. Арқалы ақынның өлеңі оқырмандар арасында талқыға түскен болатын.
Б. ЧОЙБАСОВ