Алматы облысының жаңалықтарыМәдениетМерекелерРуханият

Өлең-жырдың сөнбес жұлдызы

Абай – қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресіп өткен ұлы ақыны, халқымыздың бір ғасырдағы ой-өресінің өрісі мен биігін көрсететін дара тұлғасы, алысты болжай білген терең ойдың, рухани сарынның ақыны. Ақын қазақ әдебиетін дамытып қана қоймай, сонымен қатар мәдениеті мен рухани кемелдігіне жол сілтеп, «Толық адам» ұғымын қалыптастыра білді. Абай өз заманынан анағұрлым биік тұрған ақын еді. Ол өз дәуірінің, өзі өмір сүрген ортаның қайғы-мұңын көтергенде, соны тарихи даму жолындағы барша адам баласының тақырыбына айналдыра білді.

Биыл ұлы ақынның туғанына 175 жыл толып отыр. Саналы ғұмырын қазақ халқының игілігіне арнаған Абайдың даралығы мен даналығы жайлы ХХ ғасырдың басынан бері қаншама  ғылыми-танымдық мақалалар мен арнау өлеңдер жазылып келеді. Алайда, Абайдың ұлылығы сонда – біз Абайды таныған сайын оның жұмбағын толық шеше алмай келе жатқанымызды түсінеміз. Себебі, ақынның әрбір өлеңі жеке мақалаға жүк болып, әрқайсысын жеке-дара талдауды қажет етеді. Көпшілікке таныс «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін алып қарайықшы: бұл өлеңді екі қазақтың бірі жатқа айтуы мүмкін, бірақ, өлең жолдарын жете түсініп жүрміз бе? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін ақын өлеңін өз шамамыз жеткенше талдап, көпшіліктің талқысына салып көрейік.

Өлеңсүйер қауым Абайдың осы өлең жолын жиі қолданады. Бірі түсініп айтса, бірі Абайды оқығандығын көрсету үшін сөз арасына қыстырып жатады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген жыр жолында сан иірім ой жатыр. Бұл жерде бізге тірек сөз болатын «өлең», «сөз», «патша» ұғымдары болса керек. Иә, өлеңнің алғашқы жолында-ақ Абай өлеңді жай сөзге емес, сөздің патшасына теңейді. Неліктен? Қазақтың біртуар ғалымы, философ Ғарифолла Әнес: «Өлең – сөздің патшасы», – дегенде Абай өлең мен сөздің бір-бірімен байланысын «патша» деген ұғыммен білдіріп отыр. «Патша» деген – даралықты емес, жалпылықты білдіретін ұғым. Патша болу үшін оның қасиеттері жалпы патшалыққа тән болса, сонымен бірге патшалықтың қадір-қасиеті патшада болуы шарт. Міне, «өлең» деген сондай мәнге ие болып, бүкіл сөздің патшасы атанған. Сөз деген патшалық болса, өлең – оның патшасы», — деп түсіндіреді. «Өлең – сөздің патшасы» ұғымына бұдан артық түсіндіру қажет болмаса керек. Ақынның пайымдауынша өлең тек сөздің патшасы болуымен қатар «сөздің сарасы» екен. Ғ.Әнес те осы сөздің төңірегінде біраз ой толғап: «Абай неліктен өлеңді «сөз сарасы» деген? Мұнда не мән бар? Тілімізде «сара бағыт», «сара жол» деген түсініктер бар. Демек, «сара» дегеніміз тура, әділ деген ұғыммен мәндес болып шығады. Осы дұрыс па? Тіптен дұрыс болса да, Абай «сара» деген ұғымды осы мәнде қолданып отыр ма?» — деп оқырманға сұрақ қояды.  Егер «өлең – сөздің патшасы» деп қана айтса да өлең табиғаты ашылып, оқырман қауым Абайдың тапқырлығына бас иіп, сөз қадірін, оның ішінде жыр қадірін терең түсінгенін ұғынар еді. Алайда, Абай өлеңді «сөз патшасы» деумен шектеліп қалмай, оны сөздің сарасына теңейді. Жалпы, саралау ұғымының өзі ой таразысына тартылып, көңіл көкжиегінен көріне білген, талқыға түсіп, екшеліп алынған, дәл айтылған деген мағынаны бермей ме? Демек, Абай үшін өлең сөздің патшасы болуымен қатар, өзіндік даңғылға бастайтын сараланған сөз болып тұр.

Өлеңнің келесі жолында «Қиыннан қиыстырар ер данасы» дейді Абай. Бұл ұлы ойшылдың ақындарға қояр алғашқы талабы болса керек. Ақын үшін өлең жалаң ұйқаспен тізбектеліп айтыла салған сөз емес, жүрек сарайында патшалық құрған сөздің сарасын таңдап алып, оны қиыннан қиыстырып, ұйқастырып, үйлестіріп жеткізе білуі керек. Оған қоса, айтылар ойың жұп-жұмыр болып, өлең жолдарында басы артық сөз болмай, оқырманның ой-танымына ауыр тиместей, тілге жеңіл, жүрек қылын шерте алардай жылы тиюі керек.

Абайдың ақынға қояр келесі талабы – сөз тазалығы. Сөз тазалығы ой мен жанның тазалығынан шығады. Жаны таза адам дұрыс ойлай алады. Ал ойы таза адам сөзді былғамайды. Абай Құнанбайұлы да өз өлеңінде:

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз, бейшарасы» — деп, өлеңдегі әр сөзге мұқият болып, тіл тазалығына мән беру керектігіне ерекше тоқталған. Сөз тазалығына қол жеткізу үшін білім керек. «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан» деп ақын айтар ойын бөтен сөзбен былғау – білімсіздіктің әсері дейді. Осы орайда тағы да Ғ.Әнестің сөзіне жүгінейік. Ғалым: «Қазақта сөзді саралау деген түсінік бар. Ол деген – сөзді сөз еместен ажырата білу деген мәселе. Тіл мен жақтан сылдырап шыққандардың бәрі сөз емес. Табиғаттағы барлық нәрселер сияқты сөз де дертті болады. Сөз былғанса сөз болудан қалады. Ал енді осы нағыз сөзді қауызынан аршып алу үшін оны саралау қажет» — деп, сөзді ой талқысына салу керектігін баса айтады. Сараланған сөз – нағыз сөз, ол – өлең. Сонда өлең әншейін сөз емес, «сөздің сарасы» болып шығады. Сондықтан Абай қиыннан қиыстырған қазақтың баласын «ердің данасы» деп атаған. Сонымен қатар, ақын асыл сөздің басы – Құран аяттары мен Пайғамбардың (с.а.у.) хадистерінен басталып, құранның өзі белгілі бір ырғақ пен бәйітке құрылып, қисынды ойлардың қиысуынан тұратынын тілге тиек етеді. Демек, Абайдың осы өлеңінен өлең теориясын шығаруға болады. Өлең дегеніміз – жұп-жұмыр ойды білдіретін, қиыннан қиысқан, бөтен сөзбен былғанбаған таза, сараланған сөздің патшасы. Өз өлеңінде өлең құраушылардың да әртүрлі екендігін Абай естен шығармаған. Ақын:

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы» — деп, ақын болудың оңай еместігін, қолына қалам алып, өлеңге таласы бар ақынжанды адамның бәрі керемет ақын болмайтынын, тарих таразысынан, елдің сынынан сүрінбей өткен ақынның өлеңі ғана ғасырлар тоғысында тоқырамай, болашаққа жол тартып, таңдаулылар қатарынан көрінетінін айтып өткен.

Абайды әр қазақ әртүрлі түсініп жүр. Кейде ғұламаның сөзін дұрыс түсінбей, қате түсінік қалыптасып, бұра тартады. Сондай даулы пікірлер «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» өлең жолының төңірегінде орын алып жатады. Мәселен, шымкенттік жас ақын Нұркен Нұрғазы өлең жазғанда ең бастысы айтар ой болса болды, ырғақ, ұйқас, троптарсыз қарабайыр жаза салуға болатыны жайлы пікір айтқан еді. Жас ақынның пікірінше, жолдар арасында өзара үндестігі жоқ ақ өлеңнің өзі керемет «шедевр» туынды екен. Өзінің постмодерндік бағыттағы ақындардың жолын қуып жүргенін айтып, «Абайдың өзі өлеңнің сырты ұйқассыз, күміс сияқты арзанқол болса жетеді, іші алтын, асыл болуы керек екенін айтқан», — деп біржақты пікір айтады.

Таласым жоқ, алтын – асыл, күмістің одан бағасы төмен. Алайда, ақынның «іші – алтын» дегені – алтын асылдығымен қоса адамның көңіліне жел беріп тұратынын ескерсек, өлең де алтын секілді мінсіз, ғасырларға сапар шеккенде темірдей тот баспайтын, уақыт өтсе де алтындай жарқырап, өз бағасын жоймайтын әрі адамға руx беруі керек деген ойды меңзеп тұрғаны белгілі емес пе!? Ал, жерінде сонша алтыны бар қазақ неге көбіне күміс бұйым тақты екен? Себебі, күміс алтыннан арзан болғанымен, оның адам ағзасына күш беріп, имунитетті көтеретін, кейбір кеселдің алдын алатын қорғаныштық қасиеті бар. Абай өлеңнің сыртын неге жылтыраған жез емес, іші-сырты тұтас алтын емес, неге күміс деді? Өлеңнің сыртқы құрылысы өлеңге сай, белгілі бір ырғақ пен ұйқасқа құрылып, әдеби көркемдеуші құралдары бар, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей жұп-жұмыр, айтар ойдың қорғаныс қабаты болу керек дейді. Ақын қолына қалам алған, ақындыққа бет бұрған қазақтың әр баласы дәл осындай сөз жақсысын айта алса деген арманын да жасырмайды. Ол үшін өз дәуірінде ескі бише (бұл жерде ақын кезіндегі дала ойшылдарының сөздерін өз пайдасына жаратып, әлсізді қанайтын «туғанды билер» туралы айтып отыр) бос мақалдап, сарай ақындары секілді әркімді мақтап, ода жыр айтып, өлеңнің қадірін кетірмеу керектігін, бұрынғы батырлардың ерлігін айтып көңілі желденгеннен өзі келер ұрпаққа келелі сөз қалдыру қажет екенін айтып, «терең ой, терең ғылым» болмай қазақтың көші алға жылжымайтынын сөз етеді.

Иә, Абай айтқан бос мақтау мен ода жырларын жазғыштар, арзан сөзге алданып жүргендер әлі де көп. Абайдың ғұламалығы сонда – айтқан сөзінің әлі де болса маңызын жоймауында. Осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы қазақтың әлі күнге оянбай, тыңдаушының түзелмей келе жатқаны біздің Абайды әлі күнге өз дәрежесінде түсіне алмай келе жатқанымыздың белгісі. Абай өлеңдерін Айсбергке теңесек, біз оның бетін ғана көріп жүрміз. Мұxит астындағы маржанына үңілер тереңдігіміз болсын.

 

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button