ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ НҰРЛЫ ТАҢЫ
Тарих қойнауына көз жүгіртер болсақ, Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың күш-жігері, күллі қазақ жұртының арман-мұратының салтанат құруы. Патша үкіметі кезінде де, Кеңес Одағы тұсында да тәуелсіздікке деген ұмтылыс халқымыздың ертеңіне деген сенімін оятып, жарқын болашақтан үмітін үзбеді. Біз бірнеше сан ғасырлық бодандықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырып, түлеген жас мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтеуі. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне отыз жылға жақындап отыр. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені, мерейлі отыз жылдық мерейтойды бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры – қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Мемлекеттің басты байлығы жеке бастың мүддесі емес, сол мемлекетті мекендейтін барша азаматтардың мүддесі мен қажеттілігін өтеу болып табылады. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы.
Орда бұзар отыз жасында Қазақстан әлемдік саяси сахнада өзін іргелі ел ретінде көрсете білді. Оған дәлел ретінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көз алартқан сыртқы жаулардан қорықпай, енді ғана аяғынан тұрып келе жатқан жас мемлекеттің әлемнің алпауыт елдеріне үлгі болып, атом бомбасынан бас тартуы, ірі державалардың ынтымақтастық ұйымына мүше болып, келелі кеңес бастауы, Саммит, Экспо көрмесін өткізіп, әлемдік діни ұйымдардың басын қосып, діни татулық пен тұрақтылық мәселесін жасқанбай көтере білуі – барлығы да Қазақ Елінің іргелі ел, Тәуелсіз мемлекет екендігінің куәсі. Өзге елдің отарында жүрген бодан ел мұндай бастамаларды көтеруге жүрексініп, қожайынына жалтақтаған болар еді.
Тәуелсіздіктің нұрлы таңының арқасында қазақ елі еңсесін тіктеп, Сарыарқаның төсінде, еліміздің жүрегінде «Бағаналы орда – басты ордамыз» болған астанамызды салып, даламыз бен қаламызды бірдей гүл жайнатып келеміз. Тәуелсіздікке қол жеткізу қиын, ал сол еркіндікті сақтау одан да қиын, одан да жауапты іс. Бабаларымыз аттың жалы, атанның қомында жүріп бізге мұраға қалдырған ұлан-байтақ жер мен Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтап, қыршындарымыздың қасық қанымен желбіреген көк Туымызды құлатпай, болашақ ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Ол үшін «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп қазақтың ұлы ханы Абылай хан айтқандай, ақпараттық майданда жау тақымында кетпес үшін білімді де білікті, бәсекеге қабілетті ұрпақ баулуымыз керек. Сонда ғана дамыған елдермен тереземіз тең болып, керегеміз кең болып, еліміз әлі талай мерейтойларын тойлап, кемел келешекке нық қадам басатынына кәміл сенеміз.
З. ТУРЕХОДЖАЕВА,
№7 орта мектептің директоры