АЙДАР РАҚЫМЖАНҰЛЫ: БІЗ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ
Президент пәрмені
Мемлекеттің басты капиталы оның халқы болса, жастар сол капиталдың депозиті болып табылады. Себебі, жастарға жұмсалған қаржы – мемлекеттің болашағына жинаған депозит тәрізді. Жастар қай кезде де қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Бұл туралы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады. Тəуелсіз еліміз іргесінің берік болуы білімді мамандардың, отаншыл, ұлтжанды, рухани дүниесі кең азаматтардың қолында», – деп жастарға зор сенім артқан еді.
Тек Қазақ елінде ғана емес, әлем халқы да жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады, жастарға үлкен үміт артады. Сондықтан, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сəйкес, 12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Осы орайда, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Абдрахманов Айдар Рақымжанұлымен өңіріміздегі жастар ісі жайлы әңгімелескен едік.
— Айдар Рақымжанұлы, әңгімемізді ауданымыздағы жастар ресурстық орталығының атқаратын қызметінен бастасақ.
— Жастар орталығының жұмысы 14-29 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамту, өз кəсібін ашуға көмек беріп, «Серпін», «Дипломмен ауылға» оқу бағдарламаларын, «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» жұмыс бағдарламаларын жастарға жеткізу жəне оны іске асыруды қамтиды. Ресурстық орталықтардың негізгі мақсатына жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызмет көрсету жатады. Осы мақсатқа жету үшін біз жастардың бастамаларына ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау жасап, жастар арасындағы ахуалға мониторинг жүргіземіз. Сондай-ақ, жастардың жұмысқа орналасуына ықпал етіп, кәсіптік бағдар беру, волонтерлік қозғалысты және кәсіпкерлікті белсендіру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
— Жастарды дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылады?
Біздің орталық жастардың жан-жақты дамуы үшін жастар және жастар ұйымдары үшін әдістемелік материалдар жинағын, білім беру және басқарушылық технологияларын, семинарлар және вебинарлар материалдарын, анықтамалық ақпараттарды жасайды. Тек қана қағазбастылықпен айналыспай, жастардың рухани өсуін қамтамасыз ету барысында спорттық-мәдени шараларды ұйымдастырып, ол шараларға жастардың белсене қатысуын қамтамасыз етіп, діни экстремизм мен терроризмге және жемқорлыққа қарсы акциялар ұйымдастырып, жастарды рухани тәрбиелеуге барынша күш салады.
— Іле – облыстағы іргелі аудандардың бірі. Сіздердің орталықтарыңызда қанша маман қызмет етуде?
— Біздің ресурстық орталықта жалпы жиырма шақты маман жұмыс істейді. Атап айтқанда, ауылдық округтерде 10 нұсқаушы, 6 маман және 1 психолог қызмет етеді. Нұсқаушылар округтегі жастардың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, оларға рухани-әлеуметтік қолдау жасап, ауылдардағы мәдени-спорттық шаралардың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болса, мамандар орталыққа әртүрлі шаруамен келген жастардың мәселесін шешумен айналысады. Ал, психолог жастарға рухани күш беруге атсалысып, жас отбасылармен жұмыс істеп, оларға психологиялық көмек береді.
— Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен зор үміттің, биік ар мен өр намыстың символы болған. Дана халқымызда «Жас келсе, іске» деген нақыл бар. Осы орайда, жастар орталығының жыл басынан атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.
— Жастар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады емес пе? Ауданымыздағы жастар орталығы жыл басынан көптеген шараның басы-қасында жүр десем, артық айтқандық болмас. Мәселен, қаңтар айында Ынтымақ ауылында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жастар арасында баскетболдан турнир ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ақын өлеңдерін оқуда аудандық іліпәкетпені (эстафета) біздің орталық бастап, Тілдерді дамыту орталығына жолдады. «Бала – адамның бауыр еті» демекші, қаңтар айының аяғында аудандық жастар орталығы, кент, округ жастары ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылары және еріктілердің қатысуымен Ащыбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Солнышко» балалар үйіне барып, балалардың көңілін аулап, ойын ойнатып, тұрмыс жағдайымен танысып, «Фабрика вкуса», «Алихан» дүкені, «Бородошоп» салонының демеушілігімен балаларға арнайы дастархан жайылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында №38 мектеп-гимназиясының кадет сыныбымен бірге ауданымыздағы ардагер қарттарымызды құттықтадық. Сонымен бірге, жастар аудан орталығындағы, ауыл-аймақтардағы тазалық шараларына ерікті түрде қатысып, ауылымызды қоқыстан тазартып жүр.
Қайырымдылық – елімізге тән игі салттың бірі. Аз қамтылған отбасылар мен әлеуметтік көмекті қажет ететін топтарға арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, қолдан келгенше көмек көрсетуге тырыстық. Жоспарымызда әлі де болса атқарылар көптеген шаралар бар еді. Алайда, елге келген індеттің салдарынан ойға алған кейбір іс-шараны онлайн түрде өткізумен шектелуге мәжбүр болдық.
— Індет демекші, коронавирус елімізді біраз дүрбелеңге салғаны рас. Осы ретте «жастар – ел жанашыры» екенін тағы бір айқындады. Жастардың Төтенше жағдай кезіндегі атқарған үлгілі істері жайлы оқырмандарымызға айтып берсеңіз…
— Иә, коронавирустың кесірінен қарапайым халық табыс көзінен айрылып, титықтап қалды. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тұрақты жұмысынан немесе табыс көзінен айырылған жандарға, сонымен қатар көпбалалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларға жаны жомарт жеке кәсіпкерлер азық-түлікпен көмек көрсетті. Атап айтар болсақ, «Panaume» қорынан 60 себет азық-түлік, «Arkez invest» компаниясынан 3000 себет азық-түлік үлестірілді. Ел басына күн туғанда ауданымыздың жастары өте белсенділік танытып, 100-ден аса ерікті жастарымыз Азық-түлік себеттерін үлестіру жұмыстарын атқарып жүр. Президентіміз Қ. Тоқаев: «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Еріктілер — жаны таза адамдар. Олар — елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», — деп, 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады емес пе? Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау білдіріп, ауданымызда Жастар ресурстық орталығының бастауымен «Іле жүрегі» атты еріктілер тобы құрылып, өз жұмыстарын бастап кетті.
Еріктілер карантин уақытында блок посттарда, оқшауланған тұрғын үйлердің алдында кезекшілікке тұрып, керек-жарақтарын алып келіп отырды. Мұқтаж, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікпен көмектесіп қана қоймай, киім-кешекпен, тұрмысқа қажет құралдармен қолдан келгенше қамтамасыз етуде. Жастар ресурстық орталығы еріктілермен бірге індетке шалдыққан науқастарды құтқарып жүрген дəрігерлерге деген алғысымыз бен көмегіміз ретінде карантинге жабылған аудандық аурухана қызметкерлеріне азық-түлік пакеттерін тапсырды. Бүгінгі таңда ауданымыздың еріктілері балалар алаңдарын оқшаулауға көмек көрсетіп, лента жəне ескертпелермен қоршауға атсалысып жүр.
— Алдағы уақыттағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…
— Карантин салдарынан көптеген жастарымыз жұмыссыз қалды. Соларға кеңес беріп, жұмыспен қамтуға атсалысып, кәсіптік бағдар беру, волонтерлық қозғалысты және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жасау – алдағы күннің міндеті. Соған орай, игі бастамаларға жастарды тартып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды жалғастыру, ауданымыздың мәдени-спорттық, қоғамдық шараларына аталысу жастардың негізгі борышы болмақ. Қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау – бүкіл Қазақстандағы, соның ішінде, ауданымыздағы Жастардың міндеті. Еліміздегі əрбір жас басты байлығымыздың Тəуелсіздігіміз бен ұлттық құндылықтарымыз екенін əрдайым естен шығармауы тиіс.
— Айдар Рақымжанұлы, 12 тамыз — Халықаралық жастар күні мерекесі құтты болсын. Қызметтеріңізге табыс тілейміз.
— Рахмет, айтқаныңыз келсін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен: А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ.