Алматы облысының жаңалықтарыАуыл тынысыМәдениетМерекелерРухани Жаңғыру

АБАЙ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АЛЛАНЫ ТАНУ МӘСЕЛЕСІ

Ғасырлар бойына қалыптасқан қазақ әдебиетінің даму жолы халқымыздың рухани дүниетанымының көркемдік ойлау жүйесін танытады. Діни бағыттағы өлең-жырлар қазақ халқының рухани жағдайының көрінісі мен діни ілімінің деңгейінің көрсеткіші. Орта ғасырлық шайырларда болсын, жыраулар поэзиясында болсын, Абайдан бастау алған жазба ақындардың шығармашылығында да Иллаһи бағыт белсенді сипатымен ерекшеленеді.

Ислам діні туралы өткір ойлар өзіне дейінгі ақын-жыраулар поэзиясынан сұрыпталып, Абай Құнанбайұлының шығармашылығында көптеп кездеседі. Ақын: «Алланның өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешқашан да жалған болмас» [1. 78 б]- деп, өлеңмен кәлима айтып, Алланың бар екеніне сенім білдіріп, иман келтіреді. Өлеңді әрі қарай оқиық.

«Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас» [1.78 б], — дейді ақын. Абайдың осы өлең жолдары арқылы Алладан түскен кітап саны біз білетіннен де көп екенін байқаймыз. Алайда, қазіргі қоғамға соның тек төртеуі (Таурат, Забур, Інжіл және Құран) жетіп, осы төрт кітаптағы ілім Алланы танытуға, оның Жалғыз екенін ұғындыруға жетелейді дейді. Сондай-ақ, ақынның айтуынша Құдыретті Алла Тағала әр қауымға жеке пайғамбар жіберіп, ол пайғамбарларға Хақты танытуға кітап түсірсе де, адам өзгеріп, қоғам жаңарса да Алла өзгермейді. Осы өлең жолдары арқылы ғұлама ойшыл Алланың жалғыз екендігін айтып, оны ұлы Құдырет Иесіне теңейді. Бұл туралы Қасиетті Құран-Кәрімнің «Ықылас» сүресінде: «Ләм иәлид уә ләм иуләд, уә ләм иәкул-ләһу куфуан ахад» [2, 214 б] – яғни, «Ол тумады да туылмаған, Оған тең келер еш нәрсе жоқ» — делінген. Абайдың «Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес» деген пайымы Құранның «Ықылас» сүресінен шыға отырып, Алланың туылмағандығын, және оның Мәңгілік екендігін айтып ұлықтайды. Абай:

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз.

Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі,

Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз? [1. 79 б] — деп, дүниеқорлыққа, байлық соңына түсіп, халықтан бөлініп, діннен адаспауға шақырады. Дінбұзарлар мен мұнафиқтардың о дүниедегі тартар жазасын Құран мен хадиске сүйене отырып мәлімдейді. Абайдың бұл өлеңді жазудағы негізгі мақсаты оны сипаттау емес, жан-тәнімен беріле сүю, ғашықтық деген шешімге келген яғни Хақты сүюді, Оның махаббатпен жаратқан перзенті — адамзатты сүюді насихаттау болып табылады. Адамзаттың абзалы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) хадисінде де мұсылман мұсылманға бауыр екендігі айтылған. Демек, Абай Мекемтас Мырзахметұлы: «Абай Тәңірге деген ішкі нанымдарының сырын ашып, өзінің құдайына бас иген көп мұсылманның бірі ретінде танытады. Бірақ ойшыл ақын осы таным шеңберінде тұрып қалмай, түп иенің өзін ақыл сынына салып барып нануға бағыт алады. Осы әрекеті арқылы-ақ ақын Исламият шеңберінен шығандап кетеді» [3] деп айтқанындай, Исламның шегіне шығып, Алланың болмысы жайлы ойлап, күмәнді әрекетке бармайды. Алланың растығын оның сипаттарын ашу арқылы емес, жан-тәнімен беріле сүйіп:

Көңіліме шек, шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да Оны ойламай қоя алмаймын» [1. 79 б], — деп, Жаратушыға бас иген әрбір құлы секілді Абай да Алласын ойламай тұра алмайтынын тайға таңба басқандай нақты айтып кеткен.

«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ» » [1, 213 б], – дейді ақын. Дарқан даланың дана ойшылы дінді үйренуге, ілім жиюға насихаттайды. Бірақ, «Дүмше молда дін бұзар» деп дана халқымыз айтқандай, Абай дінді өзінің бас пайдасына жаратып жүргендерді де ауыр сынға алады. Ол иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен келіп, батаоқырға алған малына мәз болған дін иелерінің ісін құптамайды. Ақын өмірдің мәні Илләһи сенімде, ақиданың бұзылмауында екенін айтады:

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай болып сәлдесі.

Малқұмар, көңілі бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?» [1. 95 б] — деп келетін жыр жолдарында ақын жемқорлықты қатты сынайды. Бірақ, кей зерттеушілер ақынның осы өлең шумағына «Дінді келемеждеп, сынаған» —  деп баға берген. Негізінде олай емес. Көріп отырғанымыздай, Абайдың бұл сөзі дінді кемсіту емес, дінді теріс мақсатта пайдаланып, халықты алдап күн көріп жүрген, елді жеген қожа-молдалардың әрекетін сынап, әшкерелейді. Адамға Алланы танып, дінді түсіну үшін білім керектігін насихаттаған ақын:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс [1. 79 б], — деп Алланы сүйіп, оның Пайғамбарын жақсы көріп, иман келтірген соң, мұсылмандығын тек тілмен айтпай, іспен дәлелдеп, мұсылманның бес парызының қалған төртеуін де орындауға асығу керектігін сөз еткен. Адамның дене мүшесі өз орнымен жаралып, әрқайсысы ретімен орналасқаны секілді, бес парызды ретімен орындамай, адамның иманы кәміл болмайтынын тілге тиек етеді.

«Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған» [1. 79 б] — деген өлең жолдарында ақын, тән тазалығымен қатар жан тазалығын, жүректің былғанбауын, ішкі дүниенің мөлдірлігін құптап, Алланың жолында болып, пайғамбардың ізіне еріп, ынтаны бұзбау керектігін айтады. Жүректің тазалығы мен Алланың аманаттап берген қалпында кіршіксіз, еш ақаусыз Аллаға қайта табысталуы керектігін «Шұғара» (ақын) сүресінің 88-89 аяттарында: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаһқа сау жүрекпен келсе ғана (пайда береді)» [2, 194 б] — деген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) хадисінде: «Ақиқатында, денеде бір кесек ет бар. Ал, ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек!» [4, 40 б] – дейді. Осы айтылған хадистен бөлек, Алланың Елшісі (с.а.у.) Аллаһ Тағалаға жалбарынып: «Уа, Аллаһ, шын мәнінде, Сенен жүрегімді сау-саламат бойұсынушы (етуіңді) сұраймын» [4, 39 б] — деп жиі дұға еткені туралы сахих хадистерде айтылған. Мінекей, Абай қазақ қоғамына Ислам дінін қазақы танымға жақын етіп, ұлттық ұғымға тән суреттеп, жеткізе білген ойшыл. Ақын дінді түсіндірумен қатар, нағыз мұсылмандық кәлима айтып, сөзбен мұсылман болуда ғана емес, ісіңмен дәлелдеп, амал етуде екенін алға тартып:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін» [1. 117 б], — деп жырлайды ақын. Мұндай сөзді тек дін туралы көп ізденіп, мол ілім жинаған, Исламды терең түсінген адам ғана айта алса керек-ті. Ал, Абайдың заманында қазіргідей ақпараттар шоғырланған ғаламтордың жоқтығын, дінді зерттеп, елге кеңінен насихаттаған қазақтан шыққан дін ғалымдары аз екенін ескерсек, оның Құранның астарына үңіліп, әрбір аяттағы айтылған ойды пайымдап, қасиетін бойына сіңірген адам екенін мойындамасқа болмайды.

Біз жоғарыда ақынның өлеңдеріндегі діни сарынды сөз еттік. Абай өз өлеңдерінде кеудеңде бозторғайың шырылдап тұрған шақта Алланы танып, оның Хақ екендігін мойындап, Пайғамбарды (с.а.у.) сүйіп, адамзаттың бәрін бауыр тұту керектігін айтса, қара сөздерінде намазда тұру, дінге келудегі шарттар туралы кеңінен баяндайды. Біздің зерттеу нысанымыздағы ақынның «Алланың өзіде рас…» өлеңі иманның шарттарымен таныстыру болып табылады.

Қазақстан зайырлы мемлекет болғанымен, қазіргі әлеуметтік мәселелердің бірі – діни мәселелер. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз. Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс» [5] – деп, еліміздегі діни конфессия өкілдеріне де үлкен ой салған болатын. Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында мәдениет пен руханият салаларына да ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Ал осынау тарихи өтпелі кезеңнің үш буынына арнаған сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы халқымыз ұстанатын дәстүрлі дініміз туралы да сөз қозғап: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек» [5] — дейді. Сондықтан да, жас ұрпақты адасушылықтан сақтаныру үшін Абайдың діни тақырыптағы мол мұрасын кеңінен насихаттап, оларды зерттеу, зерделеу арқылы көмескі көріністердің көзін ашып, тың дүниелердің түбірі мен тұлғасын тануымыз керек. Сонда ғана Елбасымыз айтқандай, рухани жаңғырып, болашаққа еркін қадам баса аламыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Құнанбайұлы А. Қалың елім, қазағым. Алматы, Атамұра, 2002 ж.
  2. Құран-Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. 1991 ж.
  3. https://abai.kz/post/5441
  4. Мұстафа әл-Бұға, Мухиддин Мисту. Әл-Уафи. Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы. / ауд: Қ.Сыпатай – Алматы. «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2013 ж. 444 б.
  5. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. akorda.kz сайты. Астана, Ақорда, 2012 жыл.

 

Ержанов Алмат Ергешбаевич

Басқа жаңалықтар

Back to top button