Өмірде әртүрлі мамандық иесі бар. Әрқайсысы қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. Бірі бала оқытса, бірі техниканың құлағында ойнайды, енді бірі адам жанын сақтап қалу үшін ажалмен арпалысып жүр. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы медицина қызметкерлерін халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері коронавирус індеті кезінде жан аямай қызмет етіп, ел үшін шыбын жаны шырқырап жүрген ақ халатты абзал жан – Баян Маратқызы Елікбаева болмақ. Баян Маратқызы – өзінің біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында біршама асуларды асып, ел алғысына бөленіп жүрген маман. Өзі қызмет етіп жүрген аудандық аурухананың қызметкерлері де, емделушілері де Баянның өз ісіне ұқыппен қарайтын, адам өмірі мен денсаулығын сақтауда асқан жауапкершілікті жан-жүрегімен сезініп, тыңғылықты жұмыс жасап жүргенін тілге тиек етеді.
Біздің кейіпкеріміз тек қана медицина қызметкері ретінде емес, жалпы адамдық тұрғыда өзінің кісілік келбеті мен қайырымдылыққа құштар жан екенін әрбір ісімен дәлелдеп келеді. Бір ғана мысал, көктем уақытында елімізде алғаш рет карантин жарияланған кезде халық абыржып, не істерін білмей дал болғаны белгілі. Сол кезде Баян Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз біргеміз» акциясына қолдау білдіріп, өзі көпбалалы ана болса да тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік апарып, басқа да адамдардың қайырымдылық жасауына түрткі болып, мейірімді жандарды мұқтаж отбасыларға көмек беруге ұйымдастыра білді. Баянның осындай игі істерге мұрындық болуына оның үй-үйді аралап, тұрғындармен етене жақын араласып, олардың тыныс-тіршілігінен хабардар болуы әсер етсе керек. Көмекке мұқтаж, әлеуметтік аз қамтылған отбасын көрген Баян ел басына күн туғанда қарлығаштай қанатынан су сеуіп, аз да болса көмек қолын созуды мақсат етеді. Осы ойын іске асырмақ боп отбасына айтып, олардың қолдауына ие болды. Қызы Аружан да анасынан көрген үлгілі істі жалғап, сыныптастарымен бірге қайырымдылық шара ұйымдастырды. «Ана көрген тон пішер» деп дана халқымыз Баяндай өнегелі ананы жас ұрпаққа үлгі тұтса керек.
Қызметте де, өмірде де өзінің қарапайымдылығымен, іскерлігімен, жоғары ұйымдастырушы қабілетімен, мейірім толы жүрегімен айналасына сыйлы, өз ортасында зор беделге ие боп жүрген Баян Маратқызы биыл ердің жасы елуде. Баян Елікбаева 1970 жылы 19 тамызда Алматы облысы Панфилов ауданы Сарыбел селосында дүниеге келген. Мектепте де өзінің білімділігі мен алғырлығының арқасында оқушылар арасында үлгілі болып, мұғалімдерінің алғысына бөленген. Жастайынан айналасындағыларға қамқорлық танытып, мейірімін шашып жүретін алғыр қыз мектеп қабырғасын тәмәмдаған соң, Талғар қаласындағы медициналық училищеде медбике мамандығында білім алады.
Ол алғаш еңбек жолын өзі туып-өскен Панфилов ауданынан, нақтырақ айтқанда, Көктал селолық ауруханасында медбике болудан бастады. Алайда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау кезінде жұмысынан қысқарып, үйде отырып қалды. Жолдасы Бекболат екеуі өмірдің тауқыметін аз көрмеді. Балаларын бағу үшін Саты ауылында екі қолға бір күрек ұстап, жалданып мал бағумен айналысқан кездері де болды. Жас кезінен малдың жайын білмесе де, бұл іске бейімделіп, сиыр сауып, құрт қайнатуды да тез меңгерді. Көшіп-қонып мал бағып жүріп талай қиындықты бастан кешірді. Сонда да мойымай, берік ерік-жігерінің арқасында тағдыр сынында сынбай, өзінің кәсіби біліктілігін жойған жоқ. Арнайы медициналық орында қызмет етпесе де, антына берік болып, басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарына алғашқы ем жасап, медициналық қызмет көрсетуі де оның үлкен адамгершілігін танытса керек.
2006 жылдан бері Іле аудандық ауруханасының балалар бөлімінде медбике болып қызмет етіп келеді. Баян қазіргі таңда бес баланың аяулы анасы. Жолдасы Бекболат екеуі 1 ұл, төрт қызды өсіріп, оларды қатарларынан қалдырмай оқытып, жақсы тәлім-тәрбие беруде. Айлығы шайлығына әзер жетіп отырса да, бала-шағаны тарықтырмай, ұлы Айбарды, үлкен қыздары Аяулым мен Арайды жоғарғы оқу орнында оқытты. Екі қыздың бүгінде өз отбасылары бар. Олар да өз мамандықтары бойынша адал еңбек етіп, балаларын өсіруде. Бүгінде Баян мен Бекболаттың 4 жиені өсіп келеді. Қарапайым ғана өмір сүріп жатқан бұл отбасынан адал еңбектің, ибалық пен имандылықтың үлгісін көруге болады. Баян қанша қиналса да еңсесін түсірген емес. Қашан көрсең де тұрмысына шүкіршілік білдіріп, риза кейіп танытады.
Жоғарыда айтып өткендей, карантин кезінде жоғары адамгершілігінің, имандылығының көрсеткіші ретінде ел-жұртқа көмектесуді, қайырымдылық жасауды өзінің өмірлік ұстанымы етіп, тапқанын қарақұстай басып жемей, сұңқардай шашып жейтін мейірбан жан Баянға жер ортасына жеткен мерейтойыңыз құтты болсын дейміз. Сіздің аудан халқы үшін атқарып жатқан игілікті ісіңізді басқа білмесе де, аялы алақаныңыздың мейірімін сезінген жан ұмытпайды.
Сондықтан да әрқашан осындай мейірбандығыңыздан арылмай, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін өмірде Алланың берген адал несібесін теріп жеп, адалдық пен адамдықтың символы болып жайнап жүре беруінізге тілектеспіз.
Алмат ЕРЖАНОВ