Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымДенсаулықҚоғам

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Қашықтықтан оқыту – білім алушы мен педагог қызметкерінің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту. Қашықтықтан білім беру технологиялары қашықтықтан оқу сабақтарын «оnline», «offline» режимінде өткізуге негізделген. «Оnline» режимінде оқу сабақтары нақты уақыт режимінде оқудың өзара іс-әрекет ету үдерісін қарастырады (бейнеконференция, интернет желісімен хабар алмасу, телефон аппараты арқылы келіссөздер). «Оnline» режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы асинхронды тілдесудің (электрондық пошта, кейіннен қорытынды бақылау тапсырумен оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулықпен жұмысы) оқу іс-әрекеті процесін қарастырады.

Қашықтықтан оқыту технологиясын қолдана отырып білім беру сапалы білім беру қызметін алуда азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуді, олардың білім қажеттіліктерін тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына, жасына, денсаулығына және өмірдің тағы басқа себептеріне қарамастан қамтамасыз етуді мақсат етеді.

Коронавирусты инфекцияның алдын алу және оны болдырмау мақсатында (пандемия COVID-19) Білім және ғылым министрлігі оқу процесін сандық білім беру технологияларын қолдана отырып, қашықтықтан оқытуға көшірді. Төтенше жағдай және карантин кезеңінде мұғалімдер қашықтықтан оқыту форматына көшкендіктен сабақты қалай ұйымдастыруға болады, өз уақытын және балалардың уақытын қалай тиімді пайдалануға болады деген секілді көптеген сұрақтар туындады. Жаңа оқу жылына арналған жоспарлар жарияланып, І тоқсан нақты қашықтықтан өткізілетіндіктен үкіметтік деңгейде мұғалімдерге «Қашықтан оқытуды үйренемін» курсын бастау туралы шешім қабылданып, «қашықтықтан оқытуды үйренемін» онлайн курсын кезең-кезеңімен тегін оқытуды қарастырды. Курстың артықшылығы оқушылар stepik.org платформасына кез-келген ыңғайлы уақытта кіре алатындығында.

Біліктілікті арттыру – мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқаруы үшін және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту, кәсіби даму іс-шараларына қатыстыру және өз білімін көтеруі. Педагогтердің біліктілігін арттыру – оқу мен оқыту сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны.

Білім сапасы – мұғалімдер қызметінің сапасы. Ал осы сапаға қол жеткізу үшін біліктілікті жетілдіру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығы, Түзеу педагогикасы ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ПШО, сондай-ақ облыстардың әдістемелік кабинеттері тарапынан өткізіліп жатқан көптеген қысқа және ұзақ мерзімді курстар, деңгейлік курстар, орта білім мазмұнын жаңарту аясында ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстарының педагогтердің кәсіби даярлығын арттырып, өз ісін жоспарлай алуына, өзінің нақты мақсаттарын болжап, көріп, баланың әрекетін ұйымдастыра алу шеберлігін шыңдауындағы маңызы өте зор. Қазіргі таңда біліктілік арттыру курстары түгелімен онлайн режимде өткізіліп жатыр.

Жаңартылған білім берудің мазмұны бойынша аудан мектептеріндегі әр пән мұғалімдерінің 95 пайызы курстан өтті. «2015- 2020 жылдарға арналған үштілділікті дамыту жол картасы» бағдарламасы бойынша физика, химия, биология және информатика пәні мұғалімдері үштілділік курстарынан өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 80 мұғалім тілдік курстан өтсе, 24 мұғалім қазіргі таңда оқуларын жалғастыруда. Халықаралық тіл ретінде ағылшын тілін оқытуды жаңа
сатыға көтеру – педагогикадағы іргелі міндеттердің бірі. 2019 жылдан басталған 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшірудің нәтижесінде біздің барлық түлектеріміз қажетті деңгейде үш тілді меңгереді. Осыған байланысты аудан мектептерінің 57 мұғалімі пилоттық жобада жұмыс істеп, қосымша үстеме алуда. 27 шілде – 03 тамыз аралығында «Қашықтықтан оқытуды үйренеміз» 40 сағаттық онлайн-курсына 4209 мұғалім қатысып, сертификат алды. Оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын арттыру мақсатында математика пәнінен – 40, физика пәнінен – 10, биология пәнінен – 10, химия пәнінен – 11 мұғалім Талдықорған қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығында Онлайн «PISA» курстарынан өтуде.

Сонымен қатар «Өрлеу» «БАҰО» ұйымдастырған «Blended Learning» режиміндегі курстар тыңдаушыларға өндірістен қол үзбей өз бетімен білім алуға, дәстүрлі әдістемелер мен өзекті технологияларды біріктіруге, жұмысты өз бетінше ұйымдастыруға және жоспарлауға, білім алуға және талдауға, ақпаратты іздеуге және іріктеуге, шешімдер қабылдауға, жобаларды таныстыру дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Аралас оқу («Blended Learning») – дәстүрлі күндізгі оқу нысанында және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып жүргізілетін оқыту технологиясы. Аралас оқу режиміндегі курс үш кезеңнен тұрады: күндізгі оқу, қашықтықтан оқу (онлайн-online), өз бетімен оқу (офлайн-off-line). Курс бағдарламасы біліктілікті арттырудың құзыреттілік моделіне бағытталып, заманауи білім беру технологиялары мен интерактивті оқыту формаларын пайдалану арқылы қол жеткізілген іс-әрекет тәсілдерін көздеді.

Қашықтықтан оқытудың уақыт пен кеңістікке тәуелсіз үдеріс екеніне, сандық технологиялар арқылы өз бетінше үздіксіз білім алып, сан алуан ақпаратпен алмасу мүмкіндіктерінің болуына, әлеуметтік жағдайына қарамастан еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім, ғылым жаңалықтарымен танысып, өз бетінше игеру құқығының бар екеніне, сонымен қатар өзіндік мақсат-міндеттері және оқушыларға өз бетімен оқып-үйренуге негізделген кейс – технологиялардың тиімділігін арттырудың аса қажеттілігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.

Г. ТУРМАНБЕТОВА,
аудандық білім беруді дамыту,
оқу-әдістемелік орталығының әдіскері

Басқа жаңалықтар

Back to top button