Қазақстандық ТВ цифрлық мүмкіндіктері
Бүгінгі күні цифрлық эфирлік телевизия ел тұрғындарының 86,2%-ына қолжетімді. Жобаны іске асыру жоспарына сай, 2022 жылға қарай халықты жалпы қамту пайызы 95% -дан асады. Бұл, жақын арада Қазақстанның барлық тұрғындарына өздерінің көгілдір экрандарынан сапалы бейнені көру үшін бірдей жағдай жасалатынын көрсетеді.
Қазақстанда цифрлық жерүсті телехабар таратуды енгізу жөніндегі жобаны іске асыру 2012 жылғы шілдеде басталды. Қазіргі уақытта пайдалануға берілген РТС жалпы саны — 491 бірлік, ол 13 миллионнан астам тұрғынды қамтиды. Ұзақ өтпелі кезең тапсырманың күрделілігімен түсіндіріледі. Елдің «аналогтан» «цифрға» көшуі – қазіргі Қазақстанның ең ауқымды және бірегей жобаларының бірі. Аналогты телехабар таратуды 100% -ға өшіру үшін бүкіл ел бойынша 827 радиотелевизиялық станция салу және жаңғырту қажет. Бірақ мұндай жұмыс көлемі мақсатты ақтайды: цифрлық телевизия жоғары сапалы кескін пен дыбыс алуға мүмкіндік береді, сонымен қатар арналар мен бағдарламалардың үлкен таңдауын ұсынады. Ескі үлгідегі сигнал сыртқы әсерлерге өте осал келеді, мысалы, ол ауа-райының қолайсыздығына байланысты және қатты жел тұрғанда жай жоғалып кетуі мүмкін. Цифрлық телехабар тарату сигналдың сапасы мен қорғанысының жоғары деңгейіне ие, ол ұзақ қашықтықтан қабылданады. Қазір аналогты хабар тарату бір таратқыш бір арна ұстанымы бойынша жұмыс істейді. Цифрлық бір таратқыштан көптеген арналарды таратуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, арналар «қысылады» және 1 жиілікте «мультиплекс» арқылы беріледі. Көрермендер үшін артықшылықтар айқын, сигнал сапасы, арналарды таңдау бұрынғыға қарағанда үлкен, ал тегін топтамаға кемінде 30 телеарна кіреді. Және де мұның бәрі ешқандай абоненттік төлемсіз.
Эфирлік телевизиядағы алғашқы жаңалықты Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан, Алматы, Қостанай және Павлодар облыстарының тұрғындары сезінді. Отандастарымыз негізгі мультиплекс бойынша «QAZAQSTAN», «Хабар», «Хабар24», «BALAPAN», «ЕЛ АРНА»,«QAZSPORT»,«Kazakh TV», «Первый канал Евразия» сияқты Қазақстанның ірі телеарналары мен өңірлік бір телеарна кіретін сапалы телевизияны пайдалана алады.
Цифрлық хабар таратудың енгізілуімен отандық телеарналар да даму үшін жаңа серпін алады. Аналогты телевизияның мүмкіндіктері таусылды, ал жаңа телеарналар «аналогта» орын болмауына байланысты эфирге шыға алмайды. «Цифр» барлығының жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Мемлекет алдында шағын өңірлік телеарналарды қолдау міндеті тұр, сондықтан жыл сайын облыстық телеарналар бірінші, негізгі мультиплекске кіру конкурсына қатысып жүр. Алайда цифрлық желі бойынша тарату тарифіне сай кез келген қазақстандық арна цифрлық толқындағы қолжетімді арналар тізіміне кіре алады. Есесіне телекомпания тек мінсіз сапада үздіксіз хабар таратуды ғана емес, сонымен қатар EPG түймесін басу арқылы кідірту және телешоулардың хабарландыруын көрсету сияқты телевизиялық хабар тарату жүйесіне қосымша функцияларды енгізу мүмкіндігін алады. Цифрлық жерүсті телехабар таратуды дамыту және абоненттерге сапалы сурет пен дыбыс беру, тұтастай алғанда бүкіл ел үшін де тиімді екні айқын. Бүгінгі «цифрға» көшу – жалпы әлемдік тренд. Мысалы, Германия, Ұлыбритания, Испания, Швеция сигналды қайта форматтауды 20 жыл бұрын бастаған. Мұндағы басты басымдық – адамның өмір сүру сапасын, оның ішінде сапалы телевизия көмегімен жақсарту.