БІР ОРТАЛЫҚТАН 56 ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛЕДІ
Президент пәрмені: Сервистік әкімдік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Іле ауданының әкімдігінде Алматы облысында сегізінші болып «Сервистік әкімдік» жобасы іске қосылды. Оған Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бастығы Ернар Мақажанов пен Департамент басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев қатысты.
Ашылу рәсімінде аудан әкімі Бағдат Қарасаев жиналғандарды «Сервистік әкімдік» форматының жай-жапсарымен кеңінен таныстырды.
Аталған жоба мемлекеттік қызметтің сапасын көтеріп, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздейді. Сервистік әкімдікте мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі тез алу үшін арнайы 9 бөлімнің мамандары қабылдайды.
Мәселен, аудан әкімінің аппараты, сәулет және қалақұрылысы, жер қатыныстары бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері орналасып, 56 мемлекеттік қызметті бір орталықтан көрсететін болады. Яғни, жұрттың кабинеттен кабинетке сабылмай, аталған қызметтерді бір жерден алуына мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, «Жетісу — адалдық алаңы» жобасы аясында жабдықталған азаматтарды қабылдау кабинеті де ашылды. Мұнда аудан әкімі мен орынбасарлары, мекеме басшылары тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдайды. Сервистік әкімдік қызметтерді алудың жеделдігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етуге, бюрократия мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға, сондай-ақ халықтың жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл кеңседе «Жетісу адалдық алаңы» жобасымен жабдықталған азаматтарды қабылдау кабинеті орналасқан. Мұнда аудан әкімі, оның орынбасарлары, мекеме басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізеді. Осы сәтті пайдаланып «Жетісу адалдық алаңы» кабинетінде Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Ернар Мақажанов аудан тұрғындарын қабылдап, көше жарығы, аудан территориясынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардағы көпірдің құрылысы, әлеуметтік көмектің берілу тәртібі, тұрғын үйге қолжетімділіктің қыр-сырын анықтау сияқты сұрақтарға толыққанды жауап берді.
«Сервистік әкімдіктің» жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан қонақтар өңіріміздегі медициналық қызметтің хал-ахуалын білу мақсатында аудандық орталық ауруханаға барды. Ондағы провизорлық орталықтың жұмысымен танысып, медициналық бетперделер қоры мен тыныс алу жолдарын жеңілдететін аппараттардың жеткілікті екеніне көз жеткізді. «Каспий банк» тарапынан сыйға берілген жедел жәрдем көліктерін көріп шықты. Одан кейін қонақтар Өтеген батыр ауылындағы ішкі жолдардың сапасын қарап, көшелерді жарықтандыру жұмысымен танысты. Энергетик ауылдық округінің әкімі Б. Ақжолұлының айтуынша биыл жөндеуден өткізілуге тиісті ауылішілік 12 шақырым жолдың 7 шақырымында тиісті жұмыстар жүзеге асырылды. «Қарасу-1» ықшам ауданы мен аудан орталығы Өтеген батыр кентін жалғастыратын ең ұзын Астана көшесіне жаңадан асфальт төселіп, жарықтандырылған. Жалпы округ бойынша осы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 18 жоба қарастырылған.
Б. ЧОЙБАСОВ