Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

БІР СУРЕТТІҢ СЫРЫ

«Іле таңы» газетінің 21 тамыз күнгі 25 ЖЫЛ 30-санындағы «Ата Заңның абыройын арттырайық!» мақаласын оқып отырып, осыдан ширек ғасыр бұрын өткен Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдау жөніндегі Рефе-рендум есіме түсіп отыр.

Біздің халқымыз Кеңес үкіметінің тұсында бірнеше Конституцияны басынан өткізгені белгілі. Ұмытпасам, ертеректе 5 желтоқсан Конституция күні демалыс болатын. Бұл 1936 жылы қабылданған Конституцияның құрметіне еңбекшілерге берілген демалыс екен. 1977 жылы жаңа Конституция қабылданып, демалыс шілде айына ауыстырылды.

1991 жылы Социалистік Республикалар Одағы ыдырап Қазақстан дербес мемлекет болғаннан кейін, өзінің Конституциясының болуы шарт еді.

Мемлекетіміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 12-отырысында депутаттардың дауыс беруі арылы дүниеге келді Оның басты жетістігі — жалпы адамгершілік қағидаларды дамыту негізінде Қазақстан Республикасын демократиялық зиялы және біртұтас мемлекет ретінде дүние жүзіне мәлімдеу болатын. Бірақ, депутатар ғана дауыс берген, сондықтан көп жағынан консервативті Конституция қабылданып, ол
әлеуметтік және нарықтық реформалардың тежеуіне айнала бастағандықтан, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау үшін Бүкілхалықтық Референдум өткізілетін болды. Осы мақсатта облыста, аудандарда, әрбір елдімекендерде сайлау учаскелері мен Референдум өткізу жөніндегі комиссиялар құрылды. Облыстық комиссияның төрағалығына Алматы мемле-кеттік электр жарығын тарату станциясы директорының орынбасары Д. Карповты, аудандық комиссияға — 7 орта мектептің директоры В. Масленконы, поселкелік комиссияға мені бекітті. Біздің комиссияға поселкелік кеңестің (қазіргі КНБ ғимараты) екінші қабатындағы мәжіліс залы беріліп,
отырыс өткізіп, жұмыс жоспарын құрып, кезекшілік ұйымдастырдық. Референдумға қатысатын тұрғындардың тізімін нақтыладық, олардың арыз-шағымдарын тыңдадық.

Әлі есімде, Жамбыл атындағы кішкентай көшеде тұратын бір тұрғын менің үйімнің алдына тас төсеп беріңдер деп өтінішпен келген болатын. Дереу директорымыз Асқар Әжімұратовқа айтып, тас төсетіп бердік.

Біздің жарық тарату станциясында екі РАФ микроавтобусы бар тұғын. Референдум өтетін күні соның біреуін директорымыз маған бекітіп берді. Оны жүре алмайтын қарт кісілердің үйіне сайлау жәшігін апарып, дауыс бергізуге пайдаланып отырдық. Референдум өтіп жатқанда біздің учаскеге Алматы облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетов келді. Референдум барысымен танысқаннан кейін, тұрғындардан қандай шағымдар бар деп менен сұрады. Мен әкімге екі мәселені жеткіздім. Біріншісі, Энергетикалық кенті ұстаздарының аудандағы басқа ауылдардағы сияқты ауыл мұғалімдеріне тиесілі еңбек ақыға жеңілдіктерін ала алмай жүргенін, екіншісі — қаладан келетін №42 автобуста Алматы қаласындағыдай біздің зейнеткерлердің де тегін жүргісі келетінін жеткіздім. Әкім көмекшісіне жаздырып алып, көмектесемін деген сияқты еді, Референдумнан кейін ештеңе өзгерген жоқ.

Ұйымдастыру мәселелерінің арқасында біздің Энергетикалық кентінде Референдум ойдағыдай өтіп, сайлаушылардың қатысуы жоғары деңгейде болды. Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, 30-тамыз Конституция күні болып белгіленді. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция — Ата заңымыз тәуелсіз, егемен мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты деп ойлаймын. Биыл соған 25 жыл толады екен.

Ал, мен қатысқан Референдум біздің қазақ халқының, қазақ елінің тарихындағы айтулы  оқиға болғаны хақ. Сондықтан, барымызды бағалауға, қымбатымызды қастерлеуге тырысуымыз керек, Сіздерді соған шақырамын.

Мына ескі суретте Энергетикалық комиссия мүшелері отыр. Сол жақтағы ер кісі Фурманов атындағы 8-мектептің директоры Б. Ф. Шевченко, оң жағымдағы зейнеткер Э. А. Гейм, ертеректе поселкелік Кеңестің төрағасы болған.

Ғ.Сүйіндіков

Басқа жаңалықтар

Back to top button