Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыМәдениетМерекелерРухани Жаңғыру

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 25 жыл толып отыр. Негізгі заңымыз – бұл адамның құқықтары мен бостандығы сақталуының негізгі кепілі. Халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мерекені атап өтуіміздің өзі мемлекетіміздің болашағының жарқын болатындығына кепілдік береді.

Мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған осы басты құжаттың арқасында біз тұрақтылық, келісім мен өркендеу жолымен болашаққа нық қадам басамыз. Ширек ғасыр бойы Ата Заңымызда атап көрсетілген құқықтар мен тұғырлы қағидаттардың арқасында халық бірлігі нығайып, өзара ынтымағы жарастық тауып, еліміздің тұтастығы қамтамасыз етілді. Таңдаған жолымыздың дұрыстығы арқасында ел тәуелсіздігінің қалыптасу жолынан сәтті өттік. Конституцияның өзекті ережелеріне сүйене отырып, біз ел тағдыры үшін өмірлік маңызы бар жаңаруларды жүргіздік, құқықтық және демократиялық қоғамның негізін қаладық. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Достастығы артқан, ынтымағы мықты Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде дүние жүзі жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды десек, қателеспейтін сияқтымыз. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарын сақтауына берік негіз болды. Жасампаз жаңа дәуірге кең жол ашты. Еліміздің жеткен жетістігі мен алған белесі осы тұғырлы Конституцияның арқасында мүмкін болды.

Ардақты ағайын! Баршаңызды осы айтулы мерекемен құттықтап, Сіздерге амандық пен денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, бақ-дәулет тілеймін!

Б. ҚАРАСАЕВ,
Іле ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы
аудандық филиалының төрағасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button