Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыМәдениетМерекелер

ОНЛАЙН ФОРМАТТАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ

1 қыркүйек - білім күні

Тамылжыған сарша тамыз аяқталып, күрең күзден де хабар келіп жетті. Жыл сайын осы мезгілде қала іші абыр-сабыр, ел-жұрт дүрлігіп, жаңа оқу жылына дайындалып, оқушылар құрал-жабдықтарын әзірлеп, қым-қиғаш қызу тірлік кешуші едік. Алайда, биылғы жаңа оқу жылында, жорғасынан жаңылған жүйріктей, дәстүрлі жоралғы жасалмайды. Көшеде құшақ-құшақ гүл шоқтарын көтеріп, көздері күлімдеп, жүздерінде нұр ойнап, алтын ұя мектебіне асыға басып келе жатқан шәкірттерді көре алмаймыз. Тіпті, сан қарлығашты түлеткен, ғалымға да, дарынға да, әкімге де, жұмысшыға да білім дәнін сеуіп, мейірімін төккен қара шаңырақ жұртта қалған аңшының қосындай болып қаңырап қалғаны баршамызға мәлім. «Жер гүлімен сәнді» демекші, мектептің сәні де, мәні де баланың күміс күлкісі мен жарқын үнінде. Биыл білім ошақтарында сыңғырлаған алғашқы қоңырау үні де естілмейді. Мұның барлығы елге келіп жеткен індет әсерінен екені айтпаса да белгілі.

«Ит үреді, керуен көшеді», — дейді дана халқымыз. Коронавирус салдарынан оқушылар үйде отырса да, білім алуын тоқтатпайды. Биыл мектепте естілмеген қоңырау үнін шәкірттер онлайн түрде әлеуметтік желілер мен түрлі платформалар арқылы еститін болады. Бұл – еліміздің тығырықтан шығар жол тауып, әлемнің дамыған елдері секілді жаңашылдыққа ұмтылып, «Сандық Қазақстан – 2020» бағдарламасын іске асыруға қадам басқанының белгісі. Жылдағы үрдіс бойынша мектепке келмесе де, оқушылар өміріндегі маңызды сәттің бірі – «алғашқы қоңырау» мерекесі онлайн түрде қашықтан өткізіледі. Аудандық білім бөлімінің басшысы Л. Каткееваның берген мәліметіне сүйенсек, биыл 0 сыныпқа 3600 оқушы барса, 6863 оқушы 1-сыныпқа қадам басқалы тұр. Аудан бойынша 1-11 сынып аралығында білім алушылардың жалпы саны 58 403 оқушыны құрайды екен. Ал, мектепалды даярлық тобының балаларын қосқанда барлығы 6200-ден аса бала білім алады. Аудандық білім бөлімінің басшысы кей мектептерде ата-аналардың өтініші бойынша бастауыш сынып оқушылары арасында «кезекші сыныптар» құрылып, кезектесіп мектепте білім алуы мүмкін екенін де атап өтті. Сондай-ақ, «Мектепке жол» қайырымдылық акция аясында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан және қорғаншысынан айрылған немесе жетім балаларға мектептер мен аудандық білім бөлімі тарапынан көмек көрсетіліп, оқушылар мен мектеп мұғалімдері компьютер, планшеттермен жабдықталып, жаңа оқу жылына сақадай сай екен. Ауданымыздағы ғаламтор желісін реттеп, жаңа оқу жылында шәкірттеріміздің сапалы білім алуы үшін жағдай жасап, ғаламтор мәселесін шешу мақсатында «МобайлТелеком-Сервис», «АSTEL» және «ALTEL» компанияларына қатынас хат та жолданыпты.

Мектеп оқушыларының қашықтан білім алып, жаңа оқу жылын да қашықтан бастауы – ел тарихындағы соны жаңалық пен тың бастама. Осындай ел басына күн туған шақта абыржып, абдырап қалмай, «уатсап», «телеграмм» әлеуметтік желілері арқылы және «Daryn.online», «Mektep.kz», «Kundelik.kz» секілді платформаларды қолдана отырып, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға бел буып, шәкірттерге сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында қызметтеріне табыс тілейміз. Сәл сабырлылық танытып, сақтық шараларын қатаң ұстансақ, бұл дүрбелең толы кезеңнен аман өтіп, оқушыларымыз мектепке оралып, киелі шаңыраққа жан бітер күнге де жетерміз.

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button