Біз — бір отбасымыз!
«Отан – отбасынан басталады» деген нақылдың жаны бар. Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан бастау алады. Оның ер жетіп, өсуі барысында бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады. Сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.
2013 жылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін «Отбасы күні» деп белгілеген болатын.
Осы мерекеге орай И.Нүсіпбаев атындағы Алматы облыстық мектеп-интернатында «Отбасым – бақыт мекенім» атты апталық іс шаралар атқарылды. Іс-шаралар кешені аясында мектеп-интернатымыздың ұжымы, ата-аналары мен оқушылары барша қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады. Шара барысында мектебіміздің директоры Л.А. Қасымбекова сөз сөйлеп: «Отбасы – бала тәрбиесінің алғашқы академиясы. Олай дейтінім, баланың алғашқы тәрбиесі, бойға жиятын ізгі қасиеттері отбасынан басталады. Халқымыз «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп тектен тек айтпаған. Әрбір қазақстандық отбасының өркендеуімен біздің Қазақстанымыз, біздің Отанымыз нығая берсін. Отбасы — адам өміріндегі ең маңызды нәрсе. Отбасы қиналғанда қайғыңмен қуанғанда қуанышыңа ортақ болатын, аяулы жандар», — дей келе, отбасының тірегі — сүйіспеншілік, бірлік және сенім екендігін баса айтты. Сондай-ақ, көпті көрген үлкен кісілер жас ата-аналарға отбасы құндылықтары туралы түсіндіріп, отбасын сақтаудың маңыздылығы жайлы ой қозғалды.
Иә, отбасы жоқ адам – қанатсыз құспен тең. Ал бірін-бірі сыйлап, бірін-бірі сүйіспеншілікке бөлеп, отырған отбасы бар адам өте бақытты жан. Отбасымыз бұзылмай, шаңырағымыз шайқалмасын. Ол үшін өзара сыйластық пен түсіністік таныта білу керек.
Е.М. Белғожа,
И. Нүсіпбаев атындағы Алматы облыстық мектеп-интернатының әлеуметтік педагогы