ҰЛАҒАТТЫ ІСТЕРІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Исаев Әмзе Әлдібекұлы басқаратын Іле аудандық адагерлер ұйымы бірлесіп осы өлкеде өтетін барлық іс-шараларға белсене атсалысуда. Әрине, бірінші кезекте аға буын өкілдері жастарға патриоттық тәрбие беру, еңбекке баулу, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, яғни ұлттық кодымызды сақтау мақсатында аудан, облыс көлемінде үлкен-үлкен тағылымдық іс-шараларды көптеп өткізуде.
Солардың ішінде Мұқтар Назарбаев басшылық жасайтын Энергетик округі ардагерлер ұйымы жұмысының соңғы жылдары жандана бастауы қуантады. Энергетик округі әкімдігімен (әкімі Бауыржан Жұмабаев) бірлесе отырып ел бірлігін, ұлтаралық тұрақтылықты сақтау, ауыл тазалығын назарда ұстау, жыл сайын қайталанып отыратын мерекелік іс-шараларды өз дәрежесінде атап өту, жастармен түрлі кездесулер, саханалық қойылымдар, концерттер даярлау, спорт ойындарын, қайырымдылық акцияларын өткізу шаралары үрдіске айналды. Негізі Өтеген батыр кенті тұрғындарынан құрылған аудандық «Әлібек Нұрқожа» атындағы ардагерлер ансамблі ауданның атын облыс, республика көлемінде танытып келеді.
Әйтеке би бабамыз: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін», – дегеніндей ауылымызда қарылғаштың қанатымен су сепкендей болса да, халқына жаны ашитын, ұлтжанды, рухани бай, өнегелі істерімен көзге түсіп жүрген іскер де білікті азаматтар баршылық. Олардың қатарына М. Назарбаев, Қ. Көрпебаев, М. Сейдалиев, Б. Барлыбаев, А.Сұртаев, Н. Түймелеев, Ғ. Сүйіндіков, Қ.Қайсенов, М. Жәбиева, К. Отарбекова, Н. Пошанова және барлық ансамбль мүшелерін жатқызуға болады. Әсіресе, биыл елімізді жайлаған «коронавирус» індетінен қара халық қатты қиналуда. Көпбалалы аналар мен материалдық жағынан аз қамтылған отбасылар жұмыссыздық пен қымбатшылық зардабын тартуда. Осындай жағдайда қиналған жамағатқа қол ұшын беруде біздің Энергетик округі ардагерлер ұйымы мүшелерінің игілікті істері көпке үлгі боларлықтай.
Көпбалалы аналар, асыраушысы жоқ, бар болса да мүгедек, не жұмыссыз, еш жерде тіркелмеген, пәтер жалдап тұрып жатқан Ж.Сыдықова, Г. Әбішева, К. Исаева, Г. Әуелбекова, С.Жарамағанбетова, Ж. Көпбаева, Г. Молдасынова, З.Рахмадинова, Т. Көпшілбаев тағы басқа отбасыларына көмектесуде. Ризашылықтарын білдіріп жазған «Рахмет айтамын», «Ізгі тілек», «Қиындықта көрген жақсылық еш ұмытылмайды», «Жақсылық істерің Алладан қайтсын!» деген тақырыптармен жазған жүрекжарды алғыстары шексіз.
Солардың бірі Сапура Жарамағанбетованың хатынан үзінді: «Мен көпбалалы анамын. Еш жерге тіркеле алмай, пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Энергетик округі ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі (біреулердің айтуымен) Қабылан Көрпебаев деген кісіге барып, жағдайымды айтып едім, сөзге келмей көмек қолын созды. Ол кісі азаматтық жасап менің 6 адамнан тұратын отбасымды өз үйіне тұрақты тіркетті. Соның арқасында міне, екі жылдың айналасы болды, 84000 теңге әлеуметтік жәрдем ақы аламын. Жұмыссыз жүрген отағасы Сандыбек Рақымбергеновті дәнекерлеушінінің курсына жіберіп, ай сайын 16000 теңге шәкірт ақы алып тұрдық. Балаларымды киім-кешекпен жылда қамтамасыз етіп келеді. Жүргінде иманы бар, мейірімді, қайырымды жандар баршылық екен-ау деп қуандым. Шынымды айтсам еш туыстығы жоқ азаматтардан жақсылық, жәрдем көргеніме өзіме-өзім сенбей, тура бір түс көргендей болдым. Ризамын! Жақсылықтарың алдыларыңнан шықсын!» – деп жазған екен.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – дегендей, сөз соңында қайырымдылық іс-шараларға атсалысып келе жатқан, қиналған жандарға қол ұшын беріп көмек көрсетіп жүрген, иман жүзді азаматтар Қабылан Көрпебаев, жеке кәсіпкер Дәурен Серікбаев «КазТрансГаз» мекемесінің участке басшысы Ерболат Бегімбаев, «Қожабек ата» мешітінің бас имамы Осман қажы Кенжебайұлы, Іле аудандық мешітінің қызметкерлері, Іле аудандық су құбыры, кәріз жүйесі мекемесінің басшысы Садыр Зәкіржанов сияқты азаматтарға шын жүректен алғыс айтамыз!
Қоғамды жайлаған қымбатшылыққа қарамай, үкіметке ауыз аша бермей, еліміздің тәуелсіздігі баянды, мерейі үстем болсын деп, аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды қалай мақтасақ та, марапаттасақ та жарасады емес пе?! Осындай жомарт, иманжүзді жандар көп болса игі деген тілек!
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ, ауданның Құрметті азаматы,
аудандық ардагерлер ұйымының төралқы мүшесі