Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымРуханиятТұлға

ҰЛТ БІРЛІГІНІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Мемлекетіміздің тіл мәртебесін көтеруге ерекше мән беріп, Қазақстан халқының тілдер мерекесі күнін белгілеуінде үлкен мағына жатыр. Бұл, біріншіден, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңітіп, насихат жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне жол ашады. Екіншіден, елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігін арттыруға, мәдени құндылықтарын дәріптеуге сеп болады.

Қазақстан халқының тілдер мерекесінің жыл сайын 5 қыркүйек күні тойлануында да тарихи мән бар. Бұл күн – халқымыздың азаттығы мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ағартушы, ақын, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.

Ахмет Байтұрсынұлы артына «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырды. Бұл сөздің бұлтартпас шындық екенін тарих өзі дәлелдеді.

Біздің мектеп ұжымы атаулы мерекені ешқашан ұмыт қалдырған емес. Жыл сайын түрлі мерекелік шаралар, ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастырып келеміз. Бәріміз білетіндей, биыл пандемия жағдайына байланысты республика көлеміндегі барлық мектептер онлайн режимге көшірілді. Сондықтан, осы оқу жылында да тіл мерекесіне орай онлайн форматта іс-шаралар ұйымдастыруды мектеп ұжымы өзімізге борыш санадық.

Қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі Райхан Бабаева апайымыздың бастамасымен 7 қыркүйек күні қоғам қайраткері, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордені мен «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман Әлиқызымен «Zoom» платформасы арқылы жоғары сынып оқушыларына кездесу өткіздік.

Кездесу барысында оқушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ой бөлісті. Асылы Әлиқызымен тілдің қасиеті, бүгіні мен ертеңі жайында әңгіме қозғалды. Елім, жерім деп жүректері соққан қазақ жастары үшін өнегеге толы кездесу болды.

Әріптесім Айнұр Алдабергенова екеуміз Асылы ханымның мемлекеттік тілдің мәртебесі мен халықтар достығы жайында айтқан әңгімелерін жазып алып отырдық. Мұндағы мақсатымыз алдағы уақытта өзге де оқушыларға осы өнегелі сөздерді айтып беріп, көкейлеріне қондыру болатын.

Айнұр МАРАТОВА,
№4 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button