МЕРЕКЕЛІК МАРАПАТ
Еліміздің жаһандану заманында жұтылып кетпей, қанат жайып, өркендеп, даму жолына түсуіне барлық заңның бастауы, қайнар көзі болып саналатын Ата Заңымыздың ықпалы зор. Себебі, Конституция – барлық заңның атасы. Бүгін Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев аудан игілігі үшін еңбек етіп, өңіріміздің гүлденуіне, Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға елеулі үлес қосып, Конституцияда көзделген мүдденің орындалуына атсалысып жүрген 23 азаматқа ел Конституциясының 25 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медаль табыстады.
Шара барысында Б. Қарасаев қатысушыларды мерейлі күнмен құттықтап: «Еліміздің басты құжаты – Конституцияның қабылданғанына 25 жылдық мерейтой құтты болсын. Ширек ғасырға жуық ұлы Отанымызды, ауданымызды мекендеген барша ұлт пен этнос өкілдерінің татулығы мен бірлігінің, теңдігінің негізі болып, азаматтардың еркіндігін, азат әрі бақытты ғұмыр кешуін қамтамасыз етіп, іс-әрекеттерін құқықтық шеңберде талқыға салып, айқындаған, жеке және заңды тұлғалардың мүдделері мен меншіктерін қорғап келген құжат Қазақстан атты мемлекетпен бірге болашаққа аттанып, сан жылдар, тіпті ғасырлар бойы еліміздің құқықтық тірегі болатынына сеніміміз мол», — дей келе, алдағы уақытта да Конституцияға ұқыптылықпен назар салып, онда көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындап, қоғамдық келісім мен ел тыныштығын сақтауға өз үлесімізді қосу барша жұрттың міндеті екенін баса айтты.
Мерекелік медальмен ауданымыздың дамуына үлестерін қосып жүрген Ботабеков Тоқан Көкенұлы, Досаев Серік Төкенұлы, Зәкіржанов Садыр Тұрсынұлы, Кененова Төрткен, Көпеева Гүлдана Амангелдіқызы, Күштібаев Марат Әлімқұлұлы сынды азаматтар марапатталды. Ал, Іле ауданы мәслихатының хатшысы Абилова Роза Микаилкызы ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік медальмен бірге ҚР Президентінің 2020 жылғы 3 шілдедегі Жарлығы бойынша «Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жыл» мерекелік медалі табысталды.
А. ЕРЖАНОВ