Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғамРуханият

ТІРЛІГІМНІҢ АЙҒАҒЫ

Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады, оның рухани мәдениетінің бір бөлігі болып табылады, сондықтан да тіл өзіне деген құрметті талап етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өткен жылғы Жолдауында: – «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін»,- деген болатын.

Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен қазақ азаматтары мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге зейін қойып, қазіргі уақытта мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат етіп отырғандығы қуантады.Бұл ретте біздің аудан жақсы көрсеткіш көрсетуде. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан ұйымдастырылып отырған байқаулар осы сөзімнің айқын дәлелі. Қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған еді.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мемлекеттегі тілдік ахуалды, тіл құрылысын қалыптастыру мен дамытудың негізгі факторы және ұлтаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді реттеу бағытында жұмыстар атқарылып келеді. Тілдік мәдениет пен жалпы адами рухани құндылықтар принциптеріне негізделген қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты, қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту және дамыту мақсатында: «Тіл шебері», «Абай оқулары», «Тіл-дарын», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы», «Мен қазақша сөйлеймін», «Қазақстан халқы тілдері» тақырыбында ұйымдастырылған түрлі республикалық байқаулар, конкурстар мемлекеттік тілді әртүрлі жастағы азаматтар арасында насихаттауға бағытталады. Мұндай іс-шаралардың мазмұны мен мақсаты жүйелі үйлестірілгенде ғана нәтиже берері белгілі. Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орайластырылып жыл сайын қыркүйек айы түгелдей тіл шаралары, тіл фестивалі ретінде өңір-өңірлерде кеңінен аталып өтіледі. Аудан бойынша семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, конкурстар, сұхбаттар, теле, радиобағдарламалар, марапаттаулар, құттықтаулар түрінде көптеген шаралар ұйымдастырылды.

Сөзімді түйіндей келе, бұл шаралар осы мерекемен ғана шектеліп қалмай, әрі қарай өз жалғасын табады деп ойлаймыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» — деп тура айтқан. Олай болса, тілімізді қадірлей білейік!

Ардақ АХМЕТЖАНҚЫЗЫ,
мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің бас маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button