ЖАҢА ӘЛІПБИДЕГІ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР
Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі кеше-бүгін ғана қозғалып отырған жоқ, дегенмен тіл мамандары үшін ол қашан да елеулі мәселе болып қалмақ. Осы мәселе бойынша әртүрлі ойлар мен пікірлер айтылуда. Еліміз егемендігін алғалы айтылып, бүгінгі таңда нақты жоспары құрылып іске асырылуда. Халқымыздың тәуелсіздігінің бір белгісі – әрине, тіліміздің өркендеуі. Орыс тіліне қазақ тілінің дыбысталу ережесі әлі күнге дейін тәуелді болып отырғанын халық байқай бермегенімен, ол тіл жанашырларының көкейкесті мәселесі. Қазақ тілінің дыбысталуына мүлдем жат белгілердің (жіңішкерту және айыру белгілері) орынсыз тықпалануынан, байырғы қазақ тілінің дыбысталуына жат дыбыстардың қажетсіз қолданылуынан ( ц, ч, щ т.б.) айығатын кез келді. Кірме сөздердің тілімізге ыңғайланып, өзгеріске ұшырап дыбысталуы қажет екендігін түсіндіру тіл мамандарының алдына қойған міндеті деп білемін.
Қазақ тілінде дауысты дыбыстар тілдің қатысына қарай жуан және жіңішке дауыстылар болып бөлінеді. Ендеше тілімізге жіңішкерту белгісінің (ь) мүлдем керек еместігін ғалымдар дәлелдеген. «Альбатрос» сияқты өздерді «Әлбатрос» сөзімен ауыстыру дыбысталуына ешқандай өзгеріс әкелмейтіні анық, керісінше тілімізге жатық.
Емле ережелерін қабылдамас бұрын латын әліпбиіндегі қаріптердің дыбысталу тәртібінен
алшақтамау керектігін ескерген жөн деп есептеймін. Қазіргі қабылданған ы әрпінің у болып жазылуы тіл үйренушілер мен ағылшын тілімен қатар үйренетін жас буынға қиындық тудырады. Және қосарлы и дауысты дыбысының жазылу емлесін қайта қарастыру керектігін ескерсе екен. Мысалы: киім сөзін латын қарпімен жазғанда kiyim (кійім) етіп, айтылуы бойынша жазылуының оңтайлы болатындығын қарастырса екен деп ұсынар едім.
Сөз соңында қаншалықты қиындықтар болса да, ел үшін, болашақ ұрпақ үшін осы реформаны әрбір азаматтың қолдауы – жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ.
М. ЖӘНІБЕКОВА, Чапаев ауылдық округі әкімі
аппаратының бас маманы