Бүгінгі бала — ертеңгі елдің болашағы. Қазіргі таңда әрбір бала өзіне қажетті білім алуға құқылы. Балалардың қажетті білім алуына материалдық қажеттіліктердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында жыл сайын «Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.
Акцияның мақсаты — мектепке баруға мүмкіндігі жоқ аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға, жетім балаларға қамқорлық көрсетіп, мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке дайындауда көмек көрсету және оларға толықтай білім алуға жағдай жасау. Осыған орай Іле ауданы Қосөзен ауылы «№ 14 орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде акция жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына, демеушілерге үндеу жолданып, ауылдың жеке кәсіпкерлеріне сұраныс хаттар таратылды. Мектептің Қамқоршылық кеңесіне, мектеп ұстаздары Р. Жұмағулова мен Г. Дүнбаеваға, ата-аналарға, «Құрылыс Бәйтерек Сервис» ЖШС компаниясына аз қамтылған, жартылай жетім, көп балалы отбасы балаларына мектеп сөмкесі, оқу құралдары және мектеп формасын алып беріп көмек көрсеткендері үшін алғысымыз шексіз. Шын көңілден жасалған қайырымдылық адамға жан рахатын сыйлап, сөз жетпес ләззат береді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деудің мәнісі де осы. Қолындағы барын мұқтаж жандармен бөлісіп, ләззат алып жүрген адамдар нағыз қайырымдылық иесі.
Н. БАЙБУҚАШЕВА,
№14 орта мектептің
әлеуметтік педагогы