Без рубрики

ЖАНАШЫРЛЫҚҚА – ЖАН РИЗА

Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептеуір салмақ түсіретіні анық. Отбасында бірнеше бала болса, әке-шешесінің барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Бұдан басқа да әлеуметтік көмекті қажет ететін тұрмысы төмен отбасы мен жетім, жартылай жетім жеткіншектер бар. Оларға да көп болып көмек көрсету игілікті іс. Осыған орай, жыл сайын елімізде «Мектепке жол!» атты республикалық акция өткізіліп келеді. Бұл іске облыстық, аудандық әкімдіктен бастап, басқарма, департаменттер, түрлі мекеме, ұйымдар белсене түрде атсалысып келе жатқанын айта кеткен орынды. Сол сияқты ата-аналар, ұстаздар, кәсіпкерлер демеушілік көмек көрсетуде. Соның нәтижесінде №9 орта мектеп балалаларының орта біліммен толық қамтылуына жағдай туғызды. Осы орайда, мектеп басшылығының көмекке мұқтаж жандарға тиісті жағдай туғызған облыстық «Нұр Отан» партиясына, «Хайр-Ихсан» мешітінің имамына, «Жанар» дүкенінің иесіне, «Цой» жеке кәсіпорнының басшысына, «Ламинур» дүкенінің иесіне, «Ерназ» қоғамдық қорының басшысына, «Damu» логистикалық компаниясысына айтар алғысы шексіз.

Аялы алақанымызды, қолұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту – барлық азаматтың борышы. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің», – деген екен дана халық. Қайырымдылық — халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей, кемтар, жетім, қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Акцияның жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналуы қоғам тарапынан жасалып жатқан еліміздің болашағының баянды болуы үшін өскелең ұрпақты адами-рухани бағытта тәрбиелеу, қазақстандық балаларға көмек және қолдау көрсету жолының жалғасы болып табылады.

Ендеше, болашағымыз бақытты болсын десек, бір-бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямалық ағайын!

С.НҰРБАЕВА,әлеуметтік педагог

Басқа жаңалықтар

Back to top button