Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымРуханият

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ

Бірнеше ғасыр өзге елге бодан болдық, тарихымызды ұмыттырып, басқалардың жадымызға күшпен сіңірген ақиқаттан алыс, жат тарихын жаттауға мәжбүр болдық. Егеменді ел болып еңсемізді тіктегенімізге 30 жылға аяқ басты. Байыппен сараптап өткенге көз жіберер болсақ көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақтың тарихы – ол ұлт болып ұйысудың, мемлекет болып қалыптасып, шындалудың тарихы. Ол тарих бүгінгідей кемел сипатты мемлекеттілікке жету жолындағы күрес жылнамасы ретінде бізді өткеніміз арқылы біріктіріп, мемлекеттілігімізді сақтауға жұмылдыру аясында бүгінгі қазақты, болашақтағы барша буынды, ұрпақты ұйыстыруы қажет.

Өткенге көз салсақ, тілінің жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше кезеңдерді басынан өткізгенін көреміз. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келген. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру 2012 жылғы 14 желтоқсанда Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың “Қазақстан-2050” Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген сөзінен бастау алды. Талай талқылаулардан өтті. Бүгінгі күні латын әрпіне көшу не береді? Еліміздегі 80 жылдан бері жазылған тарихи, көркем әдеби, ғылыми құндылықтарымыз келер ұрпаққа қолжетімсіз бола ма деген қауіпке толы сұрақтар болды. Біріншіден, қазір озық технологияның дамыған заманы, сөз сөйлем емес, кітапты толықтай лезде аударатын мүмкіндіктер болатынына сеніңіз. Екіншіден, жоғарыда айтып өткендей латын жазуы қазаққа бейтаныс емес. Бізді кириллицамен төл тарихымыздан, мол әдеби мұрамыздан қол үздіріп, санамызға сіңірген жалған тарих пен отарлық санадан арылту үшін де оның маңызы зор. Үшіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса бұл әліпби ақпараттық-технологиялар саласын дамытуға, шет елдерде тұратын қазақ қандастардың жылдам ақпарат алуына, үш тұғырлы тіл бағдарламасын жүзеге асыруға септігін тигізері хақ. Латын қарпіндегі архивтерде 80 жыл бойы бейтаныс болып келген тарихи құнды жәдігерлермен аудармасыз түпнұсқадан танысуға мүмкіндік берері сөзсіз. Барлығы да еліміздің жарқын болашағы үшін. Ел игілігі үшін ерінбей еңбек етейік, ағайын!

Б. ИМАНБЕКОВ,
Боралдай кенті әкімі аппаратының бас маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button