Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғам

Қайырын өзің көресің

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» – деген дана халық. Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Адам қайғысы – заман қайғысы» демекші, бүгінгі таңда түрлі әлеуметтік мекемелерде қайырымдылық акциялары мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей біздің мектебімізде осы мәселеге кеңінен көңіл аударылып, ізгі, игілікті істер өз жалғасын табуда.

Мектебімізде жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясына бүкіл мектеп ұжымы белсене атсалысуда. Мектеп қабырғасындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасы, толық емес отбасы оқушыларын мектепке дайындау барысында оларды оқу құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, жалпымен бірдей білім алуларына барынша жағдай жасалды.

Акция барысында «Балаларға бірге көмек берейік!» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жәрмеңкеден түскен қаражатқа оқушыларға көмек көрсетілді. Осы акция барысында демеушілік көрсетіп көпбалалы, толық емес, аз қамтылған отбасы оқушыларын оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, қол ұшын созған мейірімді жандарға алғысымыз шексіз. Көмек алған мектеп оқушыларының ата-аналары демеушілерге алғыстарын білдіріп, үлкен рахметін айтты.

Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Ендеше, көп болып, асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, қолымыздан келген көмегімізді аямайық. Бала сенімінің нық болуына қадам жасайық. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без», – дегендей, қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, оларға жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынған жандарға алғысымыз шексіз.

 

А. ӘБДІРАСЫЛ,

№29 орта мектеп әлеуметтік педагогы

Басқа жаңалықтар

Back to top button