АЛАШТЫҢ БЕТ ТҮЗЕР ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
Арқалы Алаш елінің бет түзер темірқазығы, рухани ұстазы – Абай Құнанбайұлы. Абай туралы көптеген зерттеулер мен ғылыми мақалалар жазылды. Ақынның мол мұрасын әдеби талдау жасап, жан-жақты ізденіп жүрген ғалымдар да жетерлік. Десек те, Абай туралы қанша толғанып сыр шертсек те, жыр төксек те аздық етпейді. Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының – 175 жылдық мерейтойы. Ақын мерейтойы қарсаңында елімізде әртүрлі шаралар кешені өтіп жатыр. Алайда, індетке байланысты көптеген шара онлайн түрде өткізіліп, ақынның ұлы тұлғасын жан-жақты танытуға тырысып бағуда. Біз де ақын мекен еткен өңірге шолу жасап, ақын жүріп өткен жолмен ақын мәңгілік мекен тапқан аймаққа сапар шегейік.
«Жидебай – ақындар меккесі». Пай-пай, не деген керемет теңеу десеңізші! Осы сөздің астарында терең мағына жатыр емес пе? Бұл – Қазақ халқының «Бас ақыны» атанып, жазба поэзияның негізін салушы ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлын дүниеге әкелген қасиетті өлкеге деген сүйіспеншіліктен туған теңеу. Себебі, Мекке, ондағы қасиетті Қағба күллі мұсылман қауымы үшін қандай қастерлі, қандай сыйлы болса, Абайдай дана ақынның кіндік қаны тамып, саналы ғұмырын өткізіп, жер бесігіне айналған мекен де иісі қазақ баласы үшін дәл сондай құрметке ие.
Шыңғыстау баурайын өз көзіммен көріп, ақын бабамыздың жұтқан ауасымен тыныстап, суын ішу, баба бейітіне барып зиярат ету бала күннен бергі арманым еді. Мектеп қабырғасында жүргенде «Абай оқуларына» қатысып, республикалық сайысқа жолдама алғанда жүлде үшін емес, баба рухына тағзым ету үшін Абай еліне баруды мақсат еткен болатынмын. Алайда, сол жылы сайыс Жидебайда емес, Семей қаласында өтіп, ішімде «әттеген-айым!» қалып еді.
Абай атындағы университетте білім алып жүргенімде Елбасының бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында Абай атындағы қара шаңырақ пен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі арасында өзара ынтымақтастықты орнатып, ұлы ақынның мұраларымен тереңірек танысу үшін арнайы іс-сапар ұйымдастырылған болатын. Семей қаласындағы Абай мұражайына университеттің атынан баратын делегация құрамына іліккенде бала күнгі арманым орындалатын күн туғанын сезініп, төбем көкке бір елі жетпей тұрды.
Хош. Сонымен, 2017 жылдың 19 шілдесінде Тәрбие басқармасы жанындағы Әлеуметтік бөлім басшысы Ерболат Шарғынов, «Абайтану» орталығының дирек-торы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, абайтанушы ғалым Жабал Шойымбет үшеуіміз университеттің үмітін арқалап, «Семей қайдасың?» деп сапарға шықтық. Жол-жөнекей Жабал ағамыз ұстаздары Қайым Мұхамеджанов, Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» ғылымына қосқан үлесі мен Абай шығармашылығы жөнінде ой қозғап, Абай поэзиясын зерттеудегі тың деректерден ақпарат берді. Ғалым ағаның сөзіне айрандай ұйып, кештің батуы мен таңның атуын да сезбеген күйі Семей қаласына ат басын тіредік.
Вокзалда бізді мұражай директоры Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы Бөрілідегі М.Әуезов мұражай-үйінің жетекшісі Исабаев Шағжан Бекенұлы екеуі күтіп алды. Біз ең әуелі Абай рухына құран бағыштауды жөн санап, қазақ поэзиясының атасы жатқан қасиетті өлке Жидебайға аттандық. Жол көрсетушіміз Шағжан Бекенұлы Жидебайға жеткенше Шыңғыстау өңірінің табиғатымен, тарихи орындарымен таныстырып келеді.
Семейден орта көш жерде алдымыздан Күшікбай асуы қылаң берді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ел намысын қорғап, елі мен жерін жаудан азат еткен Уақ руының батыры Күшікбай туралы естігеніміз бар-тын еді. Бұл асу Күшікбай батырдың дұшпанын жер жастандырып, ақ найзасына сүйеніп, дүниемен қош айтысқан мекені екен. Төбенің басында дулыға тәріздес етіп орнатылған Күшікбай батырдың кесенесі зорая көрінеді. Күшікбай асуынан өткен соң тау шатқалында Есембай жырасы мен мұндалап тұр. Бұл маңнан өткенде әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолында» бала шәкірт Абай тымағы мен шапанын теріс айналдырып киіп алып, ұран салып Жұмабай мен Байтасты қорқытатын сәті есіме түсіп, Абайдың әрекеті мен Жұмабайдың қорғансыз күйі көз алдыма елестеп өтті.
Семей сан белдің астында қалып, Күшікбай асуы мен Есембай жырасын жолда қалдырып, машина заулап келеді. Шағжан да әңгімешіл жігіт екен. Әр тұстан өткен кезде сол жердің тарихы мен Абай өміріне қатысын баяндап отырды. Жол жөнекей Еңлік-Кебек кесенесіне соғып, қосыла алмай кеткен ғашықтарға «жандарың жәннәтта болсын» айтып, жолға түстік. Архат тауының аңғарына жеткенде Еңлік пен Кебектің қуғыншылардан жасырынған үңгірі орналасқан шатқалды, Әйгерім мен Ділдәнің қыстауы болған мекенді көрсетіп, Абайдың жайлауы болған Ералы жазығын баса өтіп, Жидебайға да келіп жеттік.
Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйіне келіп түскенде бізді мұражай қызметкерлері зор ілтипатпен қарсы алды. Мұражайдың экскурсия жүргізушісі Сандуғаш Мұратова бізге Абайдың інісі Оспан қаза тапқаннан кейін өмірінің соңғы он жылын өткізген үйдегі жиһаздар мен құнды жәдігерлерді таныстырып, әрбір бұйымды кім тұтынғанын, Абай өмірімен қаншалықты байланысы барын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Абайдың тұтынған заттары, кереуеті, жазу үстелі, кітап сөресі, тіпті бала кезде анасы жуындырған жез леген мен құман – бәрі сол замандағыдай қаз қалпында сақталған. Бізді таң қалдырғаны Абай заманында қолданылған қазандық пеші болды. Ол пеште екі қазан қатар орналасқан, от жағатын аузы да, мұржасы да бөлек. Тіпті, қазіргі күнгідей ауа алмастырып тұратын түтігіне дейін орналастырылған екен. Мұражай-үйдегі әр бөлменің өз ерекшелігі бар. Ондағы әрбір жәдігерден Абайдың қолтаңбасын көріп, ақын жырын еститіндей, сырттан Абай кіріп келетіндей әсер қалдырды. Мұражайды аралап, жәдігерлермен танысып болған соң, ауласына шықтық. Бастырманың астында Абайдың пәуескесі тұр екен. Пәуеске де сол қалпы сақталған. Ақын өз заманының ұлы тұлғасы болуымен қатар, жаңашылдыққа жаны құмар, озық елдердің тәжірибесіне енген жаңалықты қазақ сахарасына алып келіп отырғанының тағы бір айғағы – Абай мінген қара пәуеске.
Абайдың мұражайынан кейін көңілге қатты әсер қалдырған мекен – Саят қора. Саят қора – қазақ халқының ардақты ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының соңғы қонысы. Бұл жер ақынның елден жырақ кетіп, мәңгі өлмес туындыларын, тарихи-философиялық, поэзиялық шығармаларын дүниеге келтіруге арқау болған киелі жер. Ақынның Саят қорасы Қарауылдан 100-120 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, әрі уақыт өте келе үй бұрынғы қалпынан айрылып, бұзыла бастағандықтан қораның сұлбасы ғана сақталған екен. Шошала алыста орналасқандықтан, көрермендерге ақынның соңғы қонысын көрсету, оның өшпес мұрасымен таныстыру мақсатында, Жидебайдағы Абай мұражай-үйінің қасынан салынған ғимаратта Шәкәрім мұражайы ашылыпты. Бұл туралы Сандуғаш Мұратова: «2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұйрығымен салынған үйде 2006 жылдың 16 қарашасында Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясы ашылды. Бұл экспозицияның өзгеден айырмашылығы – Қарабұлақ дөңі басындағы Шәкәрім шошаласының қазіргі қалдық қалпы. Қабырғалардың әрбір кірпіш үлгі сызбасы да негізге алынды. Ол қазіргі экспозиция ортасында тұрған шағын нұсқа-макет. Оның қабырғаларында орналастырылған Шәкәрім шығармаларының мұқаба беттері айнаға шағылысу арқылы символдық түрде Шәкәрімнің сол кездегі шығармашылық лабораториясынан көрініс береді. Бүкіл экспозиция сол ортадағы шағын шошаланың ұлғайтылған нұсқасы» – деп, экспозициялық залдың ашылу тарихын қысқаша түсіндіріп өтті.
Ендігі бағытымыз Абай мен Шәкәрімнің кесенесі. Сонадайдан күн нұрына шағылысып, шағаладай аппақ екі күмбез көрінеді. Бұл – жыр атасы Абай мен ақын ағаның сара жолын жалғаған Шәкәрімнің мәңгілік тыныштық тапқан мекені. Кесене басында Жидебай қорығының меңгерушісі Икенов Ерғали бізге Абай кесенесінің салыну тарихы мен кесенедегі әрбір нышанның өзіндік сырын таныстырды. Абай мен інісі Оспанның, одан кейін Шәкәрім мен баласы Ахаттың рухына бағыштап құран оқып, Бөріліге қарай ат басын бұрдық.
«Қара адырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа боз қараған, тобылғы басқан». Бұл – Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесінің бастауы еді. «Көксеректі» оқып, оқиға өткен жерді көз алдыма елестетіп жүруші едім. Бөрілінің табиғатына көз салып, Мұхтар аталмыш әңгімеде өз ауылының табиғатын суреттегеніне көз жеткіздім. Бөрілі – Мұхтар Әуезовтың туып-өскен ата жұрты. Сол жұртта Мұхтардың тұрған үйі қазіргі таңда жазушының мұражай-үйіне айналған. Мұражайда Мұхтардың балалық шағынан қарттыққа иек артқан кезіне дейінгі қолданған бұйымдары мен кітаптары, Айгерім ауылында көрініс қойған киіз үйдің шағын үлгісі, сол заманнан сыр шертетін киіз үй жасауы – бәрі-бәрі көз тартады. Шағжан Бекенұлы музейдің ашылу тарихы мен ондағы экспозициялар туралы сыр шертіп, Мұхтардың өмірден озар шағында ұлы Мұратқа жазған хатын оқып берді. Музейдегі әрбір суреттің тарихи маңыздылығына тоқталып өткен Шағжан Бекенұлы мұражайдың іргетасын қалаушылардың бірі, отыз жылдай ғұмырын М. Әуезовтың мұражай-үйіне арнап, Абай мен Мұхтарды қазаққа танытуға күш салып жүрген Бекен Исабайұлының еңбегін баса айтты.
Біз шалғайда жатып, қазақтың қос дарынын елге насихаттап жүрген, ғылыми және әдеби жаңалықтардан тұрақты хабар алып отырған қарт зерттеушімен сұқбаттасуды жөн санап, Бекен Исабайұлының үйіне келдік. Тоқсанды алқымдап отырған қария әлі тұғырдан түсе қоймапты. Тың, ширақ қимылды, сөзге шешен Бекен ақсақалдың «Абайтану» ғылымына қатысты тың әңгімелерін тыңдап, өзіміз білетін Абайды жаңа қырынан тани түстік.
Ертеңіне ат басын Семейге қарай бұрып, Бас мұражайдағы экспозициялармен таныстық. Көпшілік-экскурсиялық бөлімінің аға ғылыми қызметкері Гүлназ Бейсембинова және ғылыми хатшы Садықова Шынар Мұратқызының жол бастауымен Бас мұражайдағы «Абай жолы: Алашты паш еткен әлемге» және жаңадан ашылған «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» атты көрме залдарын тамашалап, керемет әсер алдық. Абай және оның айналасындағы ақындардың тұтынған бұйымдары мен Семей өңіріндегі әнші-күйшілердің аспаптары, сахналық киімдері, батырлардың қару-жарағы, өңірдің табиғаты мен тұрмыс-салтынан хабар беретін экспозициялар Абай рухын асқақтатып тұрғандай, көңілге қуаныш ұялатты.
Бас мұражай директоры Болат Жүнісбекұлы бізге Абай Құнанбайұлы білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесін және «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражай-үйін аралатып, бұл екі ғимараттың да Абай өмірінде маңызды рөл атқарғанын баса айтты. Ахмет Риза медресесі – ұлы ақынның діни білім алып, шығыс ғұламаларының еңбегінен сусындап, өзі нәр алған үш бұлақтың бірінің бастауына айналған киелі орын. Ал «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражай-үйі ХІХ ғасырдың екінші жартысында үстіңгі бөлігі ағаштан салынған, астыңғы қабаты қызыл кірпіштен қаланған қос қабатты үй екен. Бұл үйді Абай өзінің жерлесі, замандасы әрі шәкірті болған Әнияр Молдабаевтың сатып алуына қаржылай көмек беріп, Семейге келгенде тұрақты түсетін үйі болған. Семейде қызмет еткен жылдарында М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов осы үйге түстеніп, Алаш арыстары табанының табы сіңген, сұқбат жүргізген деседі. Осындай тарихи маңызы бар үй Алаш арыстарының мұражайына айналғаны дәтке қуат, көңілге жұбаныш болатындай.
Иә, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ел ғұламасының өмір сүрген мекенін көзбен көріп, ақын туралы тың сырды көкейге түйіп, Абай жайлы танымымды кеңейте түстім. Ойлап қарасам, қазіргі қоғамда қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, үйі жоққа үй алып беруге, сырқат жандарды емдеуге қаржы жинап жүрген мейірімді жандар аз емес. Жоғарыда айтып өткендей, мұндай игі істің басында Абай Құнанбайұлы тұрғанын байқауға болады. Себебі, Семейде үйсіз, күйсіз жүрген қазақ баласына үй алып беруі – Абайдың жомарттығы мен жастарға жанашырлығының айғағы. Алдағы уақытта да қазақ жастары Абайдың ғұламалығы мен ақындығынан, қара қылды қақ жарған әділдігі мен жомарттығынан үлгі алып, ұлы тұлғаның асыл сөздерін құрандай жаттап, көңіл түпкіріне тұмардай сақтаса, рухани темірқазығынан адаспаса, қазақ «Мәңгілік Ел» болып, кемел келешекке сеніммен қадам басар еді.
А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ