КЕМШІЛІКТІ ТҮЗЕТУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді дамытудың жаңа стратегиясымен таныстырды. Президентіміз қоғамның көңіл-күйін жіті бақылап отырғанын, сондай-ақ, елдегі барлық жағдайдан хабардар екенін көрсетті. Ең әуелі жас ұрпаққа білім беріп, мынадай ел басына күн туған заманда да жұмысын тоқтатпай, игілікті іс атқарып жатқан ұстаздардың материалдық әл-ауқатын көтеру мақсатында 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артатыны сөз болды. Ол туралы мемлекет басшысы: «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым», – деп атап айтты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта беретінін жеткізді. «Бұл мақсатқа алдағы үш жылда 1,2 трлн теңге бөлінеді», — деді президент.
Менің ойымша азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысын тұрғын үй алу үшін пайдалана алуы мен ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы – бүгінгі күні өте өзекті мәселе. Дәл осы тақырып ел ішінде сөз болып, ауыл әкімдерін жай ғана тағайындай салмай, тұрғындар өздері сайлауы керектігі, зейнетақы қорындағы қаржыны салымшы өз игілігіне пайдалана алу жайы көптен бері талқыланып, шешімін таппай жатқан болатын. Ауыл әкімдері де өздерін сайлаған халықтың үдесінен шығып, карьералық сатылап көтерілуге талпынып, өздерін жан-жақты көрсетіп, басқаға ысырып тастамай, өз ісіне жауап беретін еді. Қазір ауылда жарық өшіп қалса да Нұр-Сұлтан қаласының «шаңын» қағып жатамыз. Негізі соны қадағалап, қарамағындағыларға нақты тапсырма бермеген ауыл әкімдері кінәлі ғой. Өз «кухнясында» болып жатқан істі сыртқа неге шығарады? Міне, әкімнің өз ісіне жауап беруі қайда жатыр? Биылғы Жолдаудың ерекшелігі де осында. Президентіміз Қ.Тоқаев өз сөзінде осындай нақты әрекеттерді тізбектей келе, ел болашағы жарқын болуы өз қолымызда екенін, білімді де білікті болсақ, сөзден нақты іске көшсек, сонда ғана еліміз гүлденіп, болашағымыз кемел болатынын тілге тиек етті. Иә, біз өз кемшілігімізді өзіміз түзете алғанда ғана әлемдік бәсекеге қабілетті ел бола аламыз.
Б. ЧОЙБАСОВ