Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратКүрті ауылдық округіҚоғам

ТАБЫЛҒАН АҚЫЛ, ТЫНДЫРЫМДЫ ІС

КҮРТІ: АУЫЛ - ЕЛ БЕСІГІ

Жаздың аптап ыстығы басталғанда ауданымыздағы көп ауылдарда ауыз су тапшылығы пайда болады. Оның басты себебі, су ұңғымасындағы ауыз суды бау-бақшаны суаруға қолданатынымыздан екенін бірі білсе, екіншісі сезе бермейді. Өйткені, келмеске кеткен Кеңсе одағымен бірге ауылішілік тоғандар да бітеліп, не болмаса мүлдем жабылып, тас жолға айналды. Міне, осыдан басты мәселе туындайды. Ал, Ақши ауылында жағдай мүлдем басқаша. Округ әкімі Мақсым Жұмамұратов Ақшидің жоғарғы жағындағы Күрті су қоймасынан келген каналды ауыл ішіне бұрып, жол бойына лоток қойып, тоған суымен қамтамасыз еткен. Нәтижесінде жаздың айында ауылда ауыз су тапшылығы бірден сап тиылған. Ал, негізгі каналдың суы ауылдың екінші жақ сыртымен айналып өтіп, егістіктер суарылады. 

Биыл Күрті округінде індетпен ауырған науқастар тіркелмеген. Жалпы халықтың қал-ахуалын, округтің экономикалық-әлеуметтік жағдайын округ әкімі М. Жұмамұратовтың төмендегі есебінен оқып біле аласыздар.

2020 жылы бекітілген бюджетке сай іс жүзіне асатын жобаларға 65 млн теңге қаражат қарастырылса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1 жобаға 5 млн 300 мың теңге, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 3 жобаға 19 млн теңге қаржы бөлінген.

— Бекітілген бюджет есебінен «абаттандыру» бағдарламасы аясында 1 млн 200 мың теңге қаражатқа Ақши ауылында орналасқан Ұлы Отан соғысы ескерткішіне қалпына келтіру жұмыстары «Республиканское обеспечение» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жасалынды.

— 5 млн 506 мың 452 теңге қаражатқа «Проект НомадСтрой» ЖШС-гі тарапынан 1200 метр болатын Желтоқсан көшесіне жарық орнатылса, 4 млн 806 мың 861 теңге қаражатқа осы мекеме тарапынан 645 метр Т. Айбергенов көшесіне жаяу жүргінші жолын салу жұмысы аяқталуда.

— 33 млн теңге қаражатқа «Максдорстрой» ЖШС-гі тарапынан 7 көшеге 5, 3 шақырым жерге суармалы лоток салу жұмыстары жүргізілд. Бұл жоба 2018 жылы басталған еді, 2020 жылы аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда тағы 600 метірді қамтитын 2 көшеге лоток салу жұмысы мен 1,8 шақырым болатын Ш.Уалиханов пен М.Ғабдуллин көшелеріне суармалы су жүйесін тарту жұмыстары аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы бөлімімен және «Максдорстрой» ЖШС-і мекемесімен жоспарлы жұмыстар атқарылуда.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде 5 млн 300 мың теңгеге «PIT Stop kz» ЖШС-гі тарапынан Ақши ауылындағы Белағаш Ақұлы көшесінің бойына 10,15 шаршы метр болатын жерге балалар ойын алаңы орнатылды. Қазіргі таңда округ әкімдігі тарапынан жерге мемлекеттік акт алу жұмыстарын жүргізуде.

«Ауылым ел бесігі» бағдарламасы аясында 6 млн. теңге қаражатқа «ЭЛАЙ» ЖШС-і тарапынан Ақши ауылындағы орталығындағы Д. Қонаев көшесінің бойында 6 гектар жерге саябақ құрылысына жобалық сметалық құжаттама әзірлеуде. Келісім шарт 2020 жылдың 7 шілдесінде тіркелген, аталған жоба қазан айында толық аяқталатын болады. Бүгінгі күні округ әкімдігі тарапынан 6 гектар жерге мемлекеттік акт алу жұмыстарын жүргізіп, аяқталу үстінде.

Жұмыспен қамту  жол картасы

Жалпы осы бағдарлама аясында 3 жобаға 19,0 млн теңге қаражат қарастырылған. Оның ішінде білім саласы бойынша 1 жобаға 3,5 млн теңге, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы бойынша 2 жоба 14,8 млн теңге бөлінді.

Қазіргі таңда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы бойынша 14,8 млн теңгеге жоспарланған 2 жобаның жұмысы басталды. Оның біреуі көше жарықтарын жүргізу жұмысына 3,5 млн теңге қарастырылып, келісім шарт «Hadid» ЖШС-і мекемесімен жасалған болса, жаңа құрылыс алаңына электр жүйесін жүргізуге ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу үшін «ПФ Электросервис» ЖШС-і мекемесімен келісім шарт жасалынып, 11,3 млн теңге қаражат бөлінді.

АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ

Округтегі 42 көшенің ішінде 12 көше ауыл маңындағы жаңа құрылыс аумақтарында болса, 26 көше Ақши ауылында. Жалпы көшелердің 80 пайызы толық асфальттандырылған.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізіндегі 10 млн 500 мың теңге қарастырылып, Ақши ауылындағы 350 метр болатын С. Датұлы көшесіне «Максдорстройсервис» ЖШС-мен жасалынған келісім шарт негізінде ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарлануда.

2020-2021 жылға Ақши ауылына кіре берістегі 12,5 шақырым болатын облыстық автокөлік жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталғалы тұр. Бүгінгі таңда облыстық автокөлік басқармасы тарапынан 379 млн. теңге қаражатқа конкурс жарияланды.

Бұдан бөлек Ақши ауылы, орталық Д.Қонаев көшесінде орналасқан 1 аялдаманы ауыстыру мәселесі көтеріліп, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен жұмыс жүргізілуде.

БІЛІМ САЛАСЫ

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізіндегі білім саласына қарастырылған жоба толық аяқталды. Атап айтқанда, «Строй Сервис-97» ЖШС-і Т. Бокин атындағы №41 орта мектептің ішіне мектеп оқушыларына арналған әжетхана орнату жұмысы жүргізіліп, 3 млн 500 мың теңге қаражат игерілді. № 8 орта мектептің ішіне «BAUR» жеке кәсіпкер тарапынан мектеп оқушыларына арналған әжетхана орнатылып, 5 млн теңге қаражат игерілді.

Жалпы білім беру мекемелерінде 1192 бала білім алуда. Оның ішінде 316 оқушы компьютермен қамтамасыз етілген болса, 1175 бала интернет желісімен қамтылған. 15 бала демеушілердің көмегімен компьютермен қамтамасыз етілді.

ГАЗДАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ

9 млн 400 мың 305 теңге қаражатқа «KazLuxСтрой» ЖШС-і тарапынан № 8 орта мектепті газдандыру бойынша жұмыстар 2020 жылдың 14 сәуірде басталып, 25 маусымда толық аяқталды. 7 млн 101 мың 760 теңге қаражатқа «Старт-Строй» ЖШС-і Т. Бокин атындағы № 41 орта мектепті газдандыру бойынша жұмыстарды 2020 жылдың 10 сәуірінде бастап, 19 тамызында аяқтады.

Биылғы жылы Ақши ауылындағы Туберкулез ауруханасын газдандыру жұмыстарының басталуы күтілуде. Облыстық басқарма тарапынан 16 млн. теңге қаражатқа конкурс жарияланды.

Ақши ауылдық мәдениет үйін газдандыру мәселесі бүгінгі күні мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Келісім шарт 2020 жылдың 18 маусымында жасалған. Жалпы мемлекеттік сараптамаға 999 мың 677 теңге қаражат қарастырылған. Мемлекеттік сараптама оң шешімін тапты. Жобалық сметалық құжат бойынша соммасы 32 млн 038 мың 400 теңгені құрап отыр.

Үстіміздегі жылдың 25 тамызында «Іле ауданы Күрті ауылдық округі әкімдігінің ғимараты үшін жеткізуші газ құбыры бар қазандықта жобалау-сметалық құжаттаманы орындау» жұмыс жобасы бойынша ведомствадан тыс кешенді сараптама «СәулетЭкспертПроект» ЖШС-гі тарапынан жүргізілді. Қарастырылған қаражат соммасы 858 мың 270 теңгені құрайды.

Бүгінгі күні жалпы 323 отбасына газ құбыры тартылды.

ҚҰРЫЛЫС

2020 жылдың 3 наурызында Күрті ауылдық округі әкімдігінің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыс жобасы бойынша ведомствадан тыс кешенді сараптама «Центр Экспертизы Строительных Проектов» ЖШС-гі тарапынан жүргізілуде. Қарастырылған қаражат соммасы – 1 млн теңге. Жобалық сметалық құжат бойынша соммасы 170 млн 869 мың 154 теңгені құрап отыр.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмекті жалпы 21 млн. 237 мың 787 теңгеге 55 отбасы алды. 39 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2 млн 592 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік әлеуметтік көмекпен 496 бала қамтылды.

«KOVID – 19» пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде 367 отбасына 4 млн 053 мың теңгеге қайырымдылық көрсетілді.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде 3 жобаға 18,3 млн теңге қарастырылып, 5 жаңа жұмыс орындары жоспарланса, оның ішінде 2 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасты.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелген 178 адамның 148 адамы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 22 адам тұрақты жұмысқа орналасқан болса, 45 жұмыссыз адам ақылы қоғамдық 6 ай мерзімге жұмысқа тартылды, 2 жас маман жастар практикасына қабылданды. 65 адам жеке шаруа қожалықтары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына тартылса, 5 адам 3 айлық тегін курстардан өтті.

САЛЫҚ

Жалпы жылдық жоспар – 7 млн 026 мың теңгені құрайды.

Осы жылдың 8 айында барлық салық түрлерінен – 6 млн 079 мың түсім түсті. Орындалуы 86,5 пайызды құрады. (ИПН – 1 млн. 655 мың, Мүлік салығы – 158 мың, Жер салығы – 1 млн. 179 мың, Көлік салығы – 3 млн. 084 мың).

ИНВЕСТИЦИЯ

 «Дәулет — Бекет» ЖШС-і тарапынан — 1 млрд. теңге инвестицияға 1370 шаршы метр болатын жерге 25 тұрақты жұмыс көзінің ашылуымен заманауи негіздегі түйе сүтін өңдейтін зауыт құрылысы жүргізілуде. Құрылыс 2020 жылдың қазан айында аяқталады. Сол сияқты, 250 млн теңге инвестицияға сауынды түйелерді автоматтандырылған тәсілмен сауатын 2 сауын залының құрылысы жоспарланған.

Биыл 900 шаршы метр болатын жерге 1 сауын залдың құрылысы аяқталып, іске қосылып, 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 2021 жылы 750 шаршы метр болатын екінші сауын залының құрылысы басталады.

2021 жылы 235 000 млн. теңгеге «Наурыз Агро» ЖШС-і тарапынан Ақши ауылының маңынан жалпы аумағы 2,8200 га жерге Республикалық маңызы бар жұмыртқа сақтау қоймасының құрылысы жоспарлануда. 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Бүгінгі күні құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

 

2021 ЖЫЛҒА ҰСЫНЫЛҒАН ЖОБАЛАР

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен тұрғын үй инспекциясы саласы бойынша 3 жоба 212 млн. теңге қаражат игерілмек. Оның ішінде:

— Жалпы құны 153 млн. 790 мың теңгеге 8 көшеге жарық бағаналарын орнатлмақ. Ұзындығы 2 мың 770 метр болатын 3 көшедегі бағаналар қайта жөнделмек. Ол үшін 44 млн 832 мың теңге қарастырылады. 2 балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 13 млн. теңге бөлінеді.

— Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 2 жоба 70 млн. теңге қаражат игерілетін болады. Атап айтқанда, Ақши ауылындағы жалпы ұзындығы 4 мың 559 метр болатын 12 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша 54 млн. теңге бөлінеді. Орталық Д. Қонаев көшесінің бойында орналасқан аялдаманы ауыстыру жұмысын жүргізуге 1 млн 800 мың теңге қарастырылуда.

 

НАН ТЕГІН ТАРАТЫЛАДЫ

Ақши ауылында жұма сайын тегін нан тарататын дүкен бар. «Нұрбай» деп аталатын дүкенде үйге қажеттінің барлығы табылады. Кең залдың ішінде азық-түлік тауарлары мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар «мен мұндалап» жайнап тұр. Бір қарағанда барлық дүкендер сияқты көрінгенімен, оның ерекшелігі дүкен қожайындарының қайырымдылығында.

Бұл жерде нан жұма сайын ақысыз таратылады екен. «Нұрбайда» жұма күні нан тегін берілетінін естіген ақшилік тұрғындар алғашқыда таң қалып, тіпті нанның ақысын қалдырып кететін болыпты.

«Біздің дүкеннің ашылғанына да көп уақыт өтпеді. Ашылған күннен бастап жұма күні осы бір қайырымдылық акциясын тоқтатпай келемін. Әлі де болса да бұл игі істі тоқтатпаймын. Дүкенге келген тұтынушылар  басында ақшасын қалдырып кететін. Бұл біз үшін де қызық болып көрінді. Көбісі көмекке мұқтажбын деп есептемегеннен де болар. Ал, басқа күндері нан үшін наубайхана қойған бағамен сатылады. Үстеме ақша қосылмайды», — дейді дүкеннің иесі, жаны жайсаң Динара Боранбайқызы.

Олар өздеріне түскен табыстан да өзгелермен бөлісуге даяр.  Динара Ақши ауылына келін болып түскеніне де табандай 30 жыл өтіпті. Жолдасы Қайдар Нұрбаев та қайырымдылықты қолдап, дүкеннің саудасын қыздыруда.

Айта кетейік, қазір Іле ауданында қайырымдылық жасауға асығатын жандар күн санап артып келеді. Олардың басым көпшілігі – жеке кәсіпкерлер. Бірі өз көліктерін жедел жәрдем орнына берсе, екіншісі дорба-дорба азық түлікті әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға таратуда. Енді, міне, таудай сауап пен қайырымдылық үшін нанды Ақши төрінде де тегін таратып жатыр. Бұл баршамызға үлгі боларлық озық өнеге емес пе?!

 

 

КҮЛДІР-КҮЛДІР КІСІНЕТІП…

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» — дегендей, сонау Арқадан келіп, алабы кең Ақшиде бие байлап, қымыз сауып отырған Спандияр Сүлейменов ағамыздың отбасы пандемия кезінде ақшиліктердің денсаулығын түзеуге өз үлесін қоса алды. «Мен Ақши ауылына өткен жылы ғана көшіп келген едім. Маған бірден ұнады. Ауыл халқы ақжарқын, қонақжай екен. Осы жерге келгенде ұлдарым «Анашым екеуіңіздің айналысатын істеріңіз болсын» — деп, бие байлап, қымыз сатуды кеңес берген болатын. Әр айлықтарынан бір бие сатып алып беріп еді. Қазір біраз жылқының басы құралып қалды. Енді бізді жайылым жағы қинап тұр», — деп қынжылысын білдірді Спандияр ағамыз.

Қазақта «Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» — деген қанатты сөз бар. Қымыз дәрігерлер тарапынан «өте пайдалы» тағамдардың қатарына еніп, саумал мен қымыз сан ауруға ем болатын дәрумендер тізімінде көш бастап тұрғанын жақсы білесіздер. Сондықтан болар, әр ауылдың кіре берісіндегі қымызханаларда кезекке тұру таңғы төрттен бастап, тал түске дейін келушілер құж-құж қайнап, саумал ішетін жұрттың қарасы таусылмайтын. Бағасы жәй күндері 350-500 теңге аралығында сатылған саумал мен қымыздың бағасы бірден шарықтап, 800-1000 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Ал, Спандияр ағамыз қымыздың литрін 600 теңгеден асырмаған. Халық оған да қарап жатқан жоқ. Шыбын жан, шіркін, тәтті ғой! Бір жағынан емдік қасиеті де бар дегендей… Қымыздың пайдасын қазақ атамыз байырғы заманнан бері біліп, зерттеп келеді. Шет елге шығатын олимпиада оғландарын да осы қымыз беріп баптайтынын естігенбіз.

Жылқы бағу да оңай шаруа емес. Спандияр ағамызға көмекші болып, құлынды байлап, саумал сапыратын жан жары Жақсыгүл анамыз да көршілерге қонақжайлығымен танымал болып алған. Келіндеріне қазақ салтын үлгі етіп, қымыз сауды үйретіп жүрген Жақсыгүл апамыз былай дейді: «Қазір тек қымызды ішіп жүрміз демесек оның да қадірін терең түсіне бермейміз. Шет елде таблетка ретінде өндіріліп, аптекаларда сатылып жатқанын естіп жүрміз. Қымызды баптаудың өзі үлкен өнер ғой. Алдымызға салған биелерімізден сауылатын қымызды саумал күйінде алып кетеді. Қымыз қылып баптауға қалмай қалады. Өйткені ауылымызда қымыздың сұранысы жоғары. Әйтпесе сары қымыз сақталатын күбіні апта сайын жуып, тазалап, сүр еттің, не болмаса қойдың құйрық майымен майлап, тобылғымен ыстап, ашытып, келген қонағыңа сапырып отырып құйып бергенге не жетсін?!» — дейді.

Спандияр аға да «Біз жергілікті әкімшілікке барып, жайылымдық жер жайлы, үкіметтен берілетін субсидия жайлы әлі сөйлескен жоқпыз. Бірақ, көмек қолдарын беріп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, мал басы өсіп келеді. Ал, жайылым жеріміз тарлық етеді», — деп кәсібінің дөңгеленіп қалғанын, соған орай мәселе туындап тұрғанын аңғартты.

Ақши ауылдық округі әкімшігінің ауыл шаруашылық ісі бойынша бас маманы Саламат Алдабергенов: «Біздің ауылға Сүлейменовтер отбасы жаңадан келіп қоныстанып, өздері енді ғана арамызға қосылуда. Иа, бұл кісілердің жылқы ұстап отырғанынан біз хабардармыз. Әкімшілікке келсе, мүмкіндігінше көмек қолын ұсынуға дайынбыз. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы субсидия жағын да қарастыруға әбден болады. Спандияр ағамыз бен Жақсыгүл тәтеміздің өздері талпынып тұрса, біз де қарап қалмаспыз», — деп тұщымды жауап қайтарды.

Бие ұстап, қымыз баптағаннан да мал бордақылағанды жөн санайтын кей азаматтарға берер кеңесіміз де бар. Сөз басында айтқанымыздай, ұлттық сусынымыздың адам денсаулығына пайдасы шаш-етектен. Ата кәсіптен ажырамай, арнасын ашып, қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, нақ осы істі қолдап, заманауи технологияны кеңінен қолданып, жандандырғанымыз абзал. Өйткені, саумал мен сары қымыздың ұлт саулығы мен ұрпақ салауаттылығын сақтауда теңдесіз сусын екені сөзсіз.

 

БЕРДІХАННЫҢ БОТАЛАРЫ

Сұр бұлт түсіп, суық аспанды қаптаған уақытта семіріп, мал да күздікке келеді ғой. Түйе малы да, түйешілер де қомданып, тақырланған даладан шөп іздеп, өрісті кеңейтуді көздейді. Бердіхан аға Ақши ауылы тұрмақ ауданның  тең жартысына танымал адам.  Ең алғашқы боп ата-бабаның асыл дәстүрін жалғастыра отырып, бір-екі түйесін бағып, шұбат өндіріп, күнделікті нәпақасын тауып отыратын. Қазірде Жангүл апамыз екеуі баққан Ойсылқара тұқымының қарасы көбейіп, шұбат өнімі артқан. Алғашқыдай емес, дастарханға қымыран, шұбат молынан қойылуда. Өйткені, алғашқы жылы түйе ұстау өте қиынға соққан. Түйе жануары өзі үлкен болғанымен жүрісі баяу, болмысы нәзіктеу келеді. Бағуы да оңай емес, өсуі де көп уақытты талап етеді.

Ақшиліктер бұл отбасыға дән риза. Өйткені оларда шұбаттың 1 литрінің сатылу бағасы – 600 теңге. Кәсіп иелерінің екі ортадағы алыпсатар-делдалдарға қойған талаптары да қатал. Мәселен, сауда-саттыққа адал болу, үлкен бейнетпен әкелінген өнімге су қоспау жағы қатаң ескертіледі. «Арамдық жасайтындарға есігіміз жабық»,- деген ұстанымдары ел аузында жүр. Сондықтан да бұл отбасының шұбат, қымыраны өзгелерге еш күдік туғызбайды. Сондықтан оларға тапсырыс та көп.

Жалпы Ақши ауылында Бердіхан аға сынды түйешілер көп.  Ақши 1935 жылы артель болып құрылғаннан бері ойсылқара тұқымы Күрті жерінен кетпеді. Мысалға алсақ, Қ. Оспанов, Т. Қонақбаев, Қ. Бөлекбаев, Б. Сақтағановтар да түйе бағумен айналысады. Қызыл кеңестің тұсында сонау 1965 жылдары колхоздың түйесін баққан Түйебай Жәбиев ақсақал болған. Сондықтан, бір-бірінің ізін басып, ұрпақ сабақтастығымен келе жатқан ата жолында, ауылдастар бір-бірінен тәжірбие алмасып отырады. Ақши артель болып құрылды, кейін Қаскелең колхозына айналды, одан кейін Жамбыл ауданының құрамына енді, Күрті болып құрылып, соңында Іле ауданы болып бекітілді. Қаншама аласапыран кезеңдер  бастан өтті десеңші! Қай кезде де Күртінің суын кешіп, маңғаз жануарлар байпаң басқан күйі, ауылдың абыройын асқақтатып тұр.

Міне, Бердіхан аға да түйені бүгін бағып жатқан жоқ.  Жастайынан осы саланың қызығы мен шыжығына қаныққан. Бүгінде 70-ке жуық түйесі бар. Күніне 150 литр шұбат өндіріп, сататын Аxметовтер жанұясы түскен қаражатты мал басын көбейтуге жұмсап отырады.

Бүгінде 60 шақты аналық түйе күніне 2 мәрте қолмен сауылады. Бұл жөнінде осы шаруашылыққа жауапты ағамыздың жұбайы Жангүл Орынбасарқызын сөзге тартқан едік. «Шұбатты аудан, ауыл орталығына сатуға шығарғанымызға 20 жылдай уақыт болды. Бірақ осы уақытқа дейін арнайы дүкен ашпадым.  Аудан орталығына тек тапсырыс берілсе ғана жеткіземіз.  70 ке жуық түйенің 12-15 басы сауылады. Одан күніне 70-80 литр шұбат өндіріледі, — дейді ол. Айтуынша, түйе санының артуына байланысты жайылым жерлері тарылып қалған. Осы мәселе бойынша округ әкімі М.Жұмамұратов та хабардар екен.

Түйе бағудың өз қиындығы бар. Оны да балаңдай қарап, мәпелеп бағуың қажет. Салмағы 700-800 келі тартатын жануар шөлге де, қатты аязға да төзімді. Ал жүні биязы келеді әрі 85 пайызы таза, өте бағалы түбіт.  Сүтінің емдік қасиеті зор. Құрамында ақуыз, май, минералды заттар өте көп.

Кейіпкеріміздің айтуынша, түйе – киелі, момын жануар. Өзіне үйренген адамды таниды. Бөтенді жатырқайды. Өте сезімтал. Таңқаларлығы сол, қатты жекіріп не айғайлап ұрыссаң, сүті тартылып қалады екен. Аналықтары 2 жылда бір боталайды. Ботасы нәзік болғандықтан оған ерекше күтім қажет. Ол анасын 18 айдай еміп, жетіледі. Бұл жануар шөп талғамайды.

«Кейде түйелер келесімен жайылым іздеп, үйден алыстап, келмей қояды. Сосын жан-жақтағы таныстардан, көрші ауылдардан сұрастырып, іздей бастаймыз», — дейді Бердіхан аға.

Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі деседі. Ақшидің құмдауыт жоталары, түйе шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Шұбат, қымыз, қымыранның табиғи компоненттерге бай екендігі содан да болар бәлкім.

Есік алдында еркелей басып, анда-санда боздап, нәзік үн шығарып қоятын боталарының да өз аттары бар. Өмірі осылайша төрт түлікпен біте қайнасып кеткен бейнеткеш отбасы келешекте мемлекеттен субсидия алып, аудандағы мал шаруашылығының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, шаруаларын одан әрі дөңгелетпек ниетте.

 

ШҰБАТ ЭКСПОРТАЛАТЫН БОЛАДЫ

— Сыдық аға, ассалаумуағалейкүм! Қазіргі пандемияның уақытында шұбат өндірісі қалай дамып жатыр?

— Біз де түйенің маң-маң басқан қадамындай асықпай даму жолындамыз. Түйелер далада жайылған соң, ауыртпашылық түсе қоймады. Өндірісті бір қалыпта ұстап келеміз. Түйеміз төлдеп, боталарымыз сүтке тойып, өзіміз тың идеялармен көптен ойлаған, көңілде жүрген жаңа жобаларды іске асырудамыз.

— «Күртінің шұбаты қыр асады»,- деген едіңіз бір сөзіңізде. Шұбатты экспорттауға дайындықтарыңыз қалай?

— 2001 жылы шаруашылықтың негізі қаланды. Содан бері 2009 жылдары Ақши ауылының орталығында шұбат өңдейтін алғашқы зауытымыз салынды. Тәулігіне 5 тонна шұбатты өңдеп, арнайы ыдысқа құйып, жан-жаққа экспорттап, ТМД мемлекеттерінің барлығын аралап кетті. Еліміздің де кез-келген тұсынан біздің өнімімізді кездестіресіз. Шұбаттың пайдасы – адамның есте сақтау қабілетін жақсарта отырып, ми тамырларына сергектік сыйлайды. Құрамындағы А, В1, Д, Е, С дәрумендері бар сусын ұзақ уақыт емделуді қажет ететін туберкулез ауруына да өте шипалы. Осы бір қасиетін көршілес аспан асты елі қазір терең зерттеп, біздің елдің шұбатын ұнтақ ретінде өздеріне алмақшы. Былтыр Ел Президенті Қытайға жұмыс сапарымен барғанда осы саланы дамытуға күш салуға келісім шартқа қол қойып, екіжақты шарт жасасқан еді. Бұл біздің түйе шаруашылығына үлкен серпін берді. Биыл тың бастаманы қолға алынып, тағы сол Ақши ауылынан жаңа зауыт өз құрылысын бастады.

— Осы жерде зауыт салу ісінің қыр-сырына қанықтыра кетсеңіз?

— Зауыттың құрылысының жалпы құны 1 млрд теңге құрайды. Шұбатты Қытайдың технологиясымен ұнтақ ретінде өндіретін болады. Аспан асты елі оны медицина саласында да, жеке өздері пайдаланса да өз еріктері. Ең бастысы, экспорттауда өнімді талапқа сай өндірсек болғаны. Оның өндіру технологиясы да кедендік басқармаларының құжаттамасында көрсетілгендей болуы шарт. Жалпы, заманауи технология тәулігіне 10 тонна түйе сүтін құрғақ ұнтақ қылып, өңдей алады.

— Қандай жолмен экспортталады?

Отандық өніміміз экпортталса, одан түсетін қаржымыз міндетті түрде ауыл-аймақты дамытып, абаттандыру үшін жұмсалады ғой. Түйенің санын әлі де болса арттырып, біздің елде де ұнтақтың дәмін татқызамыз.

— Сыдық аға, сіздің түйе саууда германиялық технологияны қолданып жатқаныңызды естіп едік. Сол туралы тар-қатып айтып берсеңіз…

— Иә, германиялық автоматтандырылған техно-логиямен жабдықталған екі зал ашылды. Онда бір мезетте 560 аналық түйелер сауылатын бола-ды. Бір залында 250 түйе сауылады. Бұрындары бір залда 21 сауыншы атқаратын жұмысты қа-зір 10 сауыншы ғана атқарады. Ерекшелігі сүттің табиғилығы сақталады. Сүзгіден сапалы түрде өтеді. 12 сағаттың ішінде біздің жаңа зауытқа келіп түсіп, құрғақ ұнтақ болып шығады. Жалпы шұбаттың өз құрамын сақтап қалуы осында болып тұр. Сүттің сауылған уақыты мен өңделетін уақытының арасы 12 сағаттан аспауы керек. Одан әрі зерттеліп, зерделенетіні түйенің жейтін шөбінің құрамы, суының құрамы барлығы назардан тыс қалмайды. Бәсекелестікте сүттің сапасы өте жақсы болуы тиіс.

— Жұмысшыларыңыздың жағдайы қалай? Айлықтарын уақытында ала ма?

— Бізде 150 жұмысшы қызмет етіп, 110 мың мен 150 мыңның арасында айлық алады. Тұратын орындары мен демалатын орындары жайлы. Дәл қазіргі уақытта жұмысшы санын қысқартпадық. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.

— Аға, жайылым жағы қалай? Жалпы қиындықтар туындап жатқан жоқ па?

— Әрине әр жұмыстың өзінің қиындығы бірге жүреді ғой. Мысалы: су, кәріз құбырын тарту сияқты жұмыстар бар. Бірақ, біз оған қарамай-ақ барлық тәжірбиемізді алға тарта отырып, жеңіп шығамыз деген ойдамын.

—  Сыдық Әбуұлы, әңгімеңізге рахмет!

Материалдарды дайындаған: Бағдат Чойбасов

Басқа жаңалықтар

Back to top button