Жақсылық жасап жарысайық!
Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі.
А.Құнанбаев: 14-қарасөз.
«Адамға қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» деп А. Байтұрсынұлы айтқандай, осы қайырымдылық акциясына мектеп ұжымы мен демеушілер де жыл сайын қатысып, жақсылық жасауға жарысып келеді десем артық айтқандық болмас. Адам өміріндегі ең игі істердің бірегейі – қайырымдылық жасау. Жақсылық жасау кез-келген адамның қолынан келеді. Бірақ ол үшін Абай айтқандай жақсылық жасай білетін жүрек керек. Жүректері жақсылыққа құмар, жаны жайсаң жанашыр жандар балаларымызға қуаныш сыйлаудан жалыққан емес. Атап айтсақ, биыл №48 орта мектебінде үшінші жыл өткізілген «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы, аз қамтылған, жартылай жетім отбасы балаларына көмек көрсетілді. Сондай-ақ жаңа оқу жылының өзгеше форматта басталуы көпті ойландырғаны анық. Дегенмен, оқушының ешбір кедергісіз білім алуы үшін мектеп тарапынан 22 компьютер пайдалануға беріліп, 1 Samsung A5 модельді смартфон сыйға тартылды. Жақын арада тағы бір смартфон сыйға беруі жоспарлануда.
«Жанашырға – жан риза» – демекші, қамқорлыққа алынған балалардың жүзіне күлкі, жанына қуаныш сыйлауды парызым деп білген мектеп ұжымы 30 оқушыға қолдорба және мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуге белсене атсалысты.
Өз тілшіміз