Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымТұлға

ЖҮРЕКТІҢ АЙТҚАНЫНА КӨНСЕ, ЖАЛҒАН ШЫҚПАЙДЫ….

Табиғат ана адамға өзге перзенттерінен ерекше етіп, ең қымбат сый — тілді тарту етті. Тіл – атадан балаға мирас болып, сонау ғасырлар қойнауынан қазіргі заманға дейін келіп жетті. Он сегіз мың ғаламның тұғыры іспеттес, тарихтың қатпар-жақпарынан мүдірмей өткен тілдің өзіндік тарихы, бітім-болмысы бар. Адамзат өмірінде тілдің маңызы ұшан-теңіз. Ол тек қатынас құралы ғана емес, өнердің өзегі, достықтың дәнегі болып табылмақ.

2017 жылы үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына өзгертулер енгізіліп, «Қазақстан халқының тілдері күні» 22-қыркүйектен 5-қыркүйекке ауыстырылған еді. Атаулы датаның өзгеру себебі – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. 2020 жылдың 5-22 қыркүйек аралығында аудан көлемінде барлық білім мекемелерінде Тілдер мерекесіне орай жоспар құрылып, өткізілген іс шаралар әлеуметтік желі парақшаларына жарияланып тұрды. Карантин жағдайына қарамастан тіл мамандары ерекше белсенділік таныта білді.

«Қазақ тілінің қоғамдағы рөлі қандай?», «Тіл – ел байлығы», «Халық даналығы – тілде», «Тілім менің – мәңгілік», «Қазақ тілі – мақтанышым», «Ұлы даланың ұлық тұлғасы», «Ана тілім – айбыным», «Жасай бер, қазақ тілі, ана тілі», «Тілім менің – тірлігімнің айғағы», «Қазақ тілім – арым бұл…», «Тіл мерейі – ел мерейі», «Қазақ болып көбейтпей-ақ қой елді, сол қазақтың сөйлемесең тілінде», «Тіл қисыны», «Тіл – тірегім, соғып тұрған жүрегім», «Мәңгілік ел – мәңгілік тіл» тақырыптарында аудан мектептерінде эссе жазу сайысы өткізілді. Аталмыш іс-шараға ауданымыздың мектептері түгел дерлік қатысты. Оқушылар эссе жазуда өз ойларын еркін жеткізе отырып, қоғамдық мәселелерді көтере білгені көңіл қуантады.

Тіл айлығында №5, 8, 20, 21, 24, 41, 46 мектеп ұстаздары ұйымдастырған конференциялар мен дөңгелек үстелдердің негізгі тақырыптары тек тіл мәселесі ғана емес, тілдің жанашырлары болған Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен оларды толғандырған мәселелер болды.

«Ұлттың тілін, дәстүрін білмей оның жанын, арманын түсіну, сеніміне, құрметіне бөлену мүмкін емес. Өз тілінің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай» — деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзін биік ұстап, өмірлік ұстаным еткен ауданымыздың мектептері «Қазақстан халқы тілдерінің айлығында» ерекше белсенділік таныта білді. Қашықтықтан болса да, заман талабына сай үш тілде өлеңдерді мәнерлеп оқып, әлеуметтік желілерде №1, 3, 7, 9, 12, 15, 16, 18, 22, 25, 26, 28, 29, 30, 36, 37, 40, 43, 45 орта мектептердің оқушылары белсенділік танытты. Сонымен бірге «Тіл – ұлттың жаны» (№2 ОМ), «Тілі бірдің – тілегі бір» (№7 ОМ), «Тілім – менің байрағым», «Мәңгілік елдің  – мәңгілік тілі» (№39 Гим), «Тіл – достықтың кепілі» (№19 ОМ) атты әдеби-поэзиялық кештерді, «Тіл – мәңгілік ел жаршысы» (М. Мақатаев атындағы №13 ОМ) бейнесабағын онлайн форматта өткізді.

Аралас тілде оқытатын Ә. Молдабеков атындағы №6 орта мектебінде «Сен ағылшын тілін білесің бе?» білім сайысы, №10 орта мектебі «Тілі бірдің – тілегі бір» шығармалар байқауын, №14 орта мектебі «Бабамның тілі – ұрпағына аманат» білім сайысын, №17 орта мектебі «Ананың тілі – жүректің үні» рефераттар сайысын, №23 орта мектебі «Путешествие в англоязычные страны» сайысын, №27 орта мектебі «Менің тілім – мәңгі тіл» онлайн сайысын, №34 орта мектебі оқушылары «Атадан қалған асыл сөз» зияткерлік ойынын, № 44 орта мектебі «Жеті жұрттың тілін біл» полиглоттар сайысын, №47 орта мектебі «Үштілділік – заман талабы» интеллектуалдық ойынын, №38 мектеп-гимназиясы «Көз – жанның айнасы, тіл  –қоғамның айнасы» бейне челленджін, №32 орта мектебі «Көптілділік – заман талабы» видеожолдауын өткізу арқылы, оқушылардың танымдық қабілеттерін арттырып қана қоймай, Қазақстан мемлекеті аумағында тұратын өзге ұлт өкілдерінің тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімдерін оятуға ықпал етті.

Ана тілінің қадір-қасиетін танытып , көпшілікке ой салу пікірлерін ұштау мақсатымен ана тілі жайлы ұлы ойшылдар мен қайраткерлердің,танымал тұлғалардың, ғалымдар мен сөз зергерлерінің даналық ойларымен таныстыру — келер ұрпаққа саналы тәрбие беруде үлкен рөл атқаратыны сөзсіз

№48 орта мектебінің жас мұғалімдері Тұрдақын, Қ. Елемесов Ж. Әлмерекова, Н.Исакова Ж. Төлегенова өз күштерімен «Тіл-татулық тірегі» атты сахналық қойылым дайындап, көрермендерді әлеуметтік желі арқылы тәнті етті. №42 орта мектебінің жас мұғалімдері Қ. Түсеновтың ұйымдастыруымен өзара «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» тақырыбында өлең сайысын өткізді.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар», «Қазақтың ақылы – көзінде, қасиеті – сөзінде», «Қасиет пен құт дарытқан ана тілім», «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты шешендік сөздер мен мақал-мәтелдер жарысында №8, 15, 20 мектеп оқушылары ерекше көзге түсті.

Ұстаздарымыз оқушылардың тек көркем сөйлеу қабілеттерін дамытып қана қоймай, тылсым дүниенің ерекшелігін қылқалам күшімен бейнелеп, өз сезім-ойларын жеткізулеріне «Мен өз тіліммен мақтанамын», «Суреттер сөйлейді» А. Байтұрсынұлы мысалдары желісінде сурет салу байқауларын №31, 37, 11 орта мектептері өткізді.

Филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Османмен «Тіл – ұлт бірлігінің ұйытқысы» тақырыбында №4 орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімдері А. Алдабергенова мен А. Маратова 9 сынып оқушыларымен онлайн кездесу ұйымдастырды.

№44 орта мектепте Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнеспен «Ахмет дәрістері» циклы аясында «Ахмет өмірінің ақтаңдақтары» деген тақырыпта дәріс өткізілді. №45 орта мектебінде оқулық авторы Ж.Дәулетбекованың қатысуымен онлайн ашық сабақ өткізілді.

Жоспар бойынша өткізілген іс-шараның бірі – қоғам қайраткері, белгілі жазушы Мұхтар Шахановпен кездесу №19 орта мектептің мұғалімі Әнуарбек Саматтың ұйымдастыруымен ZOOM қосымшасы арқылы өткізілген онлайн кездесуде мектеп оқушылары көкейде жүрген сауалдарын қойып, қаламгерге өз арнауларын оқуға мүмкіндік алды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Дүниежүзілік әдебиет және өнер академиясының ұйымдастыруымен өткен «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» атты республикалық шығармашылық байқауына қатысып, жеңімпаз атанған №34 орта мектептің 6-сынып оқушылары Инабат Қыдырбайқызы мен Медет Абылайханды, жетекшілері Г.Керуенованы «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын Саят Қамшыгердің марапаттауы осы тіл айлығымен тұспа-тұс келді.

Ауданымызда ұлы хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау 2019 жылдан басталған. Аудан мектептерінің бәрі дерлік мерейтойға өз үлестерін қосқан еді. Тілдер мерекесінде әнсүйер қауым да қалыс қалмады. №35 орта мектептің ұстаздары мен оқушылары аудан мектептеріне Абай әндерінің челленджін жолдады.

«Тілден биік асқар тау, тілден асқан байлық жоқ, тілден терең теңіз жоқ» деген халық даналығын негізге ала отырып, Іле ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен қашықтықтан оқу жағдайында болса да, аудандық білім мекемелерінде өскелең ұрпақты жұмылдырып, тілге деген құрметін арттыра білген ұстаздарға алғыс айтамыз. Болашақтың кілті – біздің балаларымызға берген тәлім-тәрбиеде. Еңбектеріңіз жана берсін!

 

 А. Молдағулова,

      Іле аудандық білім бөлімінің әдіскері

Басқа жаңалықтар

Back to top button