Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

Қоғам алдындағы жауапкершілік – басты міндет

Праймериз науқаны бүгінгі күні елімізге белгілі бір жаңалықтарын алып келетінін бәріміз білеміз. Ортамызда елге белгілі, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, сөзі өтімді белсенді азаматтарымыз тың идеяларын іске асыру үшін алға ұмтылуда. «Nur Otan» партиясы өзінің биліктегі деңгейін осы бағытта жаңа бір сатыға көтерілуін іске асыруды жөн көргеннен кейін құлашын кең жая бастады. Біздің ауданымыздан бағын сынауға 70-тен астам белсенді, беделді азаматтарымыз атсалысып дебаттары мен скайп, Zoom қосымшасы арқылы өз бағдарламаларын ел алдында қорғауда. Үгіт-насихат жұмыстарын, жеке таныстырулары мен бағдарламаларын фейсбук, инстаграмм әлеуметтік желілерінде де жарыса жазып жатыр. Осы бір аламан бәйгеде оза шауып, өзгелерден ерекше көзге түсіп, ел таңдауына ие болып жатқан азаматтар арамызда баршылық. Өздері жаңа жолды таңдап «ұрыста тұрыс жоқ» дегеннен кейін білек сыбана кірісіп жатыр. Солардың бірі №24 лицейдің директоры, аяулы ұстаз Ерубаева Гүлжан Жұбайқызының әлеуметтік желілерде «Nur Otan» партиясының жалпы республикалық сайлауалды бағдарламасын негізге ала отырып жазылған «Білім – әлемдік болу керек. Тәрбие – ұлттық болу керек» атты тақырыбы қызу талқыға түсіп жатыр. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, аласапыран мезетті пайдаланып әлеуметтік желі арқылы Гүлжан Жұбайқызымен сұхбаттасқан едік.

Сурет архивтен алынды

      – Сәлеметсіз бе, Гүлжан Жұбайқызы. Қазір елімізде «Nur Otan» партиясы өз араларындағы белсенді партия мүшелерін анықтап, оларды республика, облыс, аудан көлемінде мәслихат депутаттығына іріктеу primaries2020 науқаны басталғанына да 1 ай көлемінде уақыт өтті. Сіз де бәйгеге бәс тігіп, қатысып жатырсыз. Газет оқырмандарын негізгі мақсатыңызбен таныстырып өтсеңіз?

— Иә, бұл өз ойыңды ашық, айқын және нақты білдіру үшін үлкен мүмкіндік. Идеяларымен бөлісіп, көкейде жүрген қоғамда көмескі тартып, жаңашылдықты қалап тұрған мәселелер мен түйіткілді дүниелерді шешу жолдарына өз үлесімді қосуға таптырмас сәт деп білемін. Өзім ұстаз болғандықтан білім саласына көбірек мән бердім. Қоғамдағы мұғалімнің рөлі – шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Бұл – қоғам алдындағы ұстаздарымыздың рөлі ерекше екенін көрсетеді. Сол себепті мен өз бағдарламамның басым бөлігін білім саласына арнадым. Тағы қозғайтын негізгі мәселе – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл мен қазақ әдебиетін дамыту – әрбір ұрпақтың, әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы деп ойлаймын. Сондықтан, тіл мәселесін өзекті мәселенің бірі ретінде қарастырып отырмын. Тіл – халықтың асыл мұрасы, сарқылмас байлығы десек, әдебиет – көркем шежіресі, тарихы. Бастауыш сыныптарда ана тілі арқылы баланың таным дүниесі қалыптасатыны белгілі, олай болса, оқушы өз ойын еркін жеткізе алатын жасқа жеткеннен кейін 6-7-сыныптардан бастап қана, өзге тілдерді оқытуға жол ашылса нұр үстіне нұр болар еді.

 – Сіз білім саласында орын алған қоғамның әлеуметтік тұстарын да қозғадыңыз ғой…

–  Әрине, мектеп болғаннан кейін ол жерде де әлеуметтік мәселе қозғалуы заңдылық. Мысалы: «2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық көпбалалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақыға қосымша ретінде Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын аз қамтылған отбасылардың балалары енді. Олар кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілді. Атаулы әлеуметтік көмекке қосымша ретінде енгізілген тегін бір реттік тамақ беру мемлекет тарапынан аз қамтылған, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдауға ғана бағытталған. Мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтануы мен денсаулығы, олардың дұрыс жетілуі – бүгінгі күннің басты мәселесі. Әсіресе, «Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы» — демекші, дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін дұрыс тамақтану мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Сол себепті, 1-11-сынып оқушыларының тегін тамақтануы қолға алынса және ұлттық сусындарымыз шұбат, қымыз, саумал қоса енгізілсе тұтас ұлт денсаулығының сапасын арттырар едік. Шұбат, қымыз, саумалдың адам иммунитетін көтеретін тағам екені мәлім. Аз ғана халықты сақтап, иммунитетін көтеру үшін мемлекетімізде ұлтты сауықтыруды көздеген арнайы бағдарлама қабылданса, мектеп асханасында балаларды жаппай сауықтыру үшін тағам ретінде беру қажеттігін ұсынамын.

 – Көтерген мәселеңіз өте жақсы бастама екен. Жалпы, қазіргі таңда білім берудегі басты мәселе ғаламтор желісі емес пе?

– Президентіміз қыркүйек айындағы үндеуінде «Цифрландыру – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматтарды интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек» — деген болатын. Интернет желісінің баяулығы оқушымен сабақ өтуде үлкен кедергі болып отыр. Бір оқушыдан кері байланыс алуға кейде 1-1,5 күн кетеді. Бұл мұғалімнің де уақытын алады. Интернет желісінің қазіргі таңда ең жылдам жүйесі 7,500 теңгені құрайды. Бұған кез келген ата-ананың мүмкіндіктері жете бермейтіндіктен интернет желісі тегін орнатылса сапалы білім алу мүмкіндігіне қол жеткізер едік.

Жас мамандарға қандай көмек қолын ұсынбақсыз?

– Бағдарламамның басты мақсаттарының бірі – жас маманға қолдау білдіру. «Nur Otan» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасында «жас Қазақстан әлемнің жетекші елдерімен деңгейлес білім алуына жағдай жасау керекпіз» — делінген. Өз елімізде оқу орнын бітірген жас мамандардың шет елмен тәжірибе алмасуына жағдай жасалып, семинар-конференцияларға тегін қатыстырылуына мүмкіндік берілсе деген ниет біздікі. Сонымен қатар, болашақ мұғалімдер студент кезден-ақ педагогикалық тәжірибеден 2-курстан бастап маман қажет ететін мекемелерде өтуі жүйеге енгізілсе, оқу орнын бітіргеннен кейін сол мекемеде жұмысқа орналасып қалса, бұл жас мамандарға үлкен қолдау болар еді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» осыдан қалыптасар еді. Тағы да айта кететін мәселенің бірі – педагогтардың ем алуы мен сауықтырылуына жолдамалар бөлінгенімен, қазіргі таңда жолдамасының 50 пайызын мұғалім өз қалтасынан төлейді. Осы атаулы көмек тегін берілсе, барлық ұстаздарға қолжетімді болар еді.

Осы аудан көлемінде өз партияластырыңыз көтерген мәселе ішінде қандай сұрақтар сізді мазалады?

–  Менің ойымды бөлген бір мәселе бар. Ол – көптеген әріптестерімнің аузынан естіп жүрген ауданымыз «комфортный район» деген тіркес. Осы сөзді естігенде қатты ойға шомамын. Біз қаншалықты жанға жайлы ауданға айналдық? Көп ауылдарымызда жаз айларында ауыз су мәселесінің жетіспеушілігі орын алып жатыр. Кей ауылдың жарықтандыру мәселесі әлі өзекті күйде қалып тұр. Мәдениет үйлерінің және ошақтарының жетіспеушілігі күн тәртібінен түскен емес. Спорт саласы да сондай кейіпте. Ауылдарды абаттандыру ісі де кенжелеп қалды. Айта берсем жасалатын жұмыс көп. «Комфортный район» дегенге жету үшін әлі үлкен істерді атқаруымыз керек.

Осы праймеризде айтылмаған ішкі жанайқайыңыз бар ма?

– Әрине бар. Ол педагог болғаннан кейін үш тілділікті игеру мәселесі мен үшін қазақтың жанды жері деп ойлаймын. Қазақ баласы алдымен өз ана тілін дұрыс меңгеруі керек. Бастауыштан бастап ағылшын және ресми тілді тықпалаудың қажеті шамалы. Өзге дамыған мемлекеттерде өзінің тілін санасына сіңдірмей, жас шәкіртке өзге тілді мүлдем оқытпайды да. Бізге осы олқылықтың алдын алуымыз керек. Халқымыздың салт-дәстүрін кеңінен насихаттап, терең игергеннен кейін ғана балаға басқа тілді оқытуға болады деген ойдамын. Себебі, адамға қажеттілік туса, тілді өзі-ақ меңгеріп алады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатта бәріміз куә болып жүрген Праймериз бәйгесінде көтерілетін сұрақтардың бірлі-жарымы ғана көрсетілді. Бос сөзбен шектеліп қалмай, нақты іске көшетінін аңғарту үшін қойылған сұрақтар соның айғағы. Ел ертеңі үшін бірлесе отырып жұмыс атқаруға нұротандықтар өз жоспарымен жалпы жұртпен бөліскелі отыр. Егер де праймеризде жаңа буынның көтерген мәселелері өтіп жатқан жағдайда, қоғамымыздың да қадамы алға қарыштайтынына сеніміміз мол.     

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button