Пандемияға қарамастан ауданымызда көшелер асфальттанып, саябақтарымыз бен спорт алаңдарында жаңа турникеттер пайда болды, воркаут орталықтары бой көтерді. Аудан орталығындағы көшелер абатандырылып, сәні кіріп қалды. Осындай елге жайлы істің басы-қасында күндіз-түні шапқылап жүрген азаматымыз, ауданымыздың әкімі Бағдат Қарасевқа және оның қол астында қызмет етіп жүрген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз.
Өткен жылы мен тұратын Қуат ықшам ауданындағы Н.Исахметов көшесінің аяқ жағында жауынның суы жинала беретін жолдың ойылған тұсы бар еді. Энергетик ауылдық округі әкімдігіне барып, ескертуге қолым тимей жүрген еді. Бір күні көшеде кетіп бара жатсам, аудан әкімі бөлім басшыларымен бірге Н. Исахметов көшесінде жүр екен. Осы сәтті пайдаланып, жолдың ойылған жерін көрсеткенмін. Екі-үш күннің арасында-ақ әлгі ойық жерге әдемілеп асфальт төсеп, жылтыратып қойыпты. Ішім бірден жылыды. Әкім елдің сөзіне құлақ асса, ол – бір ғанибет қой. Дәл осындай көшенің ойылып кеткен тұсы Қапал батыр көшесінде де бар еді. Тура округ әкімшілігінің алдындағы қиылысындағы ойықта талай көліктің дөңгелегі жарылды. Менің де көлігімнің екі бірдей дөңгелегі істен шыққан болатын. Міне, биыл ол жерді де тақтайдай етіп, асфальт төсетіпті. Ауданға кіре беріс Покровка ауылының орталық көшесін Өтеген батыр кентіне дейін жаңа асфальт төсетіп, светодиодты, қуатты үнемдейтін шамдарды орналастырып, көшені жарқыратып қойды.
Өтеген батыр кентіндегі аллеяны да жаңа бір түрге айналдырып, жарқыратып, тротуар төсеп, субұрқақ орнатты. Дәл сол аллея орналасқан Титов көшесі сонау аяғына дейін жөнделеді деген жоспары бар екен. Аллеяның екі жағындағы екі қабат тұрғын үйлерді жаңалап, бояп, түрлі-түсті этнокескіндері бар суретпен көмкеріпті. Келіп демалған адамның көңілі көтеріліп қалатыны сөзсіз.
Одан қалды, пандемия кезінде орталық стадионды құрылысқа жауып тастаған болатын. Жақында сол орталық стадион қайта ашылғаннан кейін, серуендеп барғанмын. Жарқырап тұр. Жаңа турникеттер қойып, воркаут орталығын орнатыпты. Алаңды айнала жүгіретін жерлерге кәдімгі спорттық резина жабыны төселген екен. Алаңға қосымша шағын футбол алаңын салыпты. Онда балалар асыр салып ойнап жүр. Ауданымызда тұрғындардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалған.
Атқарылған жұмыстарды көргеннен кейін аудан басшысы Бағдат Әбілмәжінұлына айтар алғысым шексіз. Нағыз ауылымызға жанашыр адам. Білікті әрі қарапайым, уәдеде тұра білетін, халықтың үніне құлақ асатын қайырымды жан екеніне көзім әбден жетті. Сондықтан, жұмысына сәттілік тілеймін! Қайда жүрсе де аман жүрсін.
Дархан ОМАРОВ,
Энергетик ауылдық округі,
«Қуат» ықшам ауданының тұрғыны, зейнеткер