Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратБілім және ғылымҚоғамМерекелерТұлға

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК

ҰСТАЗ - МӘҢГІ НҰРДЫҢ ШАМШЫРАҒЫ

Ұстаз – ұлағатты есім. Елімізде ұстаз еңбегін жоғары бағалап, «Ұстаз мәртебесі» туралы заң дақабылданды. Жыл сайын ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында түрлі шара қолданылып келеді. «Ел болашағы жақсы ұстаздың қолында» екенін білген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, Білім министрі А. Аймағамбетов мұғалімдерді өз ісін еш нәрсеге алаңдамай атқару үшін қағазбастылықтан құтқару және көптеген қоғамдық істерден де босатуға шешім қабылдағаны бәрімізге белгілі. Сондықтан, ұлағатты ұстаздардың мәртебесін ойлап, оларға жағдай жасалып отырғанын мақтанышпен айта аламыз.

Ұстаздар қауымы үшін ең ерекше екі мереке болса, соның бірі – ұстаздар күні. Ұстаздар күні мерекесінің аталып өту тарихына қысқаша тоқталсақ, 1994 жылдан бері мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі дүние жүзінің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі болып белгіленген. Кей мемлекеттер бұл мерекені 5 қазан күні атап өтеді. Ұстаздар күні біздің елімізде де қазан айының алғашқы жексенбісіне белгілеген. Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне қойылған. Сондай-ақ, 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойған.

Ұстаздар күні – тек мұғалімдер ғана емес, көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздарға арналған тілектер айтылып, шоқ-шоқ гүлдер табысталады. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылып, түрлі-түсті қабырға газеттері әзірленеді.

Алайда, пандемия салдарынан еліміз қашықтан білім беру үрдісіне көшіп, төл мерекеміз де онлайн форматта аталып өтілуі мүмкін. Бірақ, бұл ұстаздарымыздың еңсесін түсіріп, жігерін құм қылмайды. Себебі, біздің ұстаздарымыз – шәкірттері жоғары оқу орнында білім алып, елге сыйлы азамат болып, белгілі бір қызметтің тұтқасын ұстап тұрса, соны үлкен бақыт тұтатын асыл жандар.

Ауданымызда ұстаздықты жанына жалау етіп, жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп жүрген білім шырақшылары аз емес. Әке жолын, ана жолын қуып екі, үш ұрпаққа дейін, тіпті әулетімен ұстаздық қызмет етіп жүрген отбасылар да бар. Бүгін біз ауданымыздың ұстаздарын төл мерекесімен құттықтап, қызметтеріне табыс, еңбекте жеміс тілей отырып, ұстаздар әулетінің бір шоғырын газет оқырмандарымен таныстырмақпыз.

 

АДАЛДЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН

Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Султанова Зухра Садыковна да ұстаздар әулетінен шығып, ұстаздар отбасына келін боп түскен. Оның нағашы атасы Латипов Гинаятолла Аякөз ауданының Сергиополь елдімекенінің мешітінде қазақ балаларының мұсылмандық сауатын ашып, мәзін болған. Ал анасы Латипова Салима Гинаятоллақызы Семей облысы Аякөз қаласынындағы №244 (№58) орта мектепте 40 жыл қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Зухра Садыковнаның ағасы да ұстаздықты таңдап, Семей облысы Аякөз музыка мектебінде баян аспапынан дәріс беріп,  кейіннен сол музыка мектебінің директоры болып қызмет етті. З.Султанова келін боп түскен жері де мұғалімдер отбасы екен. Енесі Султанова Мария Мусаевна Аякөз қаласындағы №5 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Кейіннен сол мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Зухра Садыковнаның ұлы Сұлтан Бейбарс Нұрланұлы да нағашыларына тартып муызкаға әуес болып, кәсіби музыкант болуды армандайды. Ол қазіргі таңда Қазан консерваториясында білім алып, бір жағы оқушыларға гитара класында сабақ береді.

 

ОТЫЗ БЕС МҰҒАЛІМ ШЫҚҚАН ӘУЛЕТ

Ауданымыздағы №42 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін ұстаз-ана Молдажанова Гүлсанат Бақтыбекқызы да ұстаздар әулетінен шыққан жан. Гүлсанаттың арғы аталарынан бастап ұстаздықты «ұлық мамандық» деп танып, мектепте мұғалім болып қызмет етіп, ел болашағына білім мен тәрбие берген. Бұл әулеттегі ұстаздар династияның іргетасын үлкен аталары Шұлғаубай Молдажанов пен оның жары Еркін Молдажанова қалаған. Ұл-қыздары да әке-шешесінің жолын қуып, ұстаздық қызмет атқарып келеді. Үлкен ұлы  Арыстанбек Молдажанов пен оның жұбайы Молдажанова Бибіжамал мектепте қырық жылдан астам уақыт еңбек етіп, талай шәкірт тәрбиелеп, білім саласына өзіндік үлес қосқан ұлағатты ұстаз. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Олардың ұл-қыздары да әулеттің ұлағатты ісін жалғап, шәкірт тәрбиелеуде. Гүлсанаттың әкесі Молдажанов Бақтыбек пен анасы Молдажанова Алтынкүл де қырық жылдай ұстаздық қызмет еткен өнегелі ұстаздар.

Егер де отбасы жақсы болып, тәртіпті, тәрбиелі болса, онда мемлекетіміз де жақсы болады. Өнегелі педагогтың әулетінде өзімен қосқанда отыз бес мұғалім бар. Мұғалім тек сыныпта сабақ беріп қоюшы емес, ерен еңбегімен қатар әрбір әрекеті, қимылы, сөйлеген сөзі жас ұрпаққа үлгі.  Мұны Молдажановтар әулеті жақсы түсінеді. Сондықтан білген-түйгенін кейінгі ұрпаққа үйретуден жалыққан емес.

 

ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ

Қосөзен ауылында қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолда үлгілі отбасы еңбек етуде. Отбасының асқар тауы Жамансариев Асылбек Жәрмедетұлы ұстаздық жолын 1999 жылы №14 мектепте бастады. Оқушылары облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі конкурстардың жеңімпазы атанды. Шағын ауылда бұрын-соңды болмаған сахналық қойылымдар мен образдар жасап, қуыршақ театрын құрды. Оқушыларды өнерге баулып, мәдени орта қалыптастырды. Оқушылардың сахналық киімін, образдары мен репертуарын аса талғаммен таңдап, өнерге мәпелеп, тәрбиеледі. Қазіргі таңда оқушылары отандық шоу-бизнесте өнерлерін халыққа паш етіп жүр.

Асылбек Жәрмедетұлының ізін қуған балалары мен келіні ұстаздық жолда талмай еңбек етуде. Ұлдары Жамансариев Асхат Асылбекұлы және Алпамыс Асылбекұлы да әке жолын қуып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар. Алпамыс қазір жас маман, биология пәнінің мұғалімі. Биыл ғана еңбек жолын бастаған Алпамыс өзі білім алған мектепте лобараториялық жұмысты жандандырып,  оқушылардың көңілінен шыға білді. Ал, Асхат болса 2019 жылы Алматы облысының үздік хареографы атанып, шәкірттерімен облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда сан жүлдені қанжығасына байлаған.  Алыс-жақын шетелдерге шығып,  халықаралық байқаулардан да жүлделі орындармен оралған. Бұл ауыл балалары үшін үлкен қуаныш. Асхат Асылбекұлының басты мақсаты –ауылда таланттарды тәрбиелеп, оларға қолдау көрсету.

Қызы Жамансариева Еңлік Асылбекқызы Алматы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды үздік аяқтап, кейіннен магистратурада білім алды. Қазіргі таңда алған білімі мен тәжірибесін шәкірттерімен бөлісуде.  Жас та болса, «Жыл мұғалімі-2015» байқауына қатысып, жүлделі орын иеленді. Сол жылы Алматы облысының  құрмет грамотасымен марапатталған.

Келіні Пернебаева Мөлдір де ұстаз, ағылшын пәнінің мұғалімі. Мөлдір өзі де, шәкірттері де әр түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы. Мөлдір ауыл балаларына ағылшын тілін үйретіп, олардың жоғары оқу орындарына түсулеріне ықпал етіп, талмай еңбектенуде.

Жамансариевтер әулеті білім саласында үлкен еңбек етіп, болашақ ұрпақтың білімді де талантты болып өсуіне үлкен үлес қосып жүрген өнегелі әулет. Әлде де еңбектеніп, шәкірт тәрбиелеуге әрқашанда дайын!!!

 

АТАЛАР САЛҒАН ЖОЛМЕН

Жаңаталап ауылындағы №25 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кажкенова Айзада Кеңесовна 18. 04. 1961 жылы  Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Айзада Кеңесовна 36 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты ұстаз. Айзаданың өз атасы да, қайын атасы да және нағашы атасы да ұстаз болып, бала тәрбиелеген, жүрегі мейірімге толы жандар. Атап айтсақ, атасы Мауытбаев Кажкен – тарих пәнінің мұғалімі, соғыс ардагері болса, нағашы атасы Нұрқанов Нәжмитдин де соғыс ардагері әрі бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет еткен. Ал, қайын атасы Даулетов Қойбағар Іле ауданында Ынтымақ ауылындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі және мектеп директоры болып қызмет атқарған.

Осындай аталар салған ізбен ұстаздық жолда жүрген Айзада Кеңесовна Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Республикалық «Құрмет грамотасымен», «Ы.Алтынсарин» белгісінің медалімен марапатталып, «Жаңа ғасыр ұстаздары» Білім саласы үздіктерінің энциклопедиясына аты-жөні енген білікті маман. Айзаданың қызы Даулетова Гульмира Ериковна  анасының жолымен жүріп, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын таңдап, қазіргі таңда бір мектепте қызмет етіп жүр. Сондай-ақ, келіні Тугамбаева Ботагөз Мурлыбекқызы бастауыш сынып оқушыларына қалам ұстатып, білім нұрын төгіп келеді.

 

ҚҰТ ДЕП БІЛГЕН

№2 орта мектепте 18 жыл орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, ұстаздық қызмет атқарып жүрген ұстазымыз Нуржанова Марал Малькеевна да мұғалімдер әулетінен шыққан маман. Әулеттегі ең үлкен ұстаз, атасы – Нұржанов  Абрахман Ұлы Отан соғысына дейін 1935 ж педагогикалық еңбек жолын  Екпінді  ауылындағы бастауыш мектеп меңгерушісі болып бастаған. Ал, Нуржанова Рахима  Хасановна  30 жылдай бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етсе, Нуржанов Марат – аудармашы әрі ағылшын тілі пәні мұғалімі. Нұржанов Самат болса технология және дене шынықтыру пәнінің  мұғалімі  болып он жылдан аса уақыт жас ұрпақты шеберлік пен салауатты өмір салтына баулып жүр. Нұржанов Қайрат –география пәнін үйретіп, жер бедерін зерттесе, Самал физика пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Нұржанова Марал Іле ауданында 18 жыл қызмет етіп жүрсе де, оның жалпы ұстаздық жолдағы еңбек өтілі ширек ғасырды құрайды. Ұстаздықты отбасының құты деп білген, өмірін бала тәрбиесіне арнаған өнегелі әулетте барлық пәннің ұстаздары бар десек, артық айтқандық болмас.

 

ҰЛЫҚ МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАҒАН

Ұстаздар отбасынан шыққан мұғалімнің бірі №7 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі – Алыбаева Гульнара Ерболатовна. Оның әкесі Алыбаев Ерболат Сагимбаевич 1953 жылы Кеген ауданы Жалаңаш ауылында дүниеге келген. 1971-2016 жылдар аралығында 45 жыл ұстаз боп еңбек етті. 1987-1994 жылдар аралығында Кеген аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарды. 2016 жылы зейнеткерлікке шықты. Ерболат Сагимбаевич аудандық, облыстық білім бөлімдерінің спорт комитеттерінің марапаттауларына ие болып, 1998 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 1999 жылы Қазақстан Республикасының Кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталған. Гульнардың анасы Шегирова Бижан Қисметқызы да мұғалім болып қызмет еткен. Ол 1957 жылы Кеген ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. 1974-2014 жыл аралығында 40 жылдай Жалаңаш қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етсе, 1994-2007 жылдар аралығында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Жоғары санатты ұстаз. Аудандық, облыстық білім бөлімдерінің марапаттауларына ие болған. 2001 жылы Қазақстан Республикасының құрмет грамотасына ие болды.

Осындай өнегелі отбасында тәрбиеленген Гульнар да, інісі Сағымбаев Төленді де ұстаздық жолды таңдап, Гульнар бастауыш сыныбының мұғалімі болса, Төленді ағылшын тілі мұғалімі болуды қалаған. Әпкелі-інілі ұстаздар қазіргі таңда Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектепте қызмет етіп келеді. Төленді әзірге жас маман болса, Гульнардың еңбек өтілі – 12 жыл. Аудандық,  облыстық марапаттауларға ие болып, «ВILGE» халықаралық ақыл-ойды дамыту орталығының  құрмет грамотасымен (2019 ж.), «Жаңа ғасыр таланттары» интеллектуалды-олимпиадалық, шығармашылық орталығының құрмет грамотасымен (2019 ж.), Аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен, округ әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған.  Г.Алыбаеваның ұлы Құрманғали Ернұр Ержанұлы да ұстаздық мамандықты таңдап, Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық университетте «Спорт және туризм» факультетінің ІІІ курс студенті. Болашақта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуды мақсат етіп жүр.

 

Он саусақтан бал тамған

№26 орта мектепте ерлі-зайыпты Маутхановтар қызмет етеді. Маутханов Дулат Мухаметғалымович технология пәнінен сабақ беріп, өскелең буынның шеберлік қасиеттерін дамытып, қолөнерге баулып жүр. Ал, оның жары Маутханова Гульсима Алтаевна география пәнінің мұғалімі. Дулат пен Гульсима жиырма жылдан аса ұстаз болып қызмет етіп, Н.Тілендиев ауылында үлгілі отбасы, өнегелі ұстаз ретінде ел-жұрттың құрметіне ие болып жүр. Дулат та, Гульсима да шәкірт тәрбиелеп, аудандық, облыстық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, «Зерде», «КҒА» ғылыми байқаулардан да жүлделі орын алып жүрген тәжірибелі ұстаздар. Дулат ұстаздар әулетінде тәлім-тәрбие алып, өз өмірін ұстаздықпен ұштастырып, ата жолын жалғап келеді. Олай дейтініміз, Дулаттың атасы Булабаев Заманбек Семей облысы Көкпекті ауданы Шуғылбай ауылы орта мектепте отыз жылдан аса орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, мектеп директоры қызметін де атқарған. Ал, апасы Көшкінбаева Гүлбағи жоғарыда аталған мектепте 41 жыл тарих пәнінің мұғалімі болған. Дулаттың әкесі Мухаметғалым 39 жыл қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болса, анасы Ракишева Кайша – бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп, КСРО білім беру үздігі төс белгісімен марапатталған. Ата жолын жалғап, ұстаздық жолды таңдаған Дулат Мухаметғалымович бойындағы өнерін келер ұрпаққа аманаттап, жеткіншектеріміздің шеберлікке, бұйым жасауға деген қызығушылықтарын оятып жүр.

 

ҰЛАҒАТТЫ ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ

Өтеген батыр кентіндегі №38 мектеп-гимназиясында математика пәні мұғалімі болып қызмет атқаратын Г.Әбдіманапова Кеген ауданы, Алғабас ауылында туып-өскен, мұғілмдер әулетінен шыққан ұстаз.  Атасы Тойғұлов Абдрахман Мухамедиұлы  50 жыл математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, артынан өшпес мұралар қалдырды. Мұғалімдік еңбек еткен жылдар  ішінде 7 жыл тәрбие жұмысының меңгерушісі, 14 жыл оқу ісінің меңгерушісі, 10 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарды. Еңбек еткен жылдарында Кеген Аудандық кеңесі атқару комитетінің шешімімен «Аудандық құрмет тақтасына» суреті ілініп, ауданның «Құрмет кітабына» есімі жазылып, жылдың озат мұғалімі атағын алды. 1995 жылы Алматы облыстық білім басқармасының «Жылдың жоғары дәрежелі маманы» дипломымен, 1996 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, 2009 жылы «Райымбек ауданының құрметті азаматы» атанған. Абдрахман Мухамедиұлының жары да 40 жылдық өтілі бар бастауыш сынып мұғалімі, қазір ардагер ұстаз. Сондай-ақ, ұстаздар отбасынан шыққан соң ба, 5 қызы да  ата-анасының жолын қуып, ұстаздық жолдарын жалғастыруда. Мукамедиева Раушан Талғар ауданы, №7 мектепте, ал Тойкулова Балқия  Алматы қаласы №2 мектепте бастауыш сынып мұғалімдері. Бірі «Үздік ұстаз», ал екіншісі «ҚР білім беру ісінің үздігі» медальдарымен марапатталған педагог-зерттеушілер. Тойгулова Бикен ұзақ жылдар Республикалық Медицина колледжінде биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарып, талай түлекті қанаттандырған. Ғалия және Әлия болса әке жолын қуып, Ғалия Талғар ауданы, Жаңалық ауылында №37 мектепте, ал Әлия Талғар ауданы, Еркін ауылы, №26 мектепте өз орталарына сыйлы майталман математиктер.

Г. Әбдіманаповаға әкесі Тойғұлов Әбдіманап атасы секілді математик болғанын қалағандықтан, ұстаздық жолды таңдаған. ҚазМемҚызПУ-дың математика кафедрасының бакалавриаты мен магистратурасын тәмәмдап, қазіргі таңда №38 мектеп-гимназиясының  математика пәнінің мұғалімі боп қызмет етуде. Өзінің ұстаздық жолында оқушылары халықаралық олимпиадалардан жеңіспен оралып, өзі де халықаралық семинарлар мен конференцияларға қатысып «Өрлеу» БАҰО Құрмет грамотасымен марапатталды. 2020 жылы «Іле ауданы үздік математигі» байқауына қатысып, жүлделі І орын иеленген.

 

Материалдарды дайындаған: Алмат  Ержанов

Басқа жаңалықтар

Back to top button