ҰСТАЗ – ШЕБЕР, АҚЫЛМЕНЕН ЕМДЕЙТІН
Құрметті ауданымыздың ағарту ісінде ерен еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы! Сіздерді төл мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мағжанша айтсақ, «өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған» сіздерге деген халықтың ықыласы ерекше. Әр сәттеріңіз ізденіспен өтіп, жаңашылдыққа ұмтылған, тәлім-тәрбиеге толы саналы ғұмырларыңызды ұрпақ тәрбиесіне жұмсайсыздар. Ақылмен емдеп, тереңдік пен кеңдікті ту еткен ардақты жансыздар. Қараңғыда жағылған шамшырақтай жарқырап, әлемге нұр шашып, жарқыратып, айналаға, жас ұрпақтың ой көкжиегіне білім нұрын төгесіздер. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ұлт ұстазы бола білген Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі» — деп, мектептің, білімнің маңызды екенін ескертсе, Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны — мұғалім» — деп, ұстаздар қауымына ерекше баға берген.
Ауданымыздың білім шырағданына айналған ардақты ұстаздар, бүгінгі жарқын, шаттыққа толы төл мерекелеріңіз құтты болсын! Ауданымызда халық санының артуына байланысты жаңа мектептер бой көтеріп, жалпы саны 48 мектепте 4610 мұғалім қызмет етіп, 59308 шәкірт білім нәрімен сусындауда. Биыл 1-сыныпқа 6719 бала барса, 11-сыныпта 2107 түлек оқып жатыр. Дәл қазір барлығы да онлайн форматында білім алуда. Сондай-ақ, ауданымыздағы төрт мектепте, яғни, №2, №27, №44, №37 орта мектептерде 29 кезекші сынып іске қосылды. 94 балабақшамызда 3156 балдырған тәрбиеленсе, 263 кезекші топ жұмыс жасайды.
Ауданымыз осыншама тегеуріні мол, алып күшті қажет ететін үлкен білім ордасына айналып отыр. Білімнің даңғыл жолында, аяулы ұстаздар, жүздеріңізден күлкі кетпесін! Ұлағатты жолда шығармашылық табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін!
Бағдат ҚАРАСАЕВ,
аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы