Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМәдениет

МӘДЕНИЕТТІ БОЛУ — ПАРАСАТТЫҢ БЕЛГІСІ

Редактор бағаны

Адам бар жерде, оның өмірі мен қызметі, қоғамдағы орны бар жерде мәдениет те бар. Мәдениет ұғымын кейде өте күрделі қағида ретінде қарап, жоғары мәдениетке жетуді – алынбас қамалды бұзумен тең көріп жататынымыз рас. Алайда, мәдениет біздің өмірімізбен тығыз байланысты. Себебі, біздің қоғамдағы әрбір әрекетіміз, жүріс-тұрысымыз, сөйлеген сөзіміз, тіпті, ас ішуіміз – мәдениет. Демек, мәдениет – адам өмірінің айнасы.

Мәдениетті ғалымдар өз ішінен «рухани мәдениет» және «материалдық мәдениет» деп екі түрге бөледі. Материалдық мәдениет – қолданып жүрген жабдықтарымыз бен тарихи жәдігерлеріміз, түрлі пішінде салынған ғимараттарымыз. Киім кию үлгісінің өзі де – материалдық мәдениеттің бөлшегі. Адамды адам етіп тұрған мәдениет – ол рухани мәдениет. Олай дейтініміз, адам рухани кемелдену арқылы өз қатарынан оқ бойы озық тұрады. Бұл туралы Абай Құнанбайұлы да өзінің шығармаларында жоғары мәдениетке ие адам ғана кемелденіп, «толық адам» деңгейіне жететінін айтады.

Біз көбіне мәдениетті ғалымдардан, сахнада жүрген адамдардан іздейміз. Бірақ, мәдениет жалпыға ортақ, барша адамға тән қасиет екенін ескере бермейміз.  Мәдениеттің адам өмірімен тығыз байланыста екендігі жайлы Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы «Мәдениет туралы»  №207 Заңында: «Мәдениет – жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан Республикасы азаматтарының патриотизмін тәрбиелеуге және эстетикалық қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған мәдени құндылықтар жиынтығы» — деп, ерекше атап өткен. Сондай-ақ, осы Заңда мәдени-бұқаралық орындарға алкоголь өнімін, металл, шыны ыдыстағы өнімді, пиротехникалық бұйымдарды және пайдаланылуы адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі не жеке және заңды тұлғаларға материалдық нұқсан келтіруі мүмкін өзге де заттарды алып кіруге тыйым салынатындығын ескертеді. Адамдар көп жағдайда ескере бермейтін, ұсақ-түйек деп қарайтын мәселенің барлығы мәдениеттануда жеке тақырып болып көтеріліп, еліміздің Конституциясында да арнайы тарауларда егжей-тегжейлі, жан-жақты қарастырған.

Иә, мәдениет демекші, «Театр – киім ілгіштен басталады» дегендей, елдің рухани мәдениеті материалдық мәдениеттен шығатынын тарих дәлелдеді. Біз де ауданымыздың көркейіп, жас ұрпақтың мәдениетті болып өсуін қаласақ, ең әуелі өзіміздің ішкі мәдениетімізді түзеуден бастайық. Себебі, көшеде қоқыс тастап, былғауға, тәртіпсіздік жасауға мәдениеті жоғары адамның ішкі «МЕНІ» жібермейді. Әріптестер арасында да өзіндік сыйластық орнауы, қызмет бабын пайдаланып қарамағындағы жандарға дауыс көтермей, салмақпен, байыппен сөйлеудің өзі де үлкен мәдениеттіліктің көрсеткіші. Сондықтан, рухани айнамыз таза болсын десек, мәдениетіміз жоғары болып, жан дүниемізді кір шалмасын.

Бақтияр Талғатұлы,

директор-бас редактор

Басқа жаңалықтар

Back to top button