Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыДін және қоғамҚоғам

ЕҢ ҚҰНДЫ ТҮН

Мәуліт — Мұхаммед пайғамбардың туған күні, Рабигуль-Аввал айының 12-жұлдызында (29 қазан, 2020) тойланады. Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туған күні исламның пайда болуынан 300 жылдан кейін тойлана бастады. Нақты туған күні белгісіз болғандықтан, бұл есте қаларлық күн оның қайтыс болған күніне орайластырылды, ол мерекенің сипатында өз ізін қалдырады. Әлемдегі барлық адамдарға пайғамбар ретінде жіберілген, пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) 571 жылы сәуірдің 20-на сай келген Рабиул-әууәл айының 12-сі, дүйсенбі күні түнде, таңға жақын Меккеде дүниеге келді. Әр үмбетке өз пайғамбарының туылған күні мереке болып есептеледі. Бұл күн де мұсылмандардың мерекесі. Қуаныш пен шаттық күні. Әлемдегі мұсылмандар тарапынан жыл сайын бұл түн «Мәуліт түні» ретінде тойланады, барлық жерде мәуліт қасидасы, өлеңдері оқылып, Расулуллаһ еске алынады. Мәуліт – туылған сәт дегенді білдіреді.

Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын. Хазіреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған кезде сахабаларды жинап, Расулуллаһ туылған кездегі ғажайып оқиғалар туралы айтатын. Бұл түні пайғамбарымыз туылған кезде байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты амалға жатады. Пайғамбарымызды мадақтайтын түрлі мәуліт қасидалары бар. «Мәуліт оқу» – пайғамбардың дүниеге келуін, миғражы мен өмірі туралы айту, оны еске түсіру, оны мадақтау дегенді білдіреді. Мәуліт түні – Қадір түнінен кейінгі ең құнды түн. Осы түнде пайғамбарымыздың туылғанына қуанғандар кешіріледі.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мені әке-шешесінен, бала-шағасынан және барлық адамнан артық жақсы көрмеген адам шынайы иман келтірген бола алмайды».

«Бір нәрсені қатты жақсы көрген адам, әрине, оны көп есіне алады».

«Пайғамбарларды еске түсіру ғибадат болып саналады».

Бұл түні сазды аспаптар және басқа да харам нәрселерді араластырмай, еркек-әйел араласпай, Аллаһ ризалығы үшін мәуліт жиындарын ұйымдастыру, мәуліт оқу, салауат айту, халыққа дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстаһаб болады. Бұл күні Құран кәрім оқу, қаза намаздарды оқу, садақа беру, дұға оқу және Хақ та’аладан күнәларымыздың кешірілуін тілеу керек.

Ислам ғалымдары айтады:

«Мәуліт түнінде жиналып мәуліт қасидасын оқу, дәмді тағамдар ұсыну, жақсылықтар жасау мүстаһаб болады. Салихтарға киім секілді сыйлықтар беру бұл түнге құрмет көрсету болып саналады. Осыларды Аллаһ разылығы үшін жасау өте сауапты болады». (Ибн Баттал Малики).

«Мәуліт түнінде салихтарды жинап салауат оқу, кедейлерге ас беру әрқашан үлкен сауап. Бірақ бұларға сазды аспап секілді харам араластыру үлкен күнә болады». (Алламә Захируддин бин Жафар).

«Мәуліт жиындарында садақа-сыйлық беру, қуанышты көрсету, харам араластырмай мәуліт қасидаларын оқыту өте сауапты болады». (Алламә Насируддин)

«Харам араластырмай мәуліт жиынын жасау мүстаһаб болады». (С. Ибн Мажә шәрһі).

«Саудаласпай тек Аллаһ разылығы үшін хатым немесе мәуліт оқыған хафызға, оқытқан адамның берген сыйлығын алуы жаиз (рұқсат) болады. Құран оқып сыйлық алуды кәсіпке айналдырмау керек! Өйткені әдетке айналған сыйлық шарт болған төлем ақы секілді болады». (Дуррул мухтар).

«Ақшаға оқылған Құраннан өліге сауап тимейді». (Хидая).

 

Дархан ТӘҢІРБЕРГЕН,

Өтеген батыр Сәдбенұлы мешітінің бас имамы

Басқа жаңалықтар

Back to top button