Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратДін және қоғамҚоғам

Үлкенге дұрыс құрмет көрсетіп жүрміз бе?

Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – туған ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып, оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», — деген.

Шын мәнінде, оларға қанша жерден жақсылық жасасақ та, олардың бізге төккен мейірімі мен көрсеткен қамқорлығының қарымын қайтара алмасымыз анық. Дегенмен, үлкендеріміздің ықыласына бөлену біз үшін Раббымыздың разылығы мен шексіз шарапатына бөленудің бірден-бір жолы болып табылады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қор болды! Қор болды! Қор болды!» – дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді. Демек, ата-анаға дер кезінде қызмет ете алмай, сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен.

Жоғарыда көрсетілген аят пен хадисті көп адам тек ата-ана туралы айтылған деп түсінері сөзсіз. Бұл жерде жалпы үлкен кісілер жөнінде айтылып отыр. Енді соны талдап көрелік.

Аталарымыздан қалған мынадай әңгіме бар:

Ертеректе бір жігіт анасымен әңгімелесіп отырса, анасы көп күрсіне береді. Жігіт анасынан неге күрсінетінін сұраса, анасы: «Еее, балам-ай, күрсінбей қайтейін? Әкең ғой арманда кетті, енді мен де арманда кетемін бе деп қорқып отырмын», – десе, жігіт не арман екенін сұрайды. Сонда анасы: «Келін жұмсап, немере сүйеміз бе деген едік. Әкең жете алмады. Аз жасқа келген жоқпын. Енді үйленбесең, мен де жете алмауым мүмкін», – дейді. Мына әңгіме жігітті қатты ойға салады да, ертерек үйленудің амалына кіріседі. Сөйтіп жүріп, ақылына көркі сай сұлу қызды үйіне әкеліп, неке қиылып, беташар жасалып, қонақтарды шығарып салған соң анасы: «Енді өзіміз отырып бір шәй ішпедік пе?» – дегенде келін қызметке кірісейін десе, жігіт: «Бүгін сен қонақсың, мен әкелейін», – деп анасы мен жұбайын таң қалдырып шығып кетеді. Сәлден соң үш ыдыспен тамақ әкеледі. Жас келін алдына қойылған ыдысқа қараса, бағалы ыдыс, ішінде де еті молынан екен. Бірденен енесінің алдына қарайды. Ол жақтан қарапайым ыдысты және ішіндегі еттің аздығын көреді де солқылдап жылап жібереді. Жігіт неге жылағанын сұраса, өксіктен айта алмай жылап тұрғанында жігіт: «Анам бірнәрсе деді ме?» – дейді. Жас келіннің тұла бойы тітіркеніп, өз-өзін қолына алып, жігітке тістене қарап тұрып: «Қысқартыңыз. Не айтып тұрсыз? Мен сізден бала сүйгім келмейді, ажырасамыз», – десе, жігіт неге екенін сұрайды. Жас келін: «Сіз дәл қазір менің көзімше анаңызды қорладыңыз. Сіздің қаныңыз дарыған ұрпақ есейгенде мені де қорлайды ма деп қорқамын. Сондықтан ажырасайық», – деп сол бойы сөзінде тұрып, ажырасып кетеді.

Енді «Аузы күйген үрлеп ішеді» – дегендей, сөз айтып келген жігіттерге: «Асықпаңыз, сіз біздің отбасымызбен танысыңыз, біз сіздің отбасыңызбен танысайық», – деп жүріп, сондай жақсы отбасына келін болып түседі.

Арада уақыт өтіп, немере, шөберелі қартайған ата-әже болады. Бір күндері жұбайы дүниеден өтіп, жыл-асын өткізген соң бала-шаға, мал-жанын жинап жайлаудан қыстаққа көшіп бара жатып көшке бір шал қосылады. Әрқайсысы шалға қарап бұл кім екенін білмей келе жатса, әжелері көшті тоқтатып, шалды шақыруын қалайды. Шалды шақырып келгенде барлығы шалдың кім екенін білу үшін жиналып та қалған еді. Әже: «Мені таныдыңыз ба?» – десе, шал танымайтынын айтады. Сонда әже өзінің сол кездері ол кісіден неке қиыла салып кетіп қалғанын есіне түсіріп, шалдың бала-шағасы бар және олар шалға қарамай қойғанын білген соң шалға: «Менің сол кездегі айтқанымнан өнеге алмаған екенсіз. Енді қараңыз, сіз қайдасыз, балаларыңыз қайда?!» – деп тұрып, балаларына: «Айналайын, балаларым, Алла Тағала біздерге бұл шалды сынақ үшін жолықтырған шығар. Бұл  шал дүниеден өткенше оны қиындыққа қалдырмаңдар және оны көрген сайын сол кездегі оқиғадан ғибрат алып тұрыңдар», – деп өсиет етеді.

Әрбір келін әңгімеде айтылған  түсінгеніміздей осы әже сияқты болуын нәсіп етсінші деп тілейміз!

«Барлық күнәлардың жазасы  Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, тек ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді», – деп пайғамбарымыз с.а.с. айтқанын ескере келе үлкендерімізге құрметсіздіктен сақтасын дей отырып, аталарымыздың: «Үлкенді құрметте, мен де үлкен болсам деп. Кішіні құрметте, үлкейгенде менен де үлкен болады ма деп», – деген сөздерімен ғибратты мақаламызды аяқтаймыз.

 

Бидайбек ЖАЙСАНҒАЛИ,

Екпінді ауылдық мешітінің имамы

Басқа жаңалықтар

Back to top button