Ұлтымыздың биік тұғыры
Тіл– мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды.
Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің еңсесі бекіп, аяққа тік тұруына елеулі еңбек сіңірді. Елдіктің негізі бірлігімізді нығайту үшін бір шаңырақтың астында жүзден аса этнос өкілдерінің ұйысып, тірлік етуін қамтамасыз етті. Энергетический ауылдық округінде «Ұйғыр» және «Украин» этно мәдени бірлестігі бар, сонымен қатар округте бірнеше ұлт өкілдері тұрады.
Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Аудан бойынша мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік байқаулар мен іс-шаралар ұйымдастырылып, окру-гімізде байқауларға қатысып жетістікке жеткен нәтижелер де аз емес. Айтып өтсек округімізде №7 орта мектептің оқушы Кацер Кристина ағымдағы жылдың наурыз айында «Абай оқулары» байқауына қатысып, облыстық байқаудан жүлдемен қайтса, №38 мектеп-гимназиясының ағылшын пәні мұғалімі Д. З. Тильвалдиев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Өз еліңді таны» атты Ремпубликалық жастар экспедициясына қатысып марапатқа ие болды. Округімізде мемлекеттік тілді насихаттауға, оның дамуына ерекше үлес қосып жүрген тіл жанашыры да кем емес. Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынуы қуантатын жағдай. М.Әуезов айтқандай «Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды» демекші, аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз ол – тіл. Мемлекеттік тіл – сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» – деген болатын, алдағы уақытта қазақ тілінің мәртебесі артады деп сенемін.
А. АБИРОВА,
Энергетический ауылдық округінің бас маманы