ОНКҮНДІК ОЙДАҒЫДАЙ ӨТТІ
Мұғалім үшін әрбір күнде өткізілетін сабағы – жаңа бір белесті басып өткендей, маңызды. Әр сабағын терең ізденіспен, жан-жақты дайындықпен өткізу – ол ұстаздың шеберлігін ғана арттырып қоймайды, сондай-ақ, сабақтың қызықты өтуіне, оқушылардың жаңа тақырыпты түсініп, белсенді қатысуына өзіндік оң ықпалын тигізеді. Десек те, пән бірлестігінің онкүндігін өткізу мұғалімдердің ерекше сыналатын сәті екенін білім саласында жүргендер жақсы түсінеді.
Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектепте 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бірлестігінің онкүндігі онлайн форматта өтті. Онкүндік барысында мемлекеттік тілді насихаттауға арналған көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, пән мұғалімдері Т. Айнабекова, А. Дәулеткелді, Ж. Исперовалар білім саласындағы түрлі платформаларды қолдана отырып ашық сабақ өтті. Ал, Ш. Султанбекова 9-сынып оқушыларымен Зум платформасы арқылы «Тіл білгірі» атты сайыс өткізді. Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Бұл сайыста оқушылар тек білімділігімен қатар қазақ халқының салт-дәстүрінен, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық мәселелер төңірегінде қаншалықты білгір екендіктерін танытты. Ақтық сайысқа шыққан екі оқушы өзара «Пікірталас» алаңында бақтарын сынады. Пікірталаста сөз орамдарын қолдануы мен өз ойларын еркін жеткізе білулері, берілген уақытты қызыл сөзбен кетірмей тиімді пайдалана білулері сынға түсті.
Онкүндік – пән мұғалімдерінің барын ортаға салар кезі. Онкүндік аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М. Турбаева «Ана тілі –ұлттық құндылығымыз» атты әдеби оқу өткізді. Әдеби оқуда шәкірттеріміз ақындардың тіл туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, ғұламалардың тіл туралы айтқан нақыл сөздерін де жатқа айтты. Сондай-ақ, Б.Кәрім, А. Оспанова, Ж. Садыкова, О. Әбдіхамиттер де онкүндікке белсене қатысып, оқушылардың жүрегіне қазақ тілі туралы асыл сөздің нәрін құйып, мемлекеттік тілге құрметпен қарауға, қазақ тілінің мәйекті, құнарымен сусындату мақсатында «Ана тілім – айбыным», «Ана тілім – туған тілім, өз тілім», «Әдебиет сабағындағы күз» атты мәдени-танымдық шара ұйымдастырды. Ал, Зауренбекова Шынар аудандық телеэссе жобасына өз туындысын ұсынды.
Онкүндіктің шырайын келтіріп, мәнін ашқан, күнделікті күйбең тіршіліктен бір серпілтіп, рухани азық сыйлаған, ұстаздар мен шәкірттер үшін ерекше есте қалар сәт – Саят Қамшыгермен кадет сыныптарының оқушылары арасында өткен онлайн кездесу. Кездесуді әдістемелік бірлестік жетекшісі А. Оспанова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері А. Ержанов, Г. Райханова, А.Кадирбаева және У. Дуйсебаева ұйымдастырды.
Зум бағдарламасымен өткізілген ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгер ағамызбен «Мен сүйемін тәуелсіз ғасырымды» атты онлайн форматта өткізілген кездесуді мектеп директоры Зохида Төреходжаева ашып, ақынның шығармашылығымен кеңінен таныс екендігін, ғаламтордан, әлеуметтік желілерде жарық көрген өлеңдері мен аудармаларын тұрақты оқып тұратынын айта келіп, кездесу қонағына шығармашылық табыс тіледі.
Шара барысында оқушылар ақын ағаларының лирикалық өлеңдерін жатқа оқып, Саят Қамшыгердің аудармасымен қазақ тілінде жарық көрген башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың «Көше балалары» хикаяты бойынша өздерін толғандырған түрлі сұрақтарды қойды. Сонымен қатар, Саяттың поэзияға келуі, ақындық жолды таңдауы, журналистік мамандықтың қызығы мен қиындығы туралы да сөз болып, ақын өз шығармашылығы жайлы кеңінен толғап сөз сөйледі. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көше балалары» хикаяты қазіргі қоғамдағы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың аянышты тағдыры баяндалған шығарма болғандықтан, башқұрт еліндегі балалар мен Қазақстандағы балалардың тұрмысын салыстыра айтып, көйлегі көк, уайымы жоқ боп бейбіт өмір сүріп жүрген біздің балалар бақытты екендіктеріне көз жеткізді.
Кездесуде мектебіміздің жас ақындары 6 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының оқушылары Ануарбек Диар, Тұрғанжанұлы Шыңғыс, 7 «А» «Жас полиция» кадет сыныбының оқушысы Жарқын Айым, 5 «А» «Жас өрт сөндіруші» кадет сыныбының оқушысы Адалқызы Мадина тіл туралы жүрекжарды туындыларын оқып, киелі топырақ, шырайлы Шығыста, Абайдай ғұламаның елінде дүниеге келгендіктен, жыр саумалына қанып өскен әрі ақын, әрі журналист ағаның алдында өлеңдерінің тұсауын кестіріп, жыр аламанына бет бұрды. Өз кезегінде ақын ағамыз да жалынды жырларын оқып, оқушыларымыздың сұрақтарына жауап беріп, жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, парасаттылыққа шақыратын өне-гелі әңгімелерін айтып, шәкірттеріміздің жүрек көзін аша білді.
Онкүндік аясында оқушыларымыз қашықтан білім беру үрдісіне қарамай, рухани азықпен сусындап, таным-түсінігін кеңейте алды. Алайда, мұндай игі істер онкүндікпен шектеліп қалмай, еліміздің болашағы, ұлтымыздың келешегі жас ұрпақты ана тілінің нәрімен сусындатып, қайнарынан қанып ішуге жетекші болатын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері өздерінің ұстаздық қызметін адалдықпен атқарып, алдағы уақытта да танымдық, тағылымы мол іс шараларды ұйымдастыратын болады.
Алмат ЕРЖАНОВ,
№7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі