Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғам

ЖАҢА МЕКТЕП ЕЛ ИГІЛІГІНДЕ

Биыл Алматы облысы бойынша 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Індеттің еліміздің кез келген саласына іркіліс алып келгені белгілі. Сонда да білім саласына деген үкіметтің берері мол. Үш ауысымды мектептерді  жою бойынша аталған жаңадан салынып жатқан мектептердің біреуі осы  Іле ауданының М.Түймебаев ауылында бой көтеріп, 2020-2021 оқу  жылында қолданысқа берілді. Бұған дейін Ащыбұлақ ауылдық округінің  М.Түймебаев ауылындағы киелі шаңырақ — №19 орта мектептің оқушылары ыңғайластырылған ғимаратта үш  ауысымда білім алып келді. Аталмыш білім ордасының іргетасы 1956 жылы қаланып, білім ордасы ретінде өз жұмысын 1960 жылдан бері жүргізіп келеді. Бүгінгі күні 60 жылдық тарихы бар мектептің жетістіктерін бір бетке сыйғызу мүмкін емес.  Қазіргі таңда қаншама «Алтын белгі» иегерлері мен әлемге танымал спортшыларды, атақты журналистер мен еліміздің экономикасын дамытуға өз үлестерін аянбай қосып жүрген белгілі маман иелерін шығарған, талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып отырған білім ордасын Бейсенбаева Маржан Жұмабекқызы басқарып отыр. 2016 жылдың мамыр айында қайта күрделі жөндеуден өткен бұл мектепте бала саны күннен-күнге арта түсті. Соңғы үш жылда сырттан көшіп келушілер мен қоныс аударушылар салдарынан бала саны күрт өсті. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының саны 1443-ке жетті. Осыған орай 3 ауысымдылықты жою мақсатында  мемлекетіміздің қолдауымен 300 балаға арналған жапсаржайдың құрылыс жұмыс-тары 2019 жылдың қыркүйек айынан басталып кеткен болатын. Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізіліп, бекітілген жоспармен белгіленген мерзімде сәтті аяқталды. Мектеп жапсаржайы заманауи жабдықтармен қамтылған ағылшын, химия, физика және информатика кабинеттерімен қатар, ұлдар мен қыздарға арналған еңбек пәні кабинеттері, спорт зал мен асхана да кеңінен, заманға сай қарастырылған. Сонымен қатар ұстаздарға арналған мәжіліс залы да бар. Бұл залда кез-келген іс-шараларды өткізу үшін ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Мектеп директоры Маржан Жұмабекқызы: «Біз жаңа оқу жылын өте жақсы дайындықпен бастадық.  Қазіргі елімізде жүріп жатқан пандемияның кесірінен балаларымыз жаңа оқу ғимаратында оқи алмай жатқаны жанымызға батып жүр. Бірақ біз қол қусырып қарап отырмай. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ұстаздарымыз бен ата-аналар көмек қолдарын ұсынып, 7 ноутбук, 15 планшет, модем роутерлер, 2 балаға мектеп формалары, 52 балаға оқуға қажетті құрал жабықтар алып таратты. Ең бастысы, шәкірттің білім алуына ешқандай кедергі болмауы керек қой. Әсем ғимаратты салып берген үкіметімізге алғысым шексіз. Ел іргесі аман болсын! Дарынды шәкірттеріміз көп болсын!» — деді.

Жаңа ғимаратта одан бөлек кітапхана мен оқушылардың денсаулығын тексеретін дәрігерлік пункт те бар. Сондай-ақ әлемде болып жатқан ахуал да ғимараттың салынуына еш әсерін тигізбеді. Пандемия кезеңінде карантин жарияланып, оқшаулану болып жатқанда мектеп ғимаратын сапалы түрде салып беріп, уақытылы пайдалануға табыстағаны үшін «РЕМБУС»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне  және осы компанияның директоры Е.Бейсенов мырзаға мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары шексіз алғыстарын  білдіруде.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button